Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның Майами WTA 1000 турнирінің финалындағы қарсыласы кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова мен дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған румыниялық Сорана Кырстя кездесті.
Бірінші сетте румыниялық теннисші 5:2 есебімен алға шыққанымен, қатарынан бес геймде ұтылып қалды – 7:5.
Екінші сетте чехиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. 1 сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында П.Квитова 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Осылайша, Майами мастерс жарысының финалында Елена Рыбакина Петра Квитовамен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, олар бұған дейін екі рет кездескен, есеп – 1:1. Өткен жылы Острава (Чехия) додасында қазақстандық теннисші 7:6 (7:3), 6:4 есебімен басым түссе, биыл Аделаида 2 (Аустралия) турнирінде П.Квитова жеңіске жетті – 6:3, 7:5.