• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2014

«Сахнадан сәлем»

488 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг Астана күніне арналған мерекелік мәдени шаралардың бірі – халықаралық театр фестивалінің басталғанына қатысты болды. Бұл жөнінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Болат Ұзақов, театртанушы Амангелді Мұқанов және армениялық театр және кино режиссері Егише Геворкян айтып берді. Болат Ұзақовтың хабардар етке­ніндей, «Сахнадан сәлем» атты халық­аралық театр фестивалі 1 шілде күні осымен екінші рет өзінің шымылдығын ашқан. «Биылғы фести­­­вальдің бір ерек­шелігі фестивальді халықаралық дең­гейге көтеру мақса­­тында оған шетелдерден де театр ұжымдарының қаты­сып жатқандығы, – деді ол осы жөнінде. – Сондай-ақ, осы мәдени шараға шетел­дік театр сыншылары мен сарапшылары да шақырылды. Ондағы ең басты мақсат фестивальдің аясын жылдан-жылға кеңейту болып табылады». Ал фестивальға 13 театр қатысады екен. Оның екеуі шетелден, яғни Түркия мен Ресейдің Дағыстан республикасынан келіп отыр. Болат Ұзақовтың атап өтуінше, фестивальға, сондай-ақ, Астана қаласынан төрт театр қатысады. Соның бірі – қуыршақ театры. Қалғандары еліміздің облыстарынан келмек. Астана­­лықтар мен елорда меймандары 1-6 шілде аралығында шетелдік және қазақ­стандық театр ұжымдарының қойған спектакльдерін тамашалайтын болады. Қуыршақ театрларының қойылымдары сағат 11.00-де, ал драма театрларының спектакльдері сағат 16.00-де және 19.00-де басталады. Театр фестивалінің жабылуы 6 шілдеге жоспарланыпты. «Елімізде 60-тан астам театр бар. Сол театрлардың халықаралық, рес­публикалық және аймақтық деңгейдегі фестивальдері жиі өтіп тұрады, – деді келесі кезекте сөз алған театртанушы Амангелді Мұқанов. – Ал биыл екінші мәрте шымылдығын ашқан «Сахнадан сәлем» фестивалінің орны ерекше бөлек болады ғой деген ойдамыз. Осындай шаралар біздің театрлар үшін аздық етпейді. Себебі, фестиваль тың өнер туындыларын көрермендер назарына ұсыну, кәсіби мамандар арасында пікір алысып, тәжірибе алмасу функциясын атқарады». Амангелді Мұқанов фестиваль­­­дің халықаралық деңгейдегі маңыз­дылығына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, спектакльдерді теледидардан көру бір басқа, театрға барып тамашалау мүлде бөлек. Өйткені, ерекше әсер аласыз, демалып қайтасыз. Екінші жағынан, осындай фестивальдар арқылы еліміздің актерлары мен режиссерлары шетелдік театр ұжымдарымен өзара пікір алмаса отырып, тәжірибе жинақтайды. Бірінен бірі үйренеді. Ал армениялық режиссер Егише Геворкян Қазақстанның жаңа астанасында өтіп отырған халықаралық театр­ фестивалінің болашағы зор екеніне тоқталды. «Мен Астана қаласы қазірдің өзінде үлкен өнер ордасына айналғанына куә болып отырмын, – деді ол. – Қалада аса ауқымды бес-алты өнер шаңырақтары жаңадан салыныпты. Қызықтырды, қайран қалдырды. Ал мұндай фестивальдар шетелдік театр ұжымдарының қазақстандық әріптестерімен қарым-қатынас жасауына тікелей ықпал етеді. «Сахнадан сәлемнің» халықаралық деңгейге көтерілетініне сенімдімін». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».