Биылғы парламенттік сайлау шын мәнінде тарихта айрықша таңбаланып қалатын айшықты оқиға болды. Бұл демократиялық даму жолындағы биік белестердің бірі. Оның нәтижесінде енді Парламент Мәжілісінде бірден 6 партия халыққа қызмет еткелі тұр.
Қазақстан тарихында заң шығарушы билікке ешқашан осынша көп саяси партия өтіп көрмепті. Бұл мемлекеттік мұратты, берекелі бірлікті, елдік құндылықтарды ту еткен текті халқымыздың тағылымды таңдауының арқасы.
Осы өткен сайлауды тәуелсіздігіміздің отыз бір жылында пропорционалды-мажоритарлы жүйенің қалпына келтірілуімен өткен ең бір тартысты да мазмұнды дода болды деп айтуға болады. Дана бабаларымыз ұрпағына: «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген өсиет сөзін қалдырды. Өсер елдің өршіл ұландары айтатын өнегелі сөз ғана халықтың жүрегіне жетеді. Әрине, кез келген доданы дауға ұластыруға болады. Бірақ халықтың қамы, елдік жайы «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген аталы сөзді, қасиетті қазақы қағиданы қазық еткен қадамдарды қажет етеді. Әйтпесе, дау-дамайға елігіп, жанжалға желігіп, ақыры қарулы қақтығыстардан, қантөгістерден көз аша алмай қалған, өркениет пен өрлеу жолында ілгері баса алмай, тоқырау шыңырауына құлап жатқан адуынды жұрттар жаһанда аз ба?! Алысқа бармай-ақ, қаралы Қаңтар оқиғасының өзі қазақ еліне қаншама қасірет шектіріп, жүрекке жазылмас жара салғанын айтсақ та жеткілікті болар.
Сондықтан ең алдымен осынау елеулі оқиғаны бастан өткеріп, ғаламат сынақтан өткен көпұлтты Қазақстан халқын ықпалды Парламент жасау жолында сәтті өткізген алғашқы қадамымен құттықтап қойғым келеді. Себебі Қазақстандағы бұл жолғы парламенттік аламан аса ауыр әлемдік геосаяси ахуалда өтті. Мұны, тіпті, 1962 жылы бүкіл әлем ядролық соғыс қаупінің аз алдында тұрған Кариб дағдарысынан да ауыр жағдай деуге болады. ТМД кеңістігін соғыс өрті жайлады, ұжымдық Батыс пен Ресей арасында санкциялық соғыс адамзат тарихында теңдесі жоқ деңгейге дейін ушықты. Халықаралық сарапшылар ертең осы «өркениеттер шиеленісіне» Қытай қосылса, ғасыр бойы түзілген әлемдік тәртіп пен тұрақтылықтан сау-тамтық қалмай, әлемде әлемтапырық хаос орнайды деп үрейлі болжам жасады.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, бұған жаңа жаһандық экономикалық дағдарыс үстемеленді. Америкадай алпауыттың өзінде, Швейцариядай шалқыған бай елде алпауыт банктер банкрот болып жатыр. Қаншама мемлекеттің экономикасын алда терең күйзеліс пен күйреу күтіп тұруы ғажап емес.
Осы алмағайып шақта тізгінді тең ұстау, саяси жағдайды теңгерім мен тепе-теңдікке, тәртіп пен тұрақтылыққа келтіру, сөйтіп, атамекеніміздегі жүзден астам этносты қазақтың айналасында ұйыстыру, елді ілгері оздыру – халық пен биліктің өмірлік маңызды міндетіне айналып отыр.
Бұл ел басқарған азаматтардың қолынан келмесе немесе қоғам оған мүмкіндік бермесе, мемлекет тоз-тоз болып тоқырауы ықтимал. Қазақ пен қазақ билікке таласып, өзара қырқысқа түссе, жүзден аса ұлт жан-жаққа тарта жөнелсе, Қазақстанымыз жымысқы оймен жымып басқан сыртқы зәлім күштерге жем болуы мүмкін.
Ендеше, сайлау қорытындыларына суық қарап, сұлқ түспей, бұра тартып, шалт бұрылмай, Әбіш Кекілбай абыз айтқандай, «жұртымыз күтіп отырған бірліктің бәйгетөбесіне бірлесе ат байлап, қатар жүрген азаматтардың қадірін біліп, сол арқылы өз қадірімізді биікке көтеріп, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып», ел мерейін өсіре берген жөн.
