• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

589 рет
көрсетілді

2010 жылғы 28 мамырда Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану ту­ралы келісім-шартқа қол қой­ыл­ды. Келісім-шарт ратификациядан өткеннен кейін күшіне енеді. Осылайша, 2010 жылғы 1 шіл­де­ден бастап Қазақстан мен Ресей­дің арасында бірыңғай кедендік аумақты құруды, одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларды жоюды, жүктерді ке­дендік ресімдеуді алып тастауды қарастыратын, қатарында Кеден одағының Кеден кодексі де бар ке­лісім-шарт жұмыс істей бастайды. Бірыңғай кеден аумағы әзірше Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Беларусь өзінің дайындық деңгейіне қарай Кеден одағына қосылады деп болжануда. Соңғы екі апта бойы атқарыл­ған қауырт жұмыстың барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық келіспеушіліктер іс жүзінде жойы­лып, тиісті бәтуалар мен шешімдер та­былды. Қазақстан соңғы екі ап­тадағы келіссөздер барысында не нәрсеге қол жеткізді? Бірінші кезекте, бұдан былай Қазақстанның Кеден одағындағы кедендік-тарифтік реттеулерге жауапты ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясында тең дәрежеде орын алатынын атап өту қажет. Аталған органның барлық шешімдері, мысалы, үшінші елге қарсы қорғаныс шараларын енгізу бойынша ставкаларды өзгерту жө­нін­дегі және т.б. шешімдер тек консенсус арқылы ғана қабылда­нады. Ол бұрын белгіленген дауыстарды бөлу тәртібін жояды. Екіншіден, енгізілетін кедендік баж салықтарын бөлу нормативтері қайта қаралды – Қазақстанның үлесі бүкіл Кеден одағы бойынша жи­налатын баж салықтарының жалпы сомасының 7,69 %-ын құ­райды. Бұл мәселе математикалық қайта есептеу сипатына ие және бюджеттің кірісіне әсер етпейді. Үшіншіден, біздің еліміз үшін аза­маттарымыз жеңіл автомобиль­дерді әкелген кездегі кедендік баж салықтарының өте нәзік мәселе болып табылатыны белгілі. Күрделі келіссөздер нәтиже­сін­де біз Қазақстан үшін азаматта­ры­мызға, бұрын Қазақстанда күшінде болған режімнен де гөрі бей­та­рап­тау, жеңіл­дікті режімді қарасты­ра­тын алымдар енгізу жөнінде келі­сімге келдік. Бірақ біз бұл жерде жеңіл­дік­тер­ді автомобильдерді Ресей Феде­рациясының аумағында қайта сату мақсатында пайдалануға жол бер­мейтін шектеу енгізіп отырмыз. Оның сыртында, күнтізбелік бір жыл ішінде бір жеке тұлға екі немесе одан да көп автомобиль әке­летін болса, баж ставкалары жоғарылай түседі. Өтпелі кезең Бірыңғай эко­но­микалық кеңістік жөніндегі тиісті құжаттарға қол қойылғанға дейін, яғни 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады. Біздің кездесуіміздің тағы бір маңызды нәтижесі еркін эконо­ми­калық аймақтар үшін кедендік жеңілдіктер бойынша өтпелі кезең белгілеу болып табылады – біз жұ­мыс істеп тұрған жеңілдікті режім ЕЭА аумағында 2012 жылдың 1 қаң­тарына дейін тіркелген рези­денттер үшін 2017 жылға дейін күшінде болады деп келістік. Бастапқыда біздің әріптестеріміз ЕЭА баж салықтары бойынша же­ңілдіктерді алып тастау туралы ұсы­ныс білдірді, бірақ біздің ЕЭА-лар­дың инвестициялық тартым­ды­лы­ғын арттыру мақсатында біз ЕЭА-ға қатысушыларды Кеден одағы аумағына әкелу және жеткілікті өңдеу критерийлері сақталған жағ­дайда, сыртқа шығару кезінде кедендік баж салықтарынан босату жөніндегі өз ұстанымдарымызды қорғап қалдық. Бесіншіден, бізге ұшақтарға кедендік баж салықтары бойынша өтпелі кезең енгізу мәселесіндегі сеңді қозғаудың сәті түсті. Қазіргі уақытта Кеден одағында ұшақтарға оның құнының 20 %-ы мөлшеріндегі ставка қолданылады. Ресейдің авиациялық өнеркәсібі әзірге біздің тасымалдаушылары­мыз­ды қазіргі заманғы, жоғары клас­ты ұшақтармен, сапалы техни­калық қызметпен, үйлесімді қар­жылық жағдайлармен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біздің авиа­тасымалдаушылар үшін енгізіл­ген өнімге, алдағы келіссөздерде белгіленетін өтпелі кезең бойына нөлдік ставка белгілеу туралы прин­ципті уағдаластыққа қол жеткізілді. Осылайша, қол жеткізілген ке­лі­сімдердің нәтижесінде Қазақстан өзінің экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне – толық дайындалған, өз талаптары барынша ескерілген бірыңғай кеден аумағын құруға қадам жасап отыр. Енді біздің бизнестің алдында үлкен жұмыс тұр, Кеден одағының табыстылығы да оның іскерлік бел­сенділігінің деңгейіне байланысты болмақ. Ал біздерді, әріптестер, Мемлекет басшысының бұдан да ауқымды тапсырмасын орындау, яғни Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруды аяқтау жұмысы күтіп тұр. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.