• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2014

Алтын діңгек

295 рет
көрсетілді

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Қостанай облысы бойынша жеңімпаздары

Жаңбыршыновтар отбасы байқауының бірінші жүлдесіне ие болды

Халықтық дәстүрдің қасиетті ошағы

Қостанай өңірінде 90-шы жылдары басқарған шаруашылықта­рын талан-таражға салмай, құл­дыратпай ұстап қалған бірнеше азамат бар. Шаруашылықты сақтаған соң, ауыл да аман қалды. Әулиекөл ауданындағы «Мос­калев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, зеңгі бабаның ет бағы­тындағы әулиекөл асыл тұқымы авторларының бірі Зейнолла Жаңбыр­шыновтың есімі солардың бастапқы қар­­­қы­нында аталады. Қазір шаруа­шы­лықта үш мыңның сыртында асыл тұқымды мал бар. Ауыл көркейген үстіне көркейіп келеді. Ауылдастарына Зейнолла Абай­ұлы шаруашылықты дөңге­леткен басшылығымен ғана емес, өзінің берекелі отбасымен де үлгі. – Бізді уақыт шыңдады, анала­рымыздың тәрбиесімен қалып­тастық, – дейді Зейнолла аға бүгінде. 1941 жылы соғыс басталғанда Әулиекөл ауданын­дағы Аласор деген ауылдың қос азаматы Абай мен Сабырбек майданға бірге аттанады. Екеуінің де артында бір жастағы ұл мен қыз қалады. Абай 1945 жылы соғыстан аман келгенімен, үш жылдан кейін қайтыс болады. Зейнолла 8 жасында жетім қалады. Әжесі Сүйінайша мен анасы­ Нұрқия Абайдан қалған жал­ғыз Зейнолланы бағып қала бере­ді. Соғыстан кейінгі жесір әйелдер­дің мұңы да, қуанышы да бір болады. Бижамалдың әжесі мен Зейнол­ланың әжесі, анасымен анасы сыйлас, дос құрбы екен. Ұл мен қыз ер жеткен соң, 1958 жылы олар құда түсіп, Зейнолла мен Бижамалды үйлендіреді. Бес ұл өмірге келеді. – Үлкенді сыйлау – біздің отбасында қалыптасқан басты қағида. Біз Бижамал екеуміз бес баланың біреуін де ата-ана болып, басынан сипаған емеспіз. Бесеуін де әжем мен анам меншік­теді, – дейді Зейнолла аға. Қос әже бауырларына басқанымен немере­лерін бетімен жіберген жоқ, оларды еңбекқор етіп өсіреді. Бес ұлдың барлығы да жоғары білім алады. Қазір Базарбай әкесі басқаратын «Москалев» шаруашы­лығында директордың орын­басары, Талғат зоотехник, Жомарт сол шаруашылықта техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, Дулат бас инженер, Нысан­бай агроном. Зейнолланың бес бала­сы өзінің жанына бес отау тіккен. Ауыл­дан кеткен жоқ. Қазір Зейнол­ла аға мен Би­жамал апа бес ұл­дан он екі немере, бір шөбере сүйіп отыр. – Мен он екі жасымнан ең­­­бекке араластым. Мал да бақтым, трактор да айдадым. Жоғары білім­ді кейіннен оқып алып, ғылымға бой ұрдым. Бижамал – менің тылым болды. Аналарымды бақты, балаларға қарады. Отбасында бақытты болу үшін алдымен алған жарың жақсы болуы тиіс. Мен бұл жөнінен де жолым болған адаммын, – дейді Зейнолла аға. Жаңбыршыновтар әулетінде үлкенді құрметтеу дәстүрі бүгін де жалғасын тапқан. Зейнолла аға мен Бижамал апа немерелерінің тәрбиесімен айналысады. Ата мен әже отырғанда ата-аналары балаларын айналмайды, оларды еркелетпейді. Олар ата мен әженің баласы болып есептеледі. – Немерелерім жақсы өсіп келеді, жақсы оқиды. Алды шетелдерде білім алып жатыр, – дейді Зейнолла аға. Бижамал апа өз енелерінің сыйластығы мен тәрбиесін келіндеріне үйретуден жалықпайды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы. Халықтық дәстүрді сақтайтын да, болашаққа апаратын да осындай отбасылар. Ендеше, данагөй ата мен әже, ізетті келін мен саналы бала, бақытты немере-шөберелер аман болсын! Әулиекөл ауданы.