Әділін айту керек, Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет іші мен ел сыртындағы аумалы-төкпелі, тар жол, тайғақ кешті ахуалды алға тартып, Қазақстанымыздың саяси жаңғыруын кері ысырған жоқ, солтүстік көршідей саясат саласын консервациялап тастаған жоқ. Әйтпесе, былтырғы наурыздағы Жолдауында айтқандай, ел Президентіне: «Асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұралық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болған. Олар: қазіргі ахуалды өз мүддемізге, билікті күшейтуға пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар дескен. Бірақ Қ.Тоқаев төл демократиялық ұстанымында табандап, түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенді. Әйтпесе, тоқырау тұйығынан шыға алмаған қаншама мемлекет тарих қойнауына кетті.
Сондықтан бұл ретте Мемлекет басшысы сөзінде тұрды деп нақты айта аламыз, ол саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көшті. Түрлі салада ауқымды өзгерістерді бастады. Ел мүддесі, болашақ ұрпақтың игілігі үшін ізгі істер жасау – үлкен адамгершіліктің, дана басшылықтың нышаны.
Саяси бәсекемен ортақ мүддеге
Былтырғы жылы бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктердің басын қосып, президенттікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның құрылуына Қазақстан Халық партиясы мұрындық болған еді. Сол шараның заңды жалғасы ретінде биыл Тоқаевтың бәтуалы бастамалары арқасында әлемдегі аласапыран заманға қарамастан, әділетті парламенттік сайлау науқанын өткізуге қажетті алғышарттар түзілді.
Біріншіден, саяси монополияға, саяси үстемдікке тосқауыл қою, кез келген партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеу үшін ел Президенті Қ.Тоқаев былтыр «Аманат» партиясының төрағалығынан бас тартты. Сонымен бірге аймақ басшыларына да кез келген партияда лауазым иеленуіне тыйым салды. Халық референдумда құптап, Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан кейінгі президенттер де жетекші партияның тізгінін өз қолына ала алмайды.
Бұл президенттік бастама саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтайды.
Екіншіден, Қ.Тоқаевтың партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін бұрынғы 7%-дан 5%-ға төмендету бастамасы да елдегі саясатты жандандырды. Биылғы сайлау нәтижесінде 6,80% немесе 432 920 адамның дауысын жинаған біздің Қазақстан Халық партиясы қайтадан Парламентке енді. 5,20% немесе 331 058 адамның дауысын жинаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да тұңғыш рет парламенттік партиялар қатарынын табылды. Осының өзі елдегі саяси жаңғырулар барлық партияларға зор мүмкіндік жол ашқанын көрсетті. Десек те, Халық партиясының табанды істерімен өз басымдығын дәлелдеп, алдыңғы саптан көрінетін уақыты алда деп сенемін.
Үшіншіден, әділетті Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ел Президентінің тапсырмасымен, партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдеді. Енді жаңа партия құру үшін бұрынғыдан 4 есе аз, 20 мың емес, небары 5 мың мүше жинаса жеткілікті. Өңірлердегі филиалдарының өкіл саны 600-ден 200 адамға азайды. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға кеміді.
Осының арқасында сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге үлес қоса алатын жаңа партиялар пайда болуда. «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Respublica» кәсіпкерлер партиясы құрыла сала, бірден парламенттік аламанға түсті, бағы мен бабын қатар сынады. Сайлау қорытындысында «Байтақ» 2,30% немесе 146 431 адамның даусын жинап, артында қарақұрым халық тұрғанын паш етті. Ал сайлау құқығы бар 547 154 адам немесе 8,59%-ы жақтаған «Respublica» партиясы сайлаушыларының үміт жүгін арқалап, Парламентке өтті.
Келесі парламенттік додаларға бұдан да көп жаңа партия үміткерлерін сайлап қосады деген үміт бар.
«Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет» деген еді Мемлекет басшысы таяуда ғана. Яғни, 19 наурызда өткен Парламентке пропорционалды сайлауы нәтижесінде Қазақстан бұрынғы «бір кіндікті», бір саяси күштің монополиясына құрылған жүйеден бас тартып, көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға берік қадам басты. Демек, қазір Қазақстанда Президент көздеп отырған жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады.
Сырт көз – сыншы не дейді?
