• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2014

Алтын діңгек

1174 рет
көрсетілді

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Жамбыл облысы бойынша жеңімпаздары

Үш ұлы да әке жолын қуды

Ережеповтер отбасы байқаудың бірінші жүлдесіне ие болды

«Отан отбасынан басталады» деген, еліміздің өсіп-өркендеуіне Отанымыздағы үлгілі отбасылардың қосып отырған үлесі орасан зор. Сондай өнегелі отбасының бірі – Тараз қаласындағы Ережеповтер отбасы. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді дана қазақ. Аталы сөзде айшықталғандай, біз де бүгін мерейлі отбасының жарасымды тұрмысы, өнегелі өрісі туралы сөз қозғамақпыз. Отағасы Толыбай Ереже­­­пов өрт сөндіру саласының ардагері. 1962 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шақпақ баба ауылында өмірге келген ол небәрі екі жасында әкеден айырылыпты. Тағдыр тауқыметі анасы үшін оңайға соқпады. Екі ұл, бір қызымен қалған аяулы ана Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы төркініне келіп, паналайды. – Әскер қатарынан оралған соң тұр­мыстық жағдайға байланысты еңбекке араласуыма тура келді. Тараз қаласына келіп, былғары өңдеу комбинатына жұмысқа орналастым. Мұнда небәрі 7-8 ай жұмыс істедім. Сонда да болса кәсіпорындағы комсомол комитеті менің еңбегімді бағалап, ішкі істер қызметіне жолдама берді, – дейді Толыбай аға өткен күндерді ой елегінен өткізіп. Міне, осы жолдама оның өмірдегі жолын ашқандай әсер қалдырды. Бұл 1983 жыл болатын. Осылайша жалындап тұрған жас жігіттің ішкі істер қызметінің өрт сөн­­­діру саласындағы еңбек жолы басталып та кетті. «Дарақ бір жерден көгереді» дейді халық даналығы. Толыбай да Тараз қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше бастығы лауазымында 24 жыл бойы табан аудармай қызмет атқарды. Өртке қарсы қызмет саласындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты аталып өтті де. І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталуы осы сөзіміздің бір ғана дәлелі. Үлкен еңбек жолынан өткен аяулы жары Раушан екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, рахатын көруде. Әріптестері құрмет тұтқан Толыбай өз ұлдарын жас­тайынан қатаң тәртіп пен батылдыққа баулып, бірінші кезекте ел қамын, мемлекет тұтастығын ойлайтын өжет те ержүрек азамат болуға шыңдады. Ер жете келе ат жалын тартқан ұлдары Ілияс пен Елжан әкенің жарқын жолын қуып, еліне қорған болар әскери қызметті таңдады. Қазір тұңғыштары Ілияс Талас ауданы, Қаратау қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл басшысы қызметін абыроймен атқаруда. Екінші ұл Елжан болса қалалық «Өрт сөндіру және азаматтық қорғаныс» мекемесінде бас маман. Мектепте оқитын кенжелері Жанболат болса жақында ғана өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 103 балл жинап, әкесінің және ағаларының жолымен Көкшетау техникалық институтына құжат тапсыруға дайындалуда. Ол да әскери салада еңбек етуге белді бекем буып отыр. «Әке көрген оқ жонар» деген осы болса керек! Тараз.