Биіктерді бірлік пен береке бағындырады

Спортшылар әулеті Матвиенколар отбасы байқауында екінші орын алды

Қостанайдың Олимпиада төріне шыққан спорт мақтаныштары аса көп емес. Сергей Матвиенко 90-шы жылдары грек-рим күресінен Қостанайдың ғана емес, Қазақстанның намысын көкке көтергендердің бірі болды. Жетістіктері жетіп артылады. Бетінен қалқып, санамалап көрейік. Грек-рим күресінен жас­тар арасында екі рет әлем чемпионы, ересектер арасында КСРО кубогының жеңімпазы, И.Поддубный турнирінің Гран-при жеңімпазы, Қазақстанның 12 дүркін чем­пионы, Азияның 7 дүркін чемпионы, Әлем кубогының иегері, ХІІІ Азия ойындарының чемпионы, 1996 жылы АҚШ-та және 2000-жылы Австра­лияда өткен Олимпия ойындарына қатысушы болып кете береді. Адамның тұлға болып қалып­тасуы­ның, бақытының іргетасы бере­келі отбасында қаланады. Сергей шуақты отбасында туып-өсті. Әкесі Владимир Петрович грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Оның алдынан талай спортшы өсіп шықты. «Әке көрген оқ жонар» деген. Үйдегі қос ұлы Сережа мен Валера да әкесінің қасынан қалмайтын. Төрдегі кілем үстінде бірін бірі жыға алмай, алысып жататын қос ұлымен өзі де ұстаса кетіп, оларға күрестің әдіс-тәсілдерін үйрететін. Ұлдары өсе келе, Владимир Петрович оларды спортшы болуға бағыттады. Ал анасы Тамара Федоровна жұбайының және екі ұлының жағдайын жасайтын. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін ана емес пе? Марқұм Тамара Федоровна да ұлдарының тәрбиесіне барлық уақытын жұмсайтын. Олардың үлкен азамат болып өскенін армандады. –Мен жасымнан спортты жақсы көрдім. Педагогика институтын енді бітірген бойжеткенді ұнаттым. Біз отау құрдық. Тамара Федоровна тек ұлдарымның ғана емес, менің азамат болып қалыптасуыма негіз қалаған жан еді. Біздің үйімізден мейірім мен шаттық кеткен емес. Балаларым да, жарым екеуміз де бір-біріміздің жан шуағымызға жылынар едік. Береке, бірлік бар отбасын бақыт төңіректейді. Өйткені, бірлік бар жерде алға қойған мақсат орындалады. Бүгінде бақытты атамын. Екі жыл болды, Тамара Федоровнадан айырылып қалдым. Сол ғана жаныма батады. Балаларым мен немерелерім менің қайғымды жеңілдетуге тырысады, – дейді Владимир Петрович. Сергей Матвиенко бүгінде об­лыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасын басқарады. Отбасында Игорь және Алина атты егіз құлындары өсіп келеді. Жары Наталья облыстық мәслихаттың бі­лікті маманы. –  Отбасы – ең қасиетті ұғым. Шаңырақ көтерген әр адам оның беріктігіне жауапты болуы керек. Спорт жарыстарына барып жүрген кезде үйге жеткенше асығатынмын. Қазір де іссапарға шықсам, отбасымды сағынып жетемін, –дейді Сергей Владимирович. Жақында Қостанайдағы бір жас отбасы тұңғышының есімін Сергей Матвиенконың құрметіне Сергей деп атады. Сергей Владимирович алғашқы алған спорт наградасын сыйға тартып, «нәресте спортта менің жете алмаған биіктеріме жетсін, бақытты болсын» деп тілек айтты. Ал биіктерді жылуы береке, бірлігі мол отбасы ғана бағындырады. Қостанай.