Қазақстандағы сайлау демократиялық ережелерге сай, заң аясында өтті. Сайлау құқығы бар әр қазақстандықтың өз ықтиярын ерікті білдіруіне, шетелдік байқаушылардың еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Шетелдік байқаушылар осындай ортақ пікірге келді. Өйткені әлемде сайлауды кезенген қару, күшейген қысым аясында көзбояу қылып өткізіп жүрген мемлекет жетерлік.
«Қазақстандағы Мәжіліс сайлауының қорытындылары бұл елдің заң шығарушы органы теңдесі жоқ көппартиялы болатынын паш етті: бұрын Парламентте болмаған партиялар да кіріп отыр. Осы сайлаудан кейін елде саясаттың жандануын күтуге болады. Бұл Қазақстан үшін жаңа шынайылық. Оны қазақтар бір жылдан аз уақыт ішінде жасап шыға алды», деп ресейлік жетекші «Коммeрсантъ» басылымы тамсана, тәнті бола жазды. Бұдан көрші ел сарапшыларының қазақ еліне қызыға, қызғана қарайтынын байқауға болады.
300-ден астам байқаушыдан тұратын ЕҚЫҰ миссиясы бұл дода Қазақстандағы саяси өмірдің жүзіне қан жүгірткенін мәлімдеді.
– Біз жаңа кандидаттардың саяси аренаға шығып, сайлауалды үгіт жұмыстарын белсенді жүргізгеніне куә болдық. Сайлауды өткізуге жауапты органдар жақсы дайындықпен келді. Әрине, біз белгілі бір оң өзгерістер барына көз жеткіздік. Дегенмен, алда жасалуға тиіс іс әлі де көп. Бұл қатып қалған қасаң дүние емес, үдемелі дами беретін процесс. Мұндай маңызды реформалар тез арада, бір күнде жүзеге аса алмайды. Оның үстіне бұл тек билік тарапынан ғана емес, сондай-ақ азаматтар тарапынан да шынайы күш салуды талап етеді, – деді ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау жөніндегі қысқа мерзімді миссиясының басшысы және арнайы үйлестірушісі Ирен Чараламбидес.
Ол саяси жаңғырулар аясында партиялардың өту табалдырығының төмендегенін, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігін халықтың тікелей сайлауына жол ашылғанын, өзін-өзі ұсынушы кандидаттарға жарысқа түсуге мүмкіндік берілгенін жетістік ретінде атап өтті.
И.Чараламбидестің айтуынша, жалпы алғанда, сайлау Қазақстанның саяси өмірін жандандырды, саяси бәсекенің артуына септесті.
«Төртеу түгел болса...» дегеннен шығады, Парламент сайлауына қатысты түбіміз бір, төркіндес түркі елдерінің де тоқтамы бір арнада тоғысты. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) байқаушылары миссиясының басшысы сайлауға жоғары баға берді, бұл науқан тәртіп аясында, ережелерге сай өткенін растады.
– Біздің миссия сайлау үдерісіне дайындық деңгейіне қанағаттанды және бұл сайлауды жоғары бағалайды. Бұған қоса біздің миссия парламенттік сайлауды ұйымдастыру бағытында қабылданған барлық шараға оңды бағасын береді. ТүркПА байқаушылар миссиясының байламынша, Қазақстандағы Парламент сайлау транспаренттілік, ашықтық, әділдік қағидаларына сәйкес өткізілді. Біз сайлау учаскелерінде дауыс беру барлық ережеге сай өткенін, ол ережелерді қатысушылардың білетінін анықтадық, – деді ТүркПА бақылаушылар миссиясының басшысы Реджеп Шекер.
Жалпы алғанда, бүкіл процесті 700-ден астам байқаушы қадағалаған. Оның 662-сін – халықаралық ұйымдар, қалғанын – 41 шет мемелекет жіберген. Шетелдік байқаушылардың қатысуы доданың ашықтығына, айқын болуына, әділ өтуіне біраз ықпал етті. Жатжұрттық мәртебелі меймандар жекелеген кем-кетікті байқағанын, бірақ тұтастай алғанда салмақты бұзушылықтарды тіркемегендерін, ал дауыс беру учаскелерінде заң нормалары сақталғанын атап өтті.
