Астанада шорт-тректен ІV қысқы жастар ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шорт-тректен БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовойдың мәлім еткеніндей, аталмыш жарысқа еліміздің облыстары мен қалаларынан 11 команда қатысып, бақ сынады.
Бірнеше күнге созылған сайыс қорытындысында жалпы есепте 838 ұпай жинаған БҚО құрамасы үздік шықты. Қостанайлықтар (726 ұпай) екінші, астаналықтар үшінші (557 ұпай) орынға ие болды.
М.Лозовойдың айтуынша, батысқазақстандықтардан Алина Әжіғалиева мен Мақсат Уәлиулла 1500 метр қашықтықта чемпион атанды. Сондай-ақ Алина 500 метрде де мәре сызығын бірінші болып қиса, Мейіржан Төлеген осы қашықтықта күміс алды. Есесіне 1 мың метрде Мейіржан алтын медальмен марапатталса, М.Уәлиулла мен А.Әжіғалиева екінші орынға көтерілді.
Батысқазақстандықтар (Мақсат Уәлиулла, Мейіржан Төлеген, Әлихан Қанат, Әліби Әлімгереев, Мадияр Мадихов) 2 мың метрлік эстафетада алдына жан салмады. Ал қыздар (Алина Әжіғалиева, Наргиз Омарова, Гүлдана Жалмұхан, Мәлика Жолтабар, Аэлита Набет) күміспен күптелді. Аралас эстафетадан БҚО командасы тағы бір күміс медальді жеңіп алды.