Рухы күштілер

Оспановтар отбасы байқауының үшінші жүлдесін иеленді

Аруна мен Дүйсенғалиды – Оспа­новтар отбасын Қостанайда кім ­­­біл­мей­ді десеңші! Еменнің қарсы ­біт­кен бұтағындай қайсарлық, рух ­мық­ты­­лығы, ішкі жан байлығы ­Дүй­сен­ғали ­Ос­па­нов пен Аруна Жақ­сығұлова­ның ­бүкіл болмыс-бітімі іспетті. Тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау азаматтардың қолы­нан келмейтін істі арбада отырған олар атқарып жүр. Өздері секілді омырт­қасы зақымданып, арбаға таңылып қалған жандар Аруна мен Дүйсенғали құрған «Yмiт – Надежда» қоғамдық бірлестігінен көмегін алып отыр. Олар талайларға мүгедек арбасын жеткізіп берді, талайларды жұмыспен қамтамасыз етті, зәру болып келгендерге заң кеңесін беретін де өздері. Қанаты сынған аққудай арбада қатар отыратын олар берекелі отбасының да үлгісін көрсетіп келе жатқан жандар. Торғайдың сайын даласында комсомол жастар бригадасын құрып, мал баққан Дүйсенғали Оспанов айналасын үйіріп кететін ұйымдастырушы, екі тілге бірдей жанып тұрған жігіт еді. Ол аудан басшыларының назарын аударып, сонау жайлауда жүрген жерінен аудандық комсомол комитетінен бір-ақ шықты. Бірде іссапарға бара жатып, көлік апатына ұшыраған Дүйсеннің өмірі өзге арнаға бұрылып кете барды... Көлік көпірден құлағанда оның мойын омыртқасы қатты зақымданып, аяқ-қолы қимылсыз қалды. Өмір сүргісі келді. Төсекке таңылған азапты күндер мен түндерді бұл күнде еске алудың өзі ауыр. Сол жылдары еліктің лағындай енді бойжеткен Аруна да тағдырдың шеңгеліне іліккен еді. Ағадан садаға кеткір азғын ағайынынан ар-намысын қорғаймын деп қашып, балконнан қарғып кеткен өрімтал қыздың омыртқасы сынды... Олар Қарағанды қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығында кездесті. Дүйсен қызды алғаш көргенде-ақ ғашық болған, арбада Аруна емес, аққу отырғандай еді!.. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Екі жас бірден тіл табысты. Өйткені, олардың рухани байлық таразысы тең еді. Арунаның да, Дүйсенғалидың да оқымаған кітабы аз шығар. Музыкадан да, өнерден де хабарлары мол. Екеуі де әдемі. Сынық қанат аққулар... Екеуі отау құрды. Аруна Оспановтар әулетіндегі келіннің алды болды. Ол дайын­даған тамақтың дәмі өзге болады. Дастар­қаны мол жайылады, ұстаған-тұтқаны берекелі. Күзге салым басқалар қыстық азықты дайындауға ойланып жүргенде, Аруна көкөністерді тұздап, түрлі салаттар, тосап, компот қайнатып, жертөлені банкілерге толтырып қоятын. – Дүйсенғалидың да, менің де бауырларым бар, туыстарымыз жетерлік. Барлығының «орталығы» – біздің үй. Ақыл-кеңес сұрауға бізге келеді, көбіне біздің айтуымызбен ойлаған істері шешімін тауып отырады. Мүмкіндігіміз шектеулі екенін олар да жақсы түсінеді ғой, көмегін де аямайды, – дейді Аруна. Ағайынның ынтымағын жарастыратын да өздері. Олардың үйі қонақсыз болмайды. Әсіресе, Дүйсенғалидың до­с­тары көп-ақ. – Қонақ ниетіңе келеді. Ақ да­стар­қанымыз әрдайым жаюлы. Достарымыз бен туыстарымыз – біздің байлығымыз. Үйге қонақ келмесе қоңылтақсимыз, – дейді Дүйсенғали. Аруна мен Дүйсенғалидың рухы күшті болмаса, берекелі отбасы да болмас еді. Қостанай. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.