• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2023

Үй ішінен үй тіккісі келген кімдер?

564 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында бүкіл елді дүрліктірген оқиғаның дауы мен дақпырты әлі де басылмай тұр. Естеріңізде болса, сайлау науқаны нағыз қызған шағында «Народный совет трудящихся» деген ешкім танымайтын, ешқайда тіркелмеген бір ұйым «Қазақстан корпорациясының құқықтық негізі жасанды» екенін айтып, «біз, халық, өзіміздің тәуелсіздігімізді, дербестігімізді және егемендігімізді жариялаймыз» деген мәлімдеме таратты.

Егер мәлімдеме мәтінінің әр сөзіне мән беретін болсақ, түрлі сөздерді қыстырып, ертеңгі күні сот алдында жауап беруге тура келетіндей болса, жалтарып кететіндей сан жолы қарастырылғаны аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, жұртты дүрліктірген мәлімдеме аса «ұқыптылықпен», мұқият «дайындықпен» жазылғаны көрі­ніп тұр. Мысалы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы дегенді ел немесе мемлекет демейді, «Қазақстан корпо­ра­циясы» деп атап, сөздерін қайсы­бір кәсіпорынға арнағандай етіп орайын келтірген. Бірақ «өзіміздің тәуелсіздігімізді, дербестігімізді және егемендігімізді жариялаймыз» деген сөздердің ап-анық сепаратистік сипатынан ешкім де жалтара алмасы анық. Сондай-ақ мәлімдемені дайындағандар оны оқыған екі әйел емес екені де бейнекөріністен анық білініп тұр.

Мәлімдемеге қатысып, оны үнсіз қолдап отырғандардың саны 19 адам екендігі анықталған. Соның ішінде Бескөл ауылында қызмет істеген бір қазақ әйел, мұғалім де бар. Жиын Тоқсан би көшесінде орналасқан Солтүстік Қазақстан университетінің колледжінде өткен. Осынша бейтаныс адамдардың оқу ғимаратына кіріп, осындай мағынадағы жиналыс өткізуіне жол бергендердің де кінәсі анықтала жатар.

Сепаратистік мәлімдеме «Бәсе» арнасында 19 наурызда жарияланған екен. Алайда «Народный совет трудящихся» деген қойыртпақтың «үні» халыққа 30 наурызда жеткен. Мәлімдемені естіген, көрген халықтың наразылығы әлеуметтік желіні «жара жаздады». Ашу-ызаның шектен шыққаны сондай, «дереу көшеге шығайық» деген желөкпелер де табылды. Бірақ облыс басшылығы дереу шаралар қабылдап, құзырлы құрылымдар басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Мәлімдеменің құқықтық мәртебесін анықтайтын сараптама да тағайындалды.

Осы күні түнде прокуратура сепа­ратистерге қарсы Қылмыстық ко­декс­тің 180-бабының 2-бөлігі (БАҚ-ты пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихат­тау) бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сондай-ақ облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір мәлімдеме жасаушылар ұсталып, кейбіреулерінің үйіне тінту жұмыс­тары да жүргізілді деген ақпараттар тарады, бірақ тінтудің нәтижесі белгісіз.

31 наурыз күні Парламент Мәжілі­сінің 31 депутаты Бас прокурор Берік Асыловқа ресми хат жолдап, бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғап, заң аясында шара қолдану жөнінде айтты. Депутаттар еліміздің Бас прокурорынан сепаратистік әрекеттің құқықтық бағасын беруді сұрап: «Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Рес­пуб­ликасында билікті ешкім де ием­­деніп кете алмайды, билікті ием­де­ну заң бойын­ша қудаланады. Консти­туцияның 5-бабының 3-тар­ма­ғы бойынша мақсаты немесе іс-әрекеттері Республиканың консти­туциялық құрылысын күштеп өзгер­туге, оның тұтастығын бұзуға бағыт­тал­ған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне ты­йым салын­ғанын» еске салды. Осыған орай хатқа қол қойғандар аталған факті­лерді тексеруді және құқықтық шара қолдануды сұрады.

Осынша сепаратистердің бас қо­суына және осы уақытқа дейін жайын құландай жосып, еркін жүруіне жол бергеніне қарағанда ҰҚК жұмысының сылбырлығы бірден көзге ұрады. Бәлкім, комитеттегілер аңду жұмыс­тарын жүргізген де шығар, олай болса 19 қаңтардан бері неге нақты шаралар қолданылмаған? Барлығы тек «Бәсе» арнасы жариялағаннан кейін ғана белгілі болып отыр...

Бірер күн бұрын әлеуметтік желі­лер­дің бірінде «Қазақстан корпо­рациясының құқықтық негізі жасанды» деп мәлімдеме жасаған топтың екі мүшесінің бейнежазбасы жарияланды. Онда сөздерін «Жерлестер, отандастар» деп бастаған еркек пен әйел: «Өкінішке қарай біздің Қазақстанда олигархтар мен сыбайлас жемқорлар түріндегі корпоративтік компонент бар. Біз, «Народный совет трудящихся», осы корпоративтік компоненттерден өзіміздің тәуелсіз­дігімізді, дербестігімізді және егемендігімізді жариялаймыз» деп, тондарын теріс айналдырып, елден кешірім сұрағандай, құзырлы органнан көмек тілегендей бейнежазба таратты. Алайда желі қолданушылары ел ішінде іріткі салып, мемлекет құрушы ұлттың ар-ұжданын аяққа таптау «екі адамды кешіре салатын» оңай іс емес екенін айтып, кінәлілерді анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін алға тартып отыр.

Қазір осы оқиға бойынша басталған тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Осы органның баспасөз қызметі «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етуге жатпайтынын» да хабарлады. Бірақ іргесі сөгілмей, елдігіміз бен тұтастығымызды алдыңғы орынға қоятын халыққа үй ішінен үй тіккісі келгендердің кім екені, олардың аңсағаны не екені, ат төбеліндей топтың артында кімдердің тұрғаны ашық айтылғаны керек. Өйткені «жауырды жаба тоқып» қалмас па екен деген алаңдаушылық әр кез қалмасы анық...

 

ПЕТРОПАВЛ