Қимылдамаған адамның өзі қателеседі. Бас прокуратура олқылықтың болмай қалмағанына назар аудартып, үгіт жұмыстары барысында сайлау заңнамасын өрескел бұзудың 40 фактісін тіркеп, адал емес бәсекелестікке жол берілгендігін анықтады. Бұл туралы қадағалау органының өкілі Азамат Сарғазин ресми мәлімдеді. Қоғам енді олар бойынша заң аясында қатаң шаралар қабылданғанын күтеді.
Бұған қоса, жекелеген кандидаттардың өз қарсыластарын конструктивті сынау орнына, ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге, тіпті ішкі және сыртқы тұрақтылықты шайқалтуға әрекеттенгендігі оңды болмады. Бұл демократияға жат, өркениетті елге жарамсыз тірлік қана емес, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайға алып келуі де мүмкін еді. Бұл ретте Мемлекет басшысының сөзін тағы да алға тартар едік. «Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ», деген болатын Президент.
Халықтың таңдауы – баршаға міндет
Қазақстанды озық демократиялы елге айналдырар берекелі жолда мемлекетіміздің жаңа межеге шыға алғанын білдіретін маңызды бір жайт бар. Мысалы, 2007 жылғы конституциялық реформаға сәйкес, Орталық Азияда тұңғыш рет Қазақстанда Парламент пропорционалды жүйе негізінде сайланды. Сол 2007 жылғы 18 тамыздағы парламенттік додаға 7 партия қатысты, алайда 7 пайыздық кедергіден тек «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы өте алды. Соның депутаттары Мәжілістегі партияларға бөлінген барлық депутаттық креслоны 100% жайлады.
2012 жылғы қаңтардағы сайлау қорытындысында «Нұр Отан» 80,99% дауыс пен мандатты иеленді. 2016 жылғы 20 наурыздағы сайлау нәтижесінде «Нұр Отанның» көрсеткіші 82,20%-ға өсті. Қ.Тоқаевтың саяси реформаларының басталуы арқасында 2021 жылғы 10 қаңтардағы парламенттік сайлауда «Нұр Отан» партиясы 71,09% мандатты ғана қанжығалады.
Бұл ретте айтарым, ұзақ уақыттан бері сайлаудың әділдігінен көңілі қалған еліміздегі 12 миллионнан астам сайлаушы электораттың биылғы науқанға тең жартысына жуығы қатыспағандығы көңіл қынжылтқаны рас. Шынын айтқанда біз, Қазақстан Халық партиясы, биылғы парламенттік сайлауда сайлаушылар қарасы басым болады деп күткенбіз. Солай бола тұра, 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлаудың прогрессивті қырын анық аңғардық. Яғни, саяси монополиямен күрес шараларының жеміс пен жетістік бере бастағаны айқындалды.
Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда парламенттік оппозиция институты қажет екендігін айтқанда оның бұл ұсынысына күмәнмен қарағандар қатары көп болған. Алайда бұл бастама да жүзеге аса бастады. Бұл ретте жаңа, VIII шақырылымдағы Парламентке халық қалап отырған оппозициялық партия мен жекелеген шынайы оппозиция өкілдері де еніп отыр. Бұл Парламенттегі пікір алуандығына орасан әсер ететіндігі сөзсіз.
Енді Парламентке өткен партияларға тоқталсам. Халық айтса, қалт айтпайды. Қазақстандықтардың қалауы қисынды, әрі заңды.
Мысалы, додада басымдық танытып, алдына қара салмай, 53,90% дауыспен Парламент мандатының басым санына ие болған «Аманат» партиясы қазақстандық саясаттың алыбы саналады. Бұл көркем тілмен айтқанда, саясаттың сүйегін шағып майын ішкен майталман мамандарды топтастыра алған тиімді саяси құрылым. Ол қолында қуатты ресурстар шоғырланған, еліміздің барлық өңірінде тамырдай тармақталған филиалдық желісі, сондай-ақ ірі кәсіпорындарда бастауыш ұйымдары бар ірі саяси күш.
«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының сайлаушылардың 10,90% даусын жиып, екінші тұғырға көтерілуі де біраз жайттан хабар береді. Бұл ұлтымыздың алтын бесігі, мықты темірқазығы, елдің асыраушысы саналатын ауыл тақырыбының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін паш етті. Ауыл, Атажұрт, Туған жер, Атамекен, Алтын бесік сияқты ұлтымыз үшін қасиетті ұғымдарды халқымыздың ары қарай ардақ тұтатынын көрсетті. Оның үстіне «Ауыл» партиясы 2021 жылғы парламенттік сайлауда 5,29% жинап, жеңіс тұғырына таяп келген. Бұл жолы өз қолдаушыларын барынша жұмылдыра алғаны аңғарылады.
