• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2023

Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі

334 рет
көрсетілді

Елордада «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының тұсауы кесілді. Медиа сарапшы, журналист, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы Маргерит Хокси Салливанның ағылшын тілінде жазылған туындысы қазақшаға аударылып, көрерменге жол тартты. Еңбекті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Media Lab» орталығы тәржімеледі.

Іс-шараға АҚДМ Ақпарат комите­тінің төрағасы Елдос Нәшірәлі, Қазақ­стандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани,  «Maqsut Narikbayev University» басқар­ма төрағасы Талғат Нәрікбаев, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің кеңес­шісі Дебра Ло және кітап авторы Мар­ге­рит Хокси Салливан қатысты. Бұ­дан бөлек, кітаптың тұсаукесеріне медиа саласының мамандары, университет оқытушылары мен студенттері жиналды.

«Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабында баспасөз қызметі­нің маңызы мен ережелері, атқаратын рөлі, проактив стратегиялық коммуни­кация қызметінің жоспары, веб-парақшалар мен әлеуметтік медиа, дағдарыс кезіндегі коммуникация туралы жазылған және баспасөз құжаттарының үлгілері жинақталған.

Маргерит Хокси Салливан Смитсон институтында дәріс оқыған және Харвард университетінің Джон Ф.Кен­неди атындағы Мемлекеттік басқа­ру мектебінің саясат институтында ғы­лыми қызметкер болып жұмыс істе­ген. Вашингтон баспасөз клубының пре­зиденті, Ақ үйдегі және басқа федералды агенттіктердегі лауазымдарды атқарған медиа сарапшы. Бұған қоса АҚШ-тың гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ұлттық кеңесінде және ЮНЕСКО-ның коммуникацияны да­мы­ту бағдарламасының гранттар бас­қар­масында тәжірибесі бар білік­ті маман. Автордың жұртшылыққа ұсынған туындысының алғашқысы осыдан 20 жыл бұрын жазылған. Ол әлемнің 30-дан астам тіліне аударылыпты. Бұл жолғы аударылған кітап соның екіншісі.

– Кітапты 10 жыл бұрын жаздым. Ол кезде әлеуметтік желі кеңінен таралмаған уақыт. Қазір желі қолжетімді болып, қарқынды дамуының арқасында ашықтық деген қағидат пайда болды. Еуропада жүрген кезімде де біраз тәжірибе жинақтадым. Журналистерге арналған оқу-құралдары бар. Бірақ баспасөз хатшыларына арналғаны өте аз екен. Өзім де біраз тренинг өткіздім. Соны ескере отырып, жина­ған тәжірибенің арқасында тұтастай бір кітап шығардым. Жалпы, бұл ең­бек баспасөз хатшыларына арнайы жазылғанымен, оның журналистер­ге де пайдасы бар. Кітаптың басып шығару шығындарын АҚШ мемлекеттік коми­теті қаржыландырды. Егер қызығу­шылық танытқандар болса, веб-қосым­ша­лардан тегін жүктеп алуға мүмкіндік бар. Кез келген адам басып тарата алады. Тек бір ғана ереже – бұл кітапты сатуға болмайды. Алдағы уақытта үшінші кітапты жазу да жоспарымда бар. Мүмкін оны онлайн жариялайтын шығармын. Өйткені қазір кітап оқу онлайнда қолжетімді, – деді М. Салливан.

Тұсаукесер рәсімінде Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Дархан Қыдырәлі авторға алғыс білдіріп, құттықтау хатын жолдады.

«Осыдан тура бір ай бұрын, Астана қаласында дәл осы университетте бас­пасөз хатшыларына ар­нал­ған семинар өткізгенбіз. Сол бас­қо­суда Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі баспасөз хатшылары­на, ком­му­ни­кация саласының маман­да­ры­на жүйелі түрде семинарлар, воркшоптар ұйым­дастырып, нұс­қау­л­ықтар мен кітап­тар аударуға ниетті екенімізді хабарлағанбыз. Міне, «Цифрлық дәуір­дегі баспасөз қыз­меті» кітабының қазақ тіліндегі нұс­қа­сын таныстырудың сәті түсіп отыр. Құтты болсын! Осы орайда, біз­дің шақыртуымызды қабыл алған Маргерит Хокси Салливанға алғыс білдіреміз.

