• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2023

Сырда электр желілерін жаңарту басталды

384 рет
көрсетілді

Биылғы қаңтардың алғашқы күндері күн райы күрт құбылып, жаңбыр нөсерлете құйғаны бар. Облыс орталығының кейбір аудандары мен бірқатар елді мекенде электр жарығы өшті, кей ауылдарда тұрғын үйлер ауласы суға толып, жұрт әбігерге түсті де қалды. Жарық сөнгендіктен жылу, ауыз сумен қамту қызметтері іркіліске ұшырады. Апатты жағдайға байланысты іле-шала өткізілген жиында жауапты сала жетекшілері облыс басшысынан ескерту естіп, кейбірі сөгіс арқалап шыққан.

Облыстағы инфрақұрылым желілерінің ескіргені осыған дейін де сан рет көтерілген мәселе еді. Әсіресе, электр жүйелерінің тозу деңгейі 68 пайызға жеткені саладағы көп проблеманың негізгісі болатын. Осы көрсеткішті 30%-ға төмендету үшін ғана 153 млрд теңге жұмсалуы қажет еді. Сөйте тұра осыдан 2 жыл бұрын қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыс­тарына республикалық және облыс­тық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңге уақы­тында игерілмей, кері қайтарылды. Бүгінде сол салғырттықтың зардабын сездірмеу үшін әрбір қосалқы стансаның жағдайына талдау жасалып, мамандар күшімен ақаулар ретке келтірілгенімен де түйіннің толық тарқатылмағаны әлсін-әлсін білініп қалатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Инфра­құрылымды дамытуға қатысты ұста­нымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қала­лар мен елді мекендер жылусыз қалды» дегені де елімізде бұл проблеманың қанша­лықты тереңдеп кеткенін көрсетті.

Сәуір айының алғашқы екі күнінде болған дауылдан өңірдің біраз елді мекені жарықсыз қалды. «Қызылордада жел лүп етсе, жарық жалп ете қалатыны несі?» деген наразы жұртқа аймақтағы электр желілерінің ескіргенін айтып ақталып жату да ретсіз, әрине. Бірақ жағдай шын мәнінде осындай. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жаңартылмаған электр бағаналары мен желінің де шамасы белгілі ғой. Көп мәселе қордаланған салада енді ғана қозғалыс пайда болып, мәселені шешудің бастамасы жасалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұста­фаевтың айтуынша, аймақта 10 121 шақырым электр желісі, 1 867 қосалқы станса бар.

Осы жылы «Қызылорда қаласында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту» қаржылық-экономикалық негіз­демесі аясында бағдарлама дайындалып, 3,1 млрд теңгеге жоба жасалған. Жобаның алғашқы кезеңіне қажетті 1,6 млрд теңге облыстық бюджеттен бөлініпті. Қазір қажет­ті жабдықтар алынып, жұмыс басталды.

Алдымен 35 10/0,4 кВ қосалқы стансалары ауыстырылып, 27 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ауыстыруды қажет ететін 31 шақырымнан астам электр желісі де алғашқы кезең аясында атқа­рылатын шаруа қатарында тұр.

Өткен жылы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 294 млн теңге бөліп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бұған қоса, былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 345 млн теңге қаралып, 33 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылды. Биыл күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 311 млн теңге қарастырылып отыр.

Арал ауданындағы 2 мың шақырымға жуық электр желісінің дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары пайдалануға берілген. Содан бері жаңартылмағандықтан күн қабағы бұзыла қалса тұрғындар жарықтың өшпеуін тілейді. Теңізді өңір орталығы Арал қаласына 0,4 кВ әуе желісін жүргізу үшін жоба-сметалық құжат әзірленіп, 713 млн теңгеден астам қаржыға бюджеттік өті­нім беріліпті. Аудандағылар Сексеуіл кенті, Бекбауыл, Абай, Шижаға, Қаратерең, Арал­құм және Аманөткел ауылындағы электр желілерін жаңарту үшін жобалық құжаттар дайындауға кіріскен.

Қазалы ауданында жеткен мың жарым шақырымнан астам желі және 183 трансформатор жағдайын сараптаған мамандар олардың тозу деңгейін 75 пайыз деп бағалап отыр. Былтыр шағын және моноқалаларда бюд­жеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Қазалы қаласының он кө­шесі жарықтандырылып, ұзындығы 10 шақырымнан астам электр желісі қайта тар­тыл­ған. Биыл да жалғасатын жұмыстар шең­берінде 16 шақырымнан астам желі ауыс­тырылмақ. Қосымша Әйтеке би кенті мен Ү.Түктібаев ауылының желілерін қай­та жаңғырту үшін әзірленген құжаттар сарап­та­мадан өтіп, тиісті басқарма арқылы респуб­ликалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған.

Қармақшы ауданындағы электр желілері­нің тартылғанына да кемі жарты ғасырдан асып тұр. Аудандағы Т.Көмекбаев, Қуаңда­рия, Ақтөбе және Иіркөл ауылындағы электр желілерін ауыстыру үшін демеушілер есебі­нен 17 млн теңгеге жоба әзірленіпті. Басқа 7 ауылдың да энергетикалық инфра­құры­лымын жақсарту үшін тиісті құжаттар дайындалуда.

Жалағашта жағдай біршама тәуір. Соңғы үш жылда облыстық бюджет қаржысына «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ ауданның 6 ауылындағы электр желілерін алмастырды. Осының арқасында тозу деңгейі 75-тен 45,2 пайызға төмендеген. Өткен жылы Ақсу, Мырзабай ахун, Қаракеткен, Есет батыр елді мекендері бойынша жобалық құжаттар әзірленсе, биыл республикалық бюджеттен Ақсу мен Қара­кеткен ауылына 270 млн теңгеден астам қар­жы бөлініп, мердігерлер нақтыланып отыр.

Сырдария ауданында да елу жылдан бері ауыстырылмаған электр желілерін жаң­ғыртуға қаржы қаралыпты. Енді аудандағы 4 ауылдың электр бағаналары, желі мен трансформаторлар түгелдей жаңарады.

Шиеліде ауданында да осы жылы 56 ша­­қырымға жуық желі мен алты қосалқы электр стансасы күрделі, ал 34 шақырымнан астам желі мен 6 трансформатор ағымдағы жөндеуден өтеді.

Жаңақорғанда да электр желісі түгелге дерлік тозып тұрған. Мамандар осы жылы 3 млрд 422 млн теңгеге кенттегі желілер­ді қайта жаңартатын мемлекеттік инвести­циялық жоба іске асатынын айтады. Былтыр республикадан бөлінген қаржыға ұзындығы 70 шақырым болатын желі жаңарған ауданда осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. 

 

Қызылорда