Биыл Атырау облысында 25 мектепті жаңартуға 800 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошевтің айтуынша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін 25 мектепті жаңарту көзделіп отыр.
«2021 жылы Атырау облысында қала мен аудан орталықтарындағы, ауылдардағы мектептерді қайта жаңғырту қолға алынды. Биыл облыста 25 мектепте қайта жаңғырту жұмысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 800 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары кезінде мектептер пәндік кабинеттермен, жиһазбен жарақтандырылып, кітапханалары мен асханалары жаңартылады. Білім ордалары қауіпсіздік жүйесімен қамтылып, оқушылардың инклюзивті білім алуына мүмкіндік жасалады. Бұл жұмыс оқушылар жазғы демалысқа шыққан кезде басталып, жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр», деп хабарлады Тілекқабыл Байдошев.
Оның айтуына қарағанда, Атырау қаласында орналасқан №32, Б.Нысанбаев, Қ.Смағұлов атындағы, Алмалы елді мекеніндегі, Жылыой ауданының №2, №23 мектептері жаңартылады. Сондай-ақ тізімде Индер ауданының К.Абақан, С.Сейфуллин, Жамбыл, Ж.Мырзағалиев атындағы, Исатай ауданының Новобогат, Жаңа Жанбай орта мектептері бар. Бұл санатқа Құрманғазы ауданында С.Мұқанов, Н.Имашев, Ю.Гагарин, Н.Манаев, З.Серікқали атындағы және Шортанбай орта мектептері енгізілген. Қызылқоға ауданындағы Б.Аманшин, Ш.Еркінов, Ы.Шөреков атындағы, Мақат ауданынан А.Құнанбаев, М.Баймұханов атындағы, Махамбет ауданының А.Байтұрсынов, Қарашаұлы атындағы орта мектептерде де жаңарту жұмысы жүргізіледі.
«Мектептерді қайта жаңғырту алдағы жылдары да жалғасын табады. Атырау облысында 2025 жылдың соңына дейін 128 мектепті жаңғырту жоспарланған», деп мәлімдеді Тілекқабыл Байдошев.