С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті студенттерден құралған механикаландырылған жасақтарды еліміздің екі облысына көктемгі егіс жұмыстарына көмектесуге аттандырды.
Үстеріне арнайы тігілген жұмыс формасын киіп, егін себу науқанына аттанып бара жатқан жастарды білім ордасы салтанатты түрде шығарып салды.
Салтанатты шарада университеттің Басқарма төрағасы - Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов арнайы жасақ құрамына сәтті сапар тілеп, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ерекше үлес қосатындықтарына сенім білдіре отырып жастарды жігерлендірді.
«Бұл «Студенттік механикаландырылған жасақтарды» қайта жандандыру жұмыстарын біздің ҚазАТЗУ арнайы түрде қолға алып отыр. Ең бірінші мехотряд құрамындағы студенттер өздерінің кәсіби дайындығын жетілдіреді. Сонымен бірге жастар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына көктемгі егіс жұмыстары мен күзгі астық жинау, жем-шөп дайындау науқандарын табысты жүргізуге көмек көрсетеді. Тарихтан белгілі елімізде «мехотряд» өз заманында еліміздің барлық өңірлерінде жасақталып осындай үлкен науқандар кезінде зор үлес қосты. Болашақта біз бұл жасақ құрамын үнемі молайтып отырамыз», деді ол.
Бүгінде еліміздегі техникалық жоғары оқу орындары алдына өз студенттерін жұмыспен қамту мәселесі қойылды. Осыған орай, еліміздің агротехника саласындағы белді оқу орны – Сейфуллин университеті ұмыт қалған механикаландырылған жасақтардың жұмысын қайта жандандырып, түлектерді университет қабырғасынан бастап жұмысқа дайындап отыр.
Сейфуллин университетінің алғашқы жасағы сәуір айынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-ға және Қарағанды облысы, Нұра ауданы, «Шахтерское» ЖШС-ға «Агроинженерия» бойынша өндірістік тәжірибеден өту мақсатында жұмысқа аттанады. Әзірге 50 білім алушылардан құрылған механикаландырылған жасақ өз жұмысын бастап та кетті.
«Кеңес Одағы кезінде ерекше белсенді жұмыс атқарып ел аузында «Мехотряд» деген атпен танылған студенттерден құралған жасақтар сол уақытта одақтың ірі жобаларына қатысып, жалпы экономиканың өрлеуіне елеулі үлес қосты. Бір мезгілде құрамында 300-400 студент бар ондаған механикаландырылған жасақтар құрылып, одақтағы барлық мемлекеттерге аттанып отырған. Олар көбіне, еліміздің астықты өңірлеріне жерлерді игеру кезінде ауылшаруашылықтың жандануында маңызды рөл атқарды. Мен өзім де осы Сейфуллин университетінің студенті болып жүрген шағымда талай рет осы отряд құрамында болдым», дейді универсиеттің бірінші Проректоры Айтжан Әбдіров.
Құрамның барлық мүшелеріне арнайы тігілген жұмыс киімдер үлестіріледі. Барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген жасақ, университет алдынан жұмыс орындарына автобустармен аттанды.
Бір айта кетерлік жағдай, жастар белсенді жұмыс істеуі үшін жатын орын, тамақтану, тұрмысқа қажетті заттардың барлығы жұмыс беруші тарапынан тегін ұйымдастырылып отыр.
Бердібек Хабай