Түркияның Кахраманмараш провинциясы Гёксун ауданында бүгін, түнгі сағат 03:39-да жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолыға сілтеме жасап.
Табиғи апат және төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметінше, 4,7 магнитудалы жер сілкінісінің ошағы Кахраманмараш провинциясының Гёксун ауданында орналасқан. Жерасты дүмпуінің ошағы 7,34 км тереңдікте.
Еске салайық, Кахраманмарашта 21 наурызда - 4,1 қуатымен, 23 наурызда 4,3 және 5,3 магнитудасымен жер сілкінісі тіркелді.
Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында қуаты 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Тербеліс елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді.
Ақпан айында болған табиғи апаттан Түркияға келген шығын 105 млрд доллардан асты.
Соңғы ресми деректерге сәйкес, табиғи апат 50 096 адамның өмірін қиды. 107 204 адам зардап шекті. Сейсмикалық белсенділік Орта Азияда байқалып жатыр.