Өнер қонған шаңырақ

Малдыбаевтар әулеті екінші орынды еншіледі

Күй өнерінің сиқырлы иірімдерін халқымыздың бойына сіңіріп жүрген азаматтардың бірі, дәулескер күйші, жамбылдық Аман Малдыбаевтың есімі жұртқа жақсы таныс. Қара домбыраны серік еткен А. Малдыбаев алғашында Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімінде оқып, кейін Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде білімін шыңдайды. Онда ол халық аспаптары бөлімінде дәріс алып, екі жылдық дайындықтан соң, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптары бөліміне қабылданады. Дәл осы білім ордасында ол көптеген белгілі азаматтардың шәкірті атанды. Білікті ұстаздардан тәлім алып, Алланың бойына дарытқан таланты мен таудай талабын еңбекпен ұштастырған Аман Шоңбайұлы 1989 жылы «Әулиеата өрендері» атты фольклорлық ансамблін, 1991 жылы ТарМУ-де «Шежіре» фольклорлық ансамблін ұйымдастырып, оған жетекшілік етуді өз мойнына алды. Қаншама жасты тәрбиелеп, ұлттық өнер­мен сусындауына септігін тигізіп отыр. Шәкірттерінің арасында бүгінгі Қазақстан эстрадасының жұлдызы, таны­мал әнші Досымжан Таңатаров та бар. Соны­мен қатар, өз інісі – Президенттік ансамбл­дің және «Белес» тобының жетек­шісі, Мем­лекеттік «Дарын» жастар сыйлы­­ғының лауреаты Мадияр Малдыбаев, респуб­­­лика­лық конкурстардың лауреаты Дана Маханбаева, Нұрлыбек Қадырбергеновтер де дәулескер күйшіден тәлім алған. Аман Малдыбаевтың қазақ музыка­сының «Алтын қорына» енген «Көне Тараз» күйі саздылығымен, әуенімен, терең мазмұнымен ерекшеленеді. Бұл шығарма киелі Әулиеата топырағының сан ғасырлық тарихын, келбетін, түр-тұлғасын, құдіреттілігі мен қасиетін бір арнаға тоғыстырғандай. Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаевтың аталған туындыға оң бағасын беруі де бекер емес шығар. Ұлттық өнерді ұлықтауды өмірі­нің мақсатына айналдырған Аман Малдыбаев «Құрмет Белгісі» орденінің және «Мәде­ниет қайраткері» медальдарын енші­леген. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Ата жолын қумаса, барынан жоғы игі» демей ме қазақ? Аман Малдыбаев зайыбы Салтанат Қосаевамен бірге тәрбиелеп өсірген Әлібек, Рүстем, Қазыбек есімді ұлдары да өнердің бел ортасында жүр. Тұңғыштары Әлібек халықаралық "Азия дауысы" фестивалінің дипломанты, бүгінде Жамбыл облыстық филармониясының солист-саксофоншысы. Ал, домбырашы Рүстем Тараз мемлекеттік педагогикалық инс­титутының студенті. Жас болса да, бағындырған белесі көп. Кенже ұлдары Қазыбек қобыздың құлағында ойнайды. Ол халықаралық «Жез киік» жас қобызшылар байқауының лауреаты, республикалық жас орындаушылар байқауының ІІ орын иегері, сондай-ақ, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Қазыбек Әбенов атындағы арнайы жүлдесінің иегері. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алуда. Иә, бір ғана отбасында сазгер де, күйші де, домбырашы да, қобызшы да, саксофоншы да, актер де бар. Бұл қара шаңырақ – нақ ұлттық өнердің орталығындай. Ал, оларды әлпештеп өсірген аналары Салтанат Қосаеваның еңбегі өлшеусіз. Перзенттерінің бойындағы талант әке қанымен, ана сүтімен дарыған болар, бәлкім... Отанасы да өнерге бір табан жақын. Олай дейтініміз, қазіргі таңда ол Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жемісті еңбек етіп жүр. Әсілі, ата-ана үшін балаларының жақсы азамат болып өсіп, халқының ұлына айналғанын көруден асқан бақыт жоқ шығар?! Тараз.

Ата-анасының сенімін ақтауды армандайды

Загребельныйлар әулеті жүлделі үшінші орынға қол жеткізді

Олар отбасында үшеу ғана. Әке, ана және бала. Бүгінде бұл шаңырақ отбасы құндылығын сақтап әспеттеудің, білімнің һәм қай кәсіптің де адалдық, еңбекқорлық танытылған жерде берері молдығына көз жеткізудің де үлгісіндей. Әр шаңырақтың осылай толық­қанды, мінсіз қалып­­­тасып, дамуы еліміздің аза­­­маттық әлеуеті, сапалық құрамы нығая түсуіне септеседі емес пе?! Загребельныйлардың отба­сын­дағы үш бірдей жанның өзде­рінің арасында орныққан интеллектуалдық бәсекелестік үздіксіз өрбіп, өрістеумен келе жатқан секілді көрінеді. Мысалы, отанасы Надежда Алимовна қоғамда қандай қырынан таныла алды деп ойлайсыз! Ол Тараз қаласындағы «Оқымысты үкі» жекеменшік мектебінде қолданбалы өнер пәнінен сабақ береді. Қол­данбалы өнер тарихы туралы «Ата мұра» баспасынан жарық көрген бірнеше оқулықтың авторы. Ол өзінің сүйікті кәсібінің қыр-сыры жө­нінде бұл еңбектерінде толғана сыр шертеді. Ең бастысы, ол отбасы ұйытқысы, жанашыр тұлға, отағасын да, бала Богданды да тың істерге жігерлендіріп, де­меген мінезі жайлы, жан дүние­сі сұлу асыл жар, ардақты ана. Ал, биыл алпыстың ас­қа­­рына шық­қан отағасы Александр Пав­ловичтің есімі көпшілік қауымға жазушы, аудармашы ретінде жақсы танымал. Алматыдағы шет тілдері институтын және оның аспирантурасын көркем аудар­ма теориясы бойынша бітір­геннен бастап, әр жылдарда елі­мізде шығатын «Қазіргі заман­ғы­ білім» және «Petroleum» жур­­налдарының, ресейлік «Жур­­налист» журналының Қазақстан мен Орталық Азия­дағы арнаулы тілшісі, «Жасыл қозғалыс» әлеуметтік эко­логиялық орта­лығының төр­ағасы қызметтерін атқар­ған. Жиырма жылға жуық уақыт бойы шетелдік және қазақ­стан­дық мұнай компания­ла­рын­да техникалық аудармашы қызметін атқарған. Қазіргі таң­да Zhanros Drilling ЖШС «Жай­ра» компаниясының БАҚ және көпшілікпен байланыс жөніндегі бөлімінің директоры. Ал, бүгінде Мәскеу мем­лекет­­­­­­тік университетінің химия фа­куль­тетінде білімін жетілдіріп жат­қан бала Бог­­дан­ның бұған дейін қол жеткіз­ген жетістіктері өз алдына бір әлем. Оның дүние­жүзілік дең­гейде танылуы 2007 жылы Ва­шингтонда өткен балалар шығар­машылығы олимпиадасында жеңімпаздық тұғырға көтерілуінен басталды. Ол кезде Богданыңыз бар-жоғы он-ақ жаста болатын. Қыл қаламды серік еткен бала бұдан кейін де облыстық, республикалық сурет байқауларында жылма жыл дерлік алдыңғы орыннан көрінді де отырды. Елімізде ЮНЕСКО жобасы аясында өткен «Балалар әлемді бейнелейді», халықаралық «Алтын жабағы», «Әлем балалар көзімен» балалар суреттері байқауларының да әлденеше рет бас жеңімпазы атанды. Задында сурет өнерінің жаратылыстану ғылымымен беймәлім бір байланысы бар-ау. Богданның балалық шағын суретшілік, қолданбалы өнер саласындағы ізденістермен бас­тап, болашағын химия ғылы­мымен біржола байланысты­руы кім-кімді болсын таңдан­дыр­май қоймайды. Былтыр Тараз қа­ласындағы № 1 гимназия қабыр­ғасынан түлеп ұшқан Бог­дан Заг­ребельный бар-жоғы он алты жасында Мәскеу мемлекеттік университетінде оқу мүмкіндігіне де ие болды. Бүгінде оқу үздігі. Тараз.