Кітапта автор АҚШ-тың Ақ үйі мен мемлекеттік департаментінде ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар алдыңғы семинар қатысушыларынан кері байланыс сұрағанбыз. Қатысушылардың практикалық тапсырмалар және ин­те­рак­тивті воркшоп болса деген тіле­гін Маргерит Хокси Салливанға жеткіз­­дік. Осы ретте спикеріміз, 2023 жылғы 4-5 сәуір күндері елордада мемле­кеттік органдардың баспасөз хатшыларына арналған семинар-тренингтер өткізеді», деді құттықтау хатты оқыған АҚДМ Ақпарат коми­тетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі жиналғандарды хат мазмұнымен таныстырып өтті.

Әрі қарай, мәдени-танымдық ба­ғыт­тағы іс-шара сұрақ-жауап айдарымен жалғасты. Жиналған ғылыми қоғамдастық және медиа саласының мамандары кітап авторына сауал қойып, тәжірибе алмасты. Алғаш болып журналист Серік Селеубайұлы «Фейк ақпарат таратқан жағдайда, баспа­сөз хатшылары жалған ақпарат тарат­қаны үшін жазалана ма?» деген көкейкесті ойын ортаға салды. Марге­рит Салливан мұндай жағдайда АҚШ-та баспасөз мамандары заң жүзінде жазаланбайтынын айтты. Бірақ олар, халықтың сенімінен айырылып, қоғамдағы позициясына нұқсан келетінін құлаққағыс етті.

Сондай-ақ ол әлемдік медиа индус­­триясындағы жағдай туралы, редак­циялардың цифрлық медиа кезеңіне өтудегі мәселелер туралы сөз қозғады. Бірқатар проблеманы да тізбектеді.

– Кейбір елдерде баспасөз хатшыларына өзі жұмыс істейтін ұйым атынан сөйлеуге мүмкіндік берілмейтін кездер болып жатады. Кейде олар бірін­ші басшыларымен тікелей қарым-қатынас орната алмайды және шешім шығарған кезде олардың ой-пікірін ешкім сұрамайды. Бірақ, меніңше, шешім шығаратын үстел басында бас­па­сөз хатшысының немесе ресми өкіл­дің отыруы өте маңызды. Осы тұсы жет­кіліксіз. Мұның салдары ауыр бо­луы мүмкін. Біз тәжірибемізде мұн­дай жағдаймен кезіктік. Сондықтан кез келген шешім немесе бағдарлама қабыл­дар кезде «Мұны қоғам қа­лай қа­­был­­дайды?» деген сұраққа жауап бе­ре алатын адам талқылауларда бо­лу керек, – деді «Цифрлық дәуірдегі бас­­­па­­­сөз қызметі» кітабының авторы.

Америкалық маман баспасөз хат­шы­ларының негізгі мін­дет­теріне де тоқталды. Мұндай міндет­тердің алғаш­қысы – бұқаралық ақпарат құрал­дары­мен қарым-қатынаста Үкіметтің адвокаттары ретінде әрекет ету, оның іс-әрекетінің жағымды жақтарын тү­сін­діру, қате ақпаратты түзету және бұ­рыннан бар ақпаратты түсіну мен түсіндіруді жеңілдету. Одан бөлек, кітап авторы БАҚ сұраныстарын қана­ғат­тандыру және баспасөз қызметі жүр­гі­зетін іс-шаралардың тиімділігін тал­дау және болашаққа ұсыныстар әзір­леуді жүйелендіру керек екенін баса айтты.