• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Мереке 22 Наурыз, 2023

БҰҰ Наурызы: Әлемді үйлестіретін мейрам

353 рет
көрсетілді

Шығыс және түркі халықтарының жаңа жыл басы – Наурыз мейрамын тойлайтын адам қарасы жылдан-жылға көбейіп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл бұл мерекені әлемде 300 миллион адам атап өтіп жатыр. Өйткені Наурыз бейбітшілік, теңдік, құқық секілді адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттап, әлем халқын бір болуға шақырады. БҰҰ штаб-пәтерінде Наурыз мерекесі кеңінен тойланды.

Күн мен түн теңелер, айнала жаңа­рып, гүлденер шақтың, жақсы амал­дар­ға бастау болған Наурыз мейрамының ерекшелігін БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш құттықтау сөзінде ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде жаһан жұрты бұрын-соңды болмаған сынның алдында тұрғанын, әлем түрлі қақтығыс, климаттың өзгеруі, жаһандық өмір сүру құнының артуы сияқты өзекті мәселе­ле­рімен бетпе-бет келіп отырғанын да айтып өтті.

Салтанатты іс-шарада БҰҰ жанын­дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин де мазмұнды баяндама жасап, барлық халықты жыл басымен құт­тықтады.

«1926 жылдан бастап 60 жылдан астам уақыт бұл мерекені тойлауға Қа­зақ­станда тыйым салынды. Тек 1988 жылы ғана Наурыз қайта жанда­нып, рухани және қасиетті мәніне ие болды. Бүгін біз Наурыз мерекесін той­лай отырып, оның маңыздылығын бұрын­ғыдан да көбірек еске түсіреміз. Бұл жаңарудың, бірлік пен келісімнің маңыз­дылығын еске салады», деді Ақан Рахметуллин.

Ұйымның Штаб-пәтерінде Наурызды тойлау кездейсоқ емес. Себебі бұл мереке 2009 жылдың 30 қыркүйегінен бас­тап ЮНЕСКО-ның адамзаттың мате­риалдық емес мәдени мұрасының тізі­міне енгізілді. Ал 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мүшелері Наурыз мей­рамын халықаралық күн ретінде жариялады. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық наурыз күні» деп аталатын қарар қабылдаған еді. Онда мерекеге «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кав­казда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр» деген түсініктеме берілген. Тарихы тереңге кеткен көп ұлыстың ұлы күнін ресми түрде мерекелеуге Кеңес өкіметі тыйым салса да, Алаш арыстары оны естен шығармауға тырыс­ты. Мәселен, Тұрар Рысқұлов 1920 жылы Түркістан Республикасы орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғанда, «Түркістан Республикасындағы түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау» және Наурызды мемлекеттік мерекеге – демалыс күніне айналдыру туралы бастама көтеріп, арнайы бұйрық шығарған. Оны тарихи дерекнама құ­жаттар дәлелдейді.

Іс-шарада Орталық Азия елдерінің халықтары Наурызды қалай атап өтетіні туралы БҰҰ жанындағы Түрікмен­стан­ның тұрақты өкілі Ақсолтан Атаева айтып берді.

«Бала кезімнен қонақтарға есіктер айқара ашылып, ең әдемі киім киіп, музыка, әндер шырқалатыны есімде. Наурыз тойы неғұрлым көңілді өтсе, жыл соғұрлым жақсылыққа толы болады. Сондықтан мен баршаңызды Наурыз мерекесімен, осы тамаша көктем күнімен құттықтаймын және әрқайсыңызға бей­біт­шілік, бақыт, жарық және үйге жақ­сылық тілеймін», деді А.Атаева.

Салтанатты іс-шара кезінде Наурыз мерекесі дәстүрлі болып табылатын БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері көктем мерекесі мен олардың елдеріндегі жаңарулар қалай атап өтілетіні туралы айтып берді.

«Наурыз келгенде біз кішкентай балалар сияқты оттан секіретін едік. Бұл біз үшін басты қуаныш болды. Барлық туған-туыстарымыздың бір дастарқан басында жиналатыны есімде. Әйелдер дәмді баклава, шекер-боракс дайындайды. Мұндай ас әр үйдің дастарқанында тұрады. Әрине, біз балалар бұл мерекенің аяқталмауын тілейтін едік», деді БҰҰ жанындағы Әзербайжанның тұрақты өкілі Яшар Әлиев.

Негізі Біріккен Ұлттар Ұйымында Наурыз мейрамын атап өтуді бірқатар ел жыл сайын мерекелік іс-шара өткізуді қолға алып, ұйымдастырып отырады. Мәселен, өткен жылдары Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің мұрындық болуымен және түрлі мемлекеттердің елшілері мен өкілдерінің қатысуымен Халықаралық Наурыз мерекесі аталып өтті. Наурыз күніне арналған мерекелік іс-шараға ИИР, Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Ирак, Қазақстан, Тәжікстан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің өкілдері қатысқан. Осы мерекелік жиын­­да сол кездегі БҰҰ-ның Венадағы кең­­сесінің бас хатшысы Юрий Федотов тарихи мерекенің халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты кеңейтудегі маңыздылығын айта отырып, бұл күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы тарапынан Халықаралық Наурыз күні деп атаудың тарихын баяндайды. Осыны ескерген және Наурыз мейрамының ерекшелігіне тәнті болған БҰҰ жыл сайын штаб-пәтерінде кеңінен атап өтуге ден қойып келеді.