Қазір қоршаған ортаны пластик қалдықтардан тазарту – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Өйткені жүздеген жыл бойы шірімейтін пластмасса өнімдердің табиғатқа тигізер зияны орасан. Бұл ретте пластик қалдықтарын тиімді пайдалану, қайта өңдеп кәдеге жарату өзекті мәселені шешудің бір жолы ретінде аталып жүр.
Мамандардың айтуынша, қазір елімізде пластик қалдықтарды қайта өңдейтін 103 кәсіпорын жұмыс істейді. Пластмасса құтыларды өзге қоқыстарға араластырмау маңызды болып отыр. Себебі оларды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға болады.
– Пластик – негізі өте бірегей өнім. Себебі оны 6-7 рет өңдеп, қайтадан пайдалануға болады. Алайда пластиктерді үйдегі тамақ қалдықтарымен бірге жинасақ, былғанған пластик өнімдері қайта өңдеуге жататын 2-сортты, 3-сортты материал болып қалады. Ал егер таза күйінде жинап берсек, одан таза өнім шығаруға болады. Екіншіден, бұл ғаламдық экологияның бүлінбеуіне зор септігін тигізер еді, дейді пластик қалдықтарды жинау және қайта өңдеу компанияларын біріктіретін жоба жетекшісі Әсем Бодауова.
Статистикалық деректерге жүгінсек, елімізде 2018 жылы 483 755,5 тонна пластик қалдықтары шыққан. Дәл осы жылы 90 079 тонна пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасының қалдықтары сұрыпталған. Бұл ретте қайта өңдеуге бағытталған пластик қалдықтарының көлемі 17 199 тонна болса, қалдықтардың пайда болу көлемімен салыстырғанда 3%, сұрыпталған пластиктің көлемі 19%-ға жеткен.
Пластикалық қаптама ретіндегі өнімдерді өндірушілер Қазақстандағы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесін реформалау қажет екенін алға тартады. Мұны шешу үшін мүдделі тараптардың – мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың және халықтың тығыз өзара іс-қимылы қажет. Бірінші кезекте мемлекеттік орган немесе өндірушілер мен импорттаушылар құрған өзін-өзі реттейтін ұйым оператор бола алатын аралас жүйеге ауысуға мүмкіндік бар.
– Өндірушілер мен импорттаушылар ғана емес, барлық мүдделі тараптың жауапкершілігін ұмытпауымыз керек. Мемлекет тиісті заңнаманы және ӨКМ-ге түсетін қалдықтардың әрбір түрі үшін жинау және қайта өңдеу жөніндегі нысаналы индикаторларды белгілеуді қамтамасыз етуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар аймақтарда инфрақұрылымды дамытып, ең бастысы қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындары жиналған қалдықтарды сапалы әрі экологиялық қауіпсіз қайта өңдеуді қамтамасыз етуі керек, – дейді «KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы директорының орынбасары Айжан Рысқұлова.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі ӨКМ жүйесін реформалау қажеттілігін қолдап, бұл мәселе ӨКМ бойынша түзетулер енгізу жобасы және «Бәрін басынан бастау» жобасы аясында белсенді талқыланып жатқанын жеткізді.
– Министрліктің бастамасы бойынша биыл ӨКМ жүйесін реформалауды талқылау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр, оған барлық мүдделі тарап тартылды, – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Динара Әжіғалиева.
Осы ретте 2030 жылға қарай нарыққа Coca-Cola компаниясы шығаратын тұтынушылық қаптаманың 100%-ын жинауға және өңдеуге талпыныс жасалып жатқанын атап өту керек. Бұл «Қалдықсыз әлем» қалдықтарды азайту жөніндегі компанияның жаңа стратегиясы болып отыр.
– Қазір әлемде қаптамалардың 56%-ы жиналып, өңделеді. Мысалы, Еуропада және Жапония, ОАР, Мексика сынды елдерде. Мұны даму дәрежесі, әдетте экономикалық әл-ауқат деңгейі жоғары мемлекеттер өндірістік негізде жүзеге асырады, – деді Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі корпоративтік байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман.
Жалпы, елімізде қалдықтарды бөлек жинау туралы көптен бері айтылып келеді. Алайда жұртшылық әлі де экомәдениетті қалыптастыра алмай келеді. Сонымен қатар тиісті инфрақұрылымның болмауы да проблеманы күрделендіріп отыр.