8,59% дауыс көрсеткішімен үштікті тұйықтаған «Respublica» партиясы Парламентке жаңа леп әкеледі, оның жұмысына соны серпін береді деп күтілуде. Себебі, ол өзін кәсіпкерлердің, іскерлердің, жастардың партиясы деп дәріптейді. «Respublica»-ның ғаламат жеңісіне оның үгіт жұмыстарына заманауи ақпараттық технологияларды пәрменді пайдалана алуы да ықпал етті.
«Ақ жол» парламенттік партиясы сайлаушыларының 8,41%-ының құрмет-қошеметіне бөленді. Соңғы жылдары партияның өз қатарына ұлтжанды, патриот азаматтарды тартуға, ұлт құраушы қазақ халқының мүдделеріне басымдық беруге күш салуы өз жемісін берді.
Біздің Қазақстан Халық партиясы бұл жолғы сайлауда 6,80% көрсеткішке жетті. Бұл ретте айрықша атап өтерлігі – Халық партиясының сайлауалды бағдарламасындағы мақсаттары Президент Тоқаевтың әлеуметтік жауапты мемлекет құру жөніндегі ұстанып отырған бағытымен толығымен сәйкес келеді. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде өткізілген көптеген кездесулер мен пікір алмасулар халықтың әлеуметтік әділдікке зәру болып отырғандығын және Мемлекет басшысының ұстанған бағытының дұрыстығын көрсетті.
Сайлаушылардың 5,20%-ы таңдаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – саясат сахнасындағы арпалыстар мен тайталастардың ардагері саналады. Президенттік саяси жаңғыру арқасында ол тұңғыш рет заң шығарушы билікке кіруге қол жеткізіп отыр. Яғни, Қазақстанда оппозициялық қозғалыс қайта өрлей бастағандығы көрінеді.
Сонымен бірге социалистік идеология мен солшыл-орталық идеяларды ұстанатын Қазақстан Халық партиясы бағдарламасындағы әлеуметтік-демократиялық бағыттардан ЖСДП-мен ұқсастықтарды табуға болады. Бұл алдағы уақытта Парламент қабырғасында қос партияның депутаттық топ құрып, бірлесе жұмыс жүргізіп, игі жобаларды бірлесе жүзеге асыру мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді.
Сайлауда жеңіске жеткен барлық партияларды шын жүректен құттықтап, алдағы атқаратын жұмыстарына табыс тілей отырып, халық игілігі жолында күш біріктіретінімізге, ел талабының үдесінен шығатындығымызға сенім білдіремін. Өйткені сайлаудың да басты мақсаты – саяси мақсатта бәсекелесе отырып, елдік мүддеде ынтымақтасу.
Қорыта айтқанда, халық өз таңдауын жасады, баршасы, соның ішінде билік те соған мойынсұнады. Сайлау елдің ынтымағын айшықтап, бірлігін бүтіндеді. Енді жаңа Парламент мемлекет пен халықтың тұрмыс-тірлігін түгендеуге тиіс. Бұл жолда ендігі кезекте ықпалды Парламентте Халықтық Коалиция құра отырып, есеп беретін Үкіметке оң ықпал жасап, ортақ мақсатқа бірлесе қол жеткізудің маңызы зор деп есептеймін. Өйткені заң мен тәртіп үстемдік еткен елде тұрақтылық та, бақуатты өмір де болады. Сондықтан бірлесе тізе қоса отырып, жоқтықтың қанжығасына байланбай, барды бағалап, қазақы ұғымға салғанда, төбе би атанған ел тұлғаларының халыққа қызмет етуіне мүмкіндік берген, сол арқылы мемлекетіміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының жоғарылауына жол салған, келер күндерге кемел қадам жасаған орынды. Ұлттық мүдде мен ортақ парыз баршамыздан осыны талап етеді.
Жаңа Парламент абырой мен алғысқа бөлену үшін ұлтқа қалтқысыз еңбек етуге, елге қажетті, тиімді заңдарды қабылдауға, билік пен халық арасында батыл дәнекерлік рөлін адал атқаруға міндетті. Міне, сонда ғана Президентіміз жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құрылып, елімізді биік мұратқа бастайды.
Наиль САЙФУЛЛИН,
Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары