Түркияда 14 мамырда өтетін сайлауға қатысу үшін қандасымыз Рашида Юксел Парламент депутаттығына кандидат ретінде тіркелді. Ол қазірге дейін Ыстанбұлдағы Зейтін-бурну аудандық мәслихатында депутат, биліктегі «AK Parti» партиясының әйелдер ісі жөніндегі комитетінің мүшесі болды. Биылғы саяси додада осы АК партиясы атынан мандаттық таласқа түспек.
Қазіргі күні Рашида Юксел жергілікті сайлау заңнамасына сәйкес Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісіне депутат болу үшін үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткен. Енді соңғы кезеңде партиялық тізім бойынша кімнің депутат болатынын партия төрағасы, яғни ел Президенті бекітеді.
«Ыстанбұлда үш учаске бойынша 98 адам Парламент депутаты болады. Сайлау қорытындысы бойынша осы орындар партиялар арасында бөлінеді. Егер мен сайланатын болсам, 70 жылдан бері Түркия Парламентіне өткен тұңғыш қазақ болмақпын. Сондықтан қазақстандық бауырларым да маған тілеулес болса деймін. Егер депутат болсам, ең алдымен бауырлас екі ел Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға барынша күш саламын», деді Түркия Парламенті депутаттығына үміткер Рашида Юксел.
Рашида Юкселдің негізгі мамандығы дәрігер. Зейтін-бурну ауданында дүниеге келген. 400 мыңға жуық адам тұратын бұл ауданда қазақтар көп шоғырланған. Рашида Юксел осы жердегі қазақтар арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер және мәслихат депутаты екен.
«Әкеме мұнда жер мен үй беріпті. Осы жақта әкем «балаларым оқуы керек» деп бізді оқуға берді. Үйде жеті ағайындымыз. Ата-анамыз бәрімізді оқытты. Бұл жақта қыздар оқымайтын. Әкемнің арқасында мен қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз болдым. 27 жыл дәрігер болып, 2014 жылы зейнетке шықтым», дейді Рашида Юксел.
Зейнетке шыққан соң ол ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, биліктегі «AK Parti» партиясынан сайлауға қатысып, мәслихат депутаты атанады. Бұған қоса, партияның әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының мүшесі.