Түркістан облысында әкіммен кездесулерде тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, ауыз су, жол салу, жайылым, жер құнарын жақсарту, медициналық қызмет, білім сапасын арттыру, үй салуға жер телімін беру, кәсіпкерлікке қолдау сынды мәселелер көтерілуде. Кешегі сайлау науқаны кезінде де үміткерлер жергілікті жерлердегі өзекті деген мәселелерді де қамтып, оның шешімін табуына ықпал етуге уәделерін беріп жатты. Негізі облыс, аудан, ауыл аумағындағы мәселелер заң шеңберінде және қаржылық мүмкіндікке қарай біртіндеп шешімін тауып келеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті биліктің ең басты мақсаты тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету екеніне тоқталды. «Былтыр Отырар ауданы Жосалы елді мекенінің тұрғындары Аққала елді мекеніне дейін жолдың нашар болуына байланысты қыс мезгілінде жолда жүру қиындықтар туындайтынын айтқан болатын. Бюджеттен қаржы қарастырылып, 5,3 шақырым жолға тас төселді. Тұрғындардың ұсынысы бойынша «Сырдария» мөлтек ауданында саябақтың жөндеу жұмыстарына 76,5 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Ішкі жолдарды жөндеу мәселесі көтеріліп, былтыр 191 млн теңге бөлініп, Жиделі, Саналы елді мекендерінде 10 көше жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 24 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 485 млн теңге қаралды. Тұрғындар «Наурыз» шағын ауданында мектеп салуды сұраған. Осы мәселе бойынша «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы аясында 900 орындық жаңа мектеп салынады деп шешім қабылданды. «Тараз» шағын ауданынан 600 орындық мектеп салынады», деді ол тұрғындармен кездесуде. Аудан зейнеткерлері ардагерлерге арналған демалыс орнын ашу мәселесін де көтерген болатын. Шәуілдір ауылындағы бұрынғы қонақүйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, демалыс орны пайдалануға берілді. Талапты ауылының тұрғындары табиғи газды тезірек беру жөніндегі талабы негізінде желтоқсан айынан бастап ауыл табиғи газға қосылған. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтыратын, туристік әлеуеті өте жоғары ауданда алдағы екі жылда 16 млрд теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Сонымен бірге құны 1,1 млрд теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехын іске қосу жоспарланған.
Ал Сайрам ауданы тұрғындары облыс әкімімен кездесуде көтерілген 16 мәселенің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтсақ, Жібек жолы ауылындағы ауыз су жүйесін жаңарту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылға 100 млн теңге қаржы бөлінді. Қарасу ауылына аталған бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысына 649 млн теңге қаржы қаралды. Жеті каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттар дайындалуда. Құтарыс, Қызылжар елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Ақарыс, Оймауыт ауылдарында құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар былтыр Көлкент ауылына газ жүйелерін салуға 395,5 млн теңге, Ақсуабад ауылына 215 млн теңге қаржы қарастырылған. Тұрғындардың өтінішіне қарай, Келес ауданында «Ақылбексай» су қоймасынан шығатын «Саңырау» каналына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21 млн теңге қарастырылып, 6 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Ақтөбе ауылдық округі Көкбұлақ елді мекеніндегі Ақниет-2 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, асфальт төселді. Бәйдібек ауданында былтырғы кездесулер нәтижесінде, Аққолтық елді мекенінде 75 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмысына 97 млн теңге қарастырылып, пайдалануға берілді. Биыл Тасты ауылында 75 орындық клуб құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 181 млн теңге бөлінді. Ал Созақ елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 150 млн теңгеге футбол алаңшасының құрылысы жүргізілген. Тасты, Жуантөбе, Қаратау, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдары мен Қыземшек және Таукентте дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жылыту қазандықтары жаңартылған. Аудандық орталық ауруханасына 57 млн теңгеге реабилитациялық медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына 32 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағын аудандарының су құбыры желілерін салуға қаржы бөлінген. Жетісай ауданында да тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып келеді. Мысалы, Ералиев ауылдық округіндегі Мұратбаев елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 23 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Ауыз су жүйелері 32 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. Сейфуллин елді мекенінде аяқжол салу мәселесі көтеріліп, 1,6 шақырым аяқжол салынды. Жылы су, Баққоныс, Байқоныс, Алтынкемер, Мақталы елді мекендерінде 702 млн теңге бөлініп, 32 шақырым болатын 32 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 328 млн теңге бөлініп, Өркенді елді мекенінде футбол алаңының құрылысы басталды. Бюджеттен 870 млн теңге бөлініп, Асықатадағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебіне қосымша оқу ғимараты, спорт залы және шеберханасының құрылысы қолға алынған. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 жаңа мектеп салынады. Кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Бұл орайда Төлеби ауданында да осы салаларды жақсарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Былтырғы кездесуде тұрғындар 14 мәселені көтерген еді, соның 12-сі шешімін тауыпты. Атап айтсақ, Ленгір қаласын сапалы электр желісімен қамту үшін қосалқы станса құрылысына 2,1 млрд теңге қаржысы толық қаралып, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Аудан орталығындағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. Оқушылар үйіне қосымша оқу корпусын салу бойынша 2023 жылы 590 млн теңге бөлінді. Аққұм, Киелітас ауылдық окургтерінде мәдениет үйлерін салу үшін екі жылда 441 млн теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынды. Қасқасу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен 723 млн теңге қарастырылған, биыл тапсырылмақ. Тағайна елді мекенінің көшелеріне электр желілерін жүргізу жұмыстарына 198 млн теңге бөлінсе, Зертас, Тағайна елді мекендерінде орналасқан мектептердің қосымша корпус ғимаратын салу үшін қаржысы толық қарастырылған. Бірінші мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджет есебінен 531 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл пайдалануға беріледі.
Біз бірқатар ауданда атқарылған жұмысты ғана айтып өттік. Жалпы, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша барлық ауданда ауқымды жұмыс атқарылуда. Кездесулерде көтерілетін мәселенің тағы бірі – жайылым тапшылығы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы тапсырмасын орындау да бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн гектардан аса жайылым тапшылығы шешімін тапқан. Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі малды шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде, 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді. Мемлекет басшысының өңір әкімдерінің алдына қойған негізгі міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Бұл орайда облыста 2022-2026 жылдар аралығында жалпы құны 1,9 трлн теңгеге 9 596 жұмыс орнын құрайтын 71 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 28,9 млрд теңгеге 1172 жұмыс орнын ашумен 23 инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен бірге 2023-2026 жылдар аралығында облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың тізімінен жалпы құны 1,4 трлн теңгеге 3 595 жұмыс орнын құрумен ТОП-10 инвестициялық жобалар іріктелген. Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 260,3 млрд теңгеге 2529 жұмыс орнын құрумен 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Жалпы, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздерінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу және «Құрылыс көлемінің нақты индексі» бойынша 357,8 млрд теңге қаржы тарту жоспарланған. Облыстық құрылыс басқармасы бойынша 369 нысан құрылысын жүзеге асыру және 204 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 156,9 млрд теңге бөлінген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен әзірленген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған. Биыл егіс көлемін 860 мың гектарға орналастыру, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға енгізу, қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу, су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу көзделген. Игі бастамалар нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн 127 млрд теңгеге жеткізіледі. Қазіргі таңда облыста жалпы сиымдылығы 38,0 мың тонна болатын 20 жеміс-көкөніс сақтау қоймалары бар. Ал өңірде жылына 1,7 млн тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінде аудан, қала әкімдіктерінің маусымаралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ. Осыған орай тұжырымдама аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусымаралық кезеңде жылына 250-300 мың тонна тауар айналымын жасауға қол жеткізіледі. Сондай-ақ биыл Шардара ауданында «Жылына 100 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты», Төлеби ауданында «Жылына 220,0 млн жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы», Ордабасы ауданында «40,0 мың басқа бордақылау алаңын салу», Келес ауданында «51 гектарға жылыжай кешенін салу», Арыс қаласында «4500 гектар жаңбырлатып суару технологиясын енгізу», Түркістан қаласында «5200 тоннаға жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын» салу жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды.
Осылайша, өңірде халықтың талап-тілектері мен шешілмей жатқан түрлі мәселелер облыс әкімінің тұрғындармен кездесулерінде көтеріліп, оң шешімін табуы халықтың билікті қолдауына, елдің ынтымағына септігін тигізіп отыр.
Түркістан облысы