Қазақтың әр үйі басқаларға үлгі болуы тиіс

Тастүлековтер отбасы байқауда жүлделі үшінші орынды иеленді

Сәбит атай мен Орынбасар апайдың бірге өмір сүріп келе жатқанына 59 жыл. 4 ұл, 2 қыз дүниеге әкелген Орынбасар апай – Батыр ана. Көп жылғы ғұмырын ұстаздық еңбекке арнаған жан. Ал, отағасы Сәбит ақсақал ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек етті. Екеуі де бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған бақытты жандар. Балаларының барлығы ержетіп, өздері де үлкен шаңырақтың иесі болып отыр. Шаңырақтың тұңғышы – Бахытжан Алматы қаласында тұрады. Қазіргі таңда «Ғылым» баспасының директоры. Ал, оның зайыбы Сәуле болса, «Тұран» университетінің доценті. Екінші ұлы Мұратжан нарколог, сарапшы. Оның зайыбы Сәуле Табаева ауруханада медбике. Қыздың үлкені Клара – аудандық емдеу мекемесі терапия бөлі­мінің меңгерушісі. Үшінші ұлы Қайрат Астанада тұрады. «Қазақ Ұлттық Темір ­жолы Вагон Сервис» акционерлік қоғамында еңбек етуде. Екінші қызы Гүлнар ғылым жолын таңдаған. Техника ғылым­дарының кандидаты, экономика ғылымында Пей-Джи докторы. Отбасының кенжесі Нұржан мен келіні Сымбат үлкен шаңырақта ата анасымен бірге тұрады. Нұржан жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Зайыбы Сымбат «Қазақ Ұлттық Темір жол» компаниясының Шу жабдықтау дистансасында жетекші бухгалтер қызметін атқаруда. Біз Орынбасар апайдан «ұл мен қызды инабатты етіп өсірудің сыры неде?» деп сұрағанымызда: «Ата-ана ең алдымен өздері отбасында ұл мен қызға үлгі болуы керек. Ол үшін өздері адалдық, төзімділік, еңбекқорлықты отбастарының өмірлік тірегі ете білуі қажет. Отбасылық қатынастар бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, ол үлкен мектеп. Соны отанасы да, отағасы да жетік меңгеруі тиіс. Сонда ғана сен ұрпағыңмен мақтана­тын, олардың әрбір ісіне, жетістігіне шаттана алатын дәрежеге жетесің», деді. «Отбасыдағы әкенің рөлі қандай?» Біз бұл сауалды отағасына қойдық. – Отбасыдағы әкенің рөлі айрықша. Әке асқар тау ретінде балаға өзгеше тәрбие береді. Мұны мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Әке керек кезінде баламен бала болып, ақылын айтар кезде айтып, қаталдық танытатын жерде қатал болып тәрбиені үлкен іскерлікпен баланың бойына сіңіруі керек, – деді әңгімесін өзгеге ой салатын осындай орамдармен түйіндеген Сәбит ағамыз. Мәуелі бәйтеректей отбасында бүгінде береке мен бірлік, ынтымақ пен ырыс өз жарасымын тапқан. Шу ауданы.

Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің

Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Оралхан ДӘУІТ.