Қазір әскерге өздігінен сұранатындар аз, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Бозбалалардың көбі Отан алдындағы борышын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Ал олар әскерден жалтарғаны үшін айыппұл төлейтінін біле ме? Тіпті азаматтық борышынан түбегейлі бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан хабардар ма? Осы орайда айыппұл мөлшері мен әкімшілік, қылмыстық жазаның жүгін саралап көрген едік.
Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда әскерден қашқандарды заң басынан сипамайды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады. Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.
«Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады», деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник Медет Тұрыскелдиев.
Ал әскерге бармаудың жолын іздеп денсаулығына қасақана зиян тигізгендер, денсаулығында кінәрат бар екенін көрсететін жалған құжат жасағандардың жазасы тіпті қатал. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткіш (10 350 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді немесе 3 жылға қамауға алынуы мүмкін. Сондай-ақ қарамағындағы қызметшінің әскерге шақырту заңдылығын бұзғанын біле тұра тиісті орындарға хабар бермеген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әскерге шақыртылған азамат Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, айыбын өтесе де, міндетінен құтылмайды. Келесі көктемгі немесе күзгі шақыртуда қайта сапқа тұрады.
Қорғаныс министрлігі берген мәлімет бойынша 2023 жылдың өткен кезеңінде республика бойынша 1 656, оның ішінде Астана қаласы бойынша 132 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, соның ішінде 650 (Астана қаласы бойынша 81) азаматқа ескерту жарияланған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 439 875 теңгені құраған. Ведомствоның бұл статистикасына қарап отырсақ, елде әскери борышын өтеуден бас тартатындардың саны көп еместігін аңғаруға болады. Әскерге шақыру кезінде медициналық тексеріске уақтылы бармағандар немесе әскери тіркеу ережесін бұзғандар ғана аз көлемде айыппұл өтеген. Медет Тұрыскелдиевтің айтуынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардан алынған айыппұлдар Бюджет кодексінің 49-бабына сәйкес республикалық бюджет есебіне түседі.
Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметіне сәйкес әскери міндетін орындаудан жалтарып жүргендердің қарасы елордада көп. Мәселен, өткен жылдың есебі бойынша Астанада 3 мыңға жуық азамат міндетін орындаудан қашып жүр. Олардың тізімі полиция басқармаларына жолданып, іздестіріледі. Кейін заңнамада көрсетілген тәртіптерге сәйкес азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Әскери борышын өтеуге міндеттілер есебінде тұрғандар көбіне Астана қаласына уақытша келіп, басқа мекенжайлар бойынша тіркеледі. Осыған байланысты оларды табу қиынға соғады.
Қазақстанда жыл сайын 30 мыңнан астам бозбала әскерге шақырылады. Алайда олардың бестен бірі ғана сарбаз атанады. Сонымен қатар статистикалық деректер бойынша азаматтық борышын өтеуі қажет азаматтардың берген мекенжайларын тексеру барысында расталатындары да тым сирек. Сондықтан Қорғаныс министрлігі әскер қатарына қосылудан жалтарып жүргендерді заңмен қудалауға көшті.
Әскерге баруға құлықсыз жастардың әрекетінен Президент те хабардар. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы наурыз айындағы халыққа Жолдауында оларды ынталандыру керек деп нақты тапсырма берді. Қазір әскерге барған жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылады. Соның бірі – әскери қызметшілеріне кредиттік каникул беру мәселесі. Қазір бұл бастама іске қосылды.
Сондай-ақ 2013 жылдан бастап түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алмағандарға әскери қызметтен өтудің шетелдегі секілді балама түрі ұсынылып, «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» заңға өзгеріс енді. Әскери билетті міндетті түрде бір жылдан кейін емес, бір айдан кейін алу мүмкін болды. Әскерге қабылданғандар «40 күндік әскер» аталатын курста борышын өтей алады. Оған 24 пен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды, денсаулығына байланысты жарамдылығы шектелген және шақырылуы шегерілген азаматтар қатыса алады. Бұл әскер түрі ақылы – 263 318 мың теңге. Осылайша, мерзімді әскери қызмет екі жылдан бір жылға дейін қысқарды, ал енді тіпті қырық күндік әскер де қарастырылды.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдік беріледі. Жобаны іске асыру үшін қазірдің өзінде еліміздің алпыстан аса жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойылған. Бұған қоса биылдан бастап әскерге барып келген азаматтар Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнында тегін білім алады. Оларға мемлекет тарапынан үш мың грант бөлінген. Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орнына өтініш бере алады.
Әскерге шақырудан негізінен жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитындар уақытша босатылады. Сонымен қатар заң жүзінде діни қызметкерлер де әскери борышын өтемейді. Бұл қатарға әуе көліктері экипаждарының мүшелерін де қосуға болады. Негізі әскерден шақыртудан босатылатындар мен уақытша кейінге қалдырылатындар түрлі санатқа бөлінеді. Мәселен, әскери оқу орындарының түлектері, ғылыми атағы барлар, жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандар әскери міндетті өтемеуге құқылы. Отбасын құрып, балалы болғандар да Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Мүгедектігі бар әрі кісі көмегімен жүріп-тұратын туыстарын қамқорлығына алғандар, отбасындағы жалғыз асыраушылар да әскерге шақыртылмайды. Сондай-ақ педагогика, медицина салаларының өкілдері, Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарына әскерге шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға рұқсат беріледі.
Аталған санаттағы азаматтар ғана әскерден босатылып, айыппұл төлемейді. Ал бұған жатпайтын, денсаулығында кінәрат жоқ, 18 жасқа толған әрбір азамат Отан алдындағы парызын орындауға міндетті. Болмаса заңмен бекітілген айыппұл төлеуі қажет. Алайда бұл да әскерден түбегейлі босатпайды. Сондықтан сапқа қосыл, сарбаз!