Осы жылы Сауд Арабиясының «Flynas» әуе компаниясы Қазақстанға тікелей рейстер ашады. Әуе рейстер екі ел арасында тұрақты қатынамақ. Эр-Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын «FlyNas» әуе компаниясының бас директоры Бандер Әл-Моханнамен кездесіп, келісімге келді.
Елші әуе компанияның бас директорымен кездесуінде Үкіметінің екі ел азаматтарының іскерлік және туристік сапарларын жеңілдету жөніндегі іс-шаралары, оның ішінде Корольдік азаматтары үшін визасыз режімді енгізу және Қазақстан әуежайларында «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану мүмкіндігі туралы сөз қозғады.
Бандер Әл-Моханна болса компанияның қазақстандық тараппен іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға деген қызығушылығын жоғары бағалап, биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясы қалалары арасында тікелей тұрақты әуе рейстердің іске қосылатынын мәлімдеді. Екі ел арасында «Airbus A330» жаңа ұшақтары қатынайды.
Сондай-ақ тараптар биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларды Сауд Арабиясына тасымалдауға қатысты мәселелерді талқылады. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шешімімен «Flynas» әуе компаниясы еліміздің қажыларын тасымалдайтын негізгі әуе тасымалдаушыларының бірі болып белгіленген еді. Осыған орай Берік Арын ел қажыларына барынша қолғабыс етуге, қолайлы бағамен тиісті қызмет көрсетуге және қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге басты назар салуды сұрады. Бандер Әл-Моханна өз тарапынан биыл қажылық жасауға ниеттенген қазақстандық қажыларға барлық қажетті жағдайлар жасалатынына сендірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Корольдікке туристерді көптеп тартуға және екі елдің туристік және әуе компаниялары мен ведомстволарының қатысуымен төртінші роуд-шоу өткізуге уәделесті.
Атап айтсақ, «Flynas» әуе компаниясы 70 ішкі және халықаралық бағыттар бойынша аптасына 1,5 мыңнан астам рейс жасайтын жеке саудтық лоукостер. Компанияның әуе паркінде жаңа «Airbus A320Neo» және «A330» ұшақтары бар.