Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жанға ауызашар берген адамға төрт түрлі сауап жазылады, деп хабарлайды Egemen.kz islam.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыз аштырудың нақты қандай пайдасы барын мына бір хадистен білуге болады.
Ибн Хузеймәның хадистер жинағында орын алған ұзақ бір хадисте: «Кім ораза ұстаған адамның аузын аштырса, онысы күнәларына кешірім болады және ол тозақ отынан азат болады, ораза ұстаушыға берілетіндей сауап, ораза ұстаушыдан кемітілместен оған да (ауыз аштырған адамға да) беріледі» дейді Алла елшісі.
Сонда сол жердегі сахабалар Алла елшісіне: «Ораза ұстаушының ауызын аштыруға бәріміздің шамамыз жете бермейді» дейді.
Ал Алла елшісі оларға:«Ондай сауапты Алла Тағала бір құрмамен болса да ораза ұстаушының аузын аштырған кісіге де береді. Тіпті, бір жұтым су беріп болса да ауыз аштырған кісіге немесе су араласқан сүт беріп болса да ауыз аштырған кісіге сондай сауап беріледі» деп жауап қайтарады.
Сонымен қатар осы хадистің жалғасында «Кімде-кім ораза ұстаушы адамды тойдырса, Алла Тағала қиямет күні оны, менің хаузымнан (кәусар хаузынан) бір жұтым шербет ішкізеді. Сосын ол пейішке кіргенге дейін шөлдемейтін болады» (Ибн Хузәймә риуаят еткен) делінген.
Жоғарыда келтірілген хадиске сүйене отырып, ауыз аштырудың бірнеше сауабы барын айтуға болады.
Ораза ұстаушының сауабы беріледі;
Күнәлары кешіріледі;
Рамазан айында періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.
Тозақ отынан азат болады.