• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Сәуір, 2023

Қандасымыз – Түркия Парламентінен үміткер

341 рет
көрсетілді

Түркияда 14 мамырда өтетін сайлауға қатысу үшін қандасымыз Рашида Юксел Парламент депутаттығына кандидат ретінде тіркелді. Ол қазірге дейін Ыстанбұлдағы Зейтін-бурну аудандық мәслихатында депутат, биліктегі «AK Parti» партиясының әйелдер ісі жөніндегі комитетінің мүшесі болды. Биылғы саяси додада осы АК партиясы атынан мандаттық таласқа түспек.

Қазіргі күні Рашида Юксел жергілікті сайлау заңнамасына сәйкес Түркия Ұлы Ұлттық мәжі­лісіне депутат болу үшін үш ке­зеңнен тұратын іріктеуден өткен. Енді соңғы кезеңде партиялық тізім бойынша кімнің депутат болатынын партия төрағасы, яғни ел Президенті бекітеді.

«Ыстанбұлда үш учаске бо­йынша 98 адам Парламент депутаты болады. Сайлау қорытындысы бойынша осы орындар партиялар арасында бөлінеді. Егер мен сайланатын болсам, 70 жылдан бері Түркия Парламентіне өткен тұңғыш қазақ болмақпын. Сондықтан қазақстандық бауырларым да маған тілеулес болса деймін. Егер депутат болсам, ең алдымен бауырлас екі ел Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы қарым-қатынасты нығай­туға барынша күш саламын», деді Түркия Парламенті депутат­тығына үміткер Рашида Юксел.

Рашида Юкселдің негізгі мамандығы дәрігер. Зейтін-бурну ауданында дүниеге келген. 400 мыңға жуық адам тұратын бұл ауданда қазақтар көп шоғырланған. Рашида Юксел осы жердегі қазақтар арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер және мәслихат депутаты екен.

«Әкеме мұнда жер мен үй беріпті. Осы жақта әкем «балаларым оқуы керек» деп бізді оқуға берді. Үйде жеті ағайындымыз. Ата-анамыз бәрімізді оқытты. Бұл жақта қыздар оқымайтын. Әкемнің арқасында мен қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз болдым. 27 жыл дәрігер болып, 2014 жылы зейнетке шықтым», дейді Рашида Юксел.

Зейнетке шыққан соң ол ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, биліктегі «AK Parti» партиясынан сайлауға қаты­сып, мәслихат депутаты атана­ды. Бұған қоса, партияның әйел­дер ісі жөніндегі комиссиясының мүшесі.