Елорда күні мерекесі қарсаңында, яғни кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астананы дамытудағы кәсіпкерлердің рөлі» деген тақырыпта Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мейірбек Мәжитов пен «Астана қаласы кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі ассоциациясы» ЗТҰ президенті, Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Павел Казанцевтің қатысуымен брифинг болып өтті.
Астана тек астаналықтардың ғана мерейі емес, еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды, деген М.Мәжитов еліміз дамуының локомотивіне айналып отырған елорда құрылыс, көлік, азық-түлік және басқа да салалардың қарқынды дамуына үлес қосуда екендігіне тоқталды. Бұл ретте Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының ашылуы елорда кәсіпкерлері үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болған. Елордадағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған бұл палата мемлекет пен жеке меншіктің серіктес болуы ниетін дәлелдеп отыр. Палата қызметінің стратегиясы, ең алдымен, Елбасының кәсіпкерлер алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру.
М.Мәжитовтің айтуынша, қазіргі таңда елордада 56 мыңға жуық кәсіпкер белсенді жұмыс атқаруда. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Ал олардың өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 60 пайызға жетсе, қала бюджеті түсімінің 67 пайызы солардың еншісінде екен.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнім өндіру 1 триллион 200 миллиард теңгеге жеткендігі де алға тартылды. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы төрағасының пайымынша, бұл елордада орта және шағын бизнес саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар екендігін көрсетеді. Өз кәсіптерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге палата қалалық әкімдікпен және «Даму» қорымен бірлесе отырып, Астана қаласы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашып берсе, 6 айдың ішінде оған 1100 кәсіпкер өтінішпен келіпті және де 300-ге тарта кеңес берілген.
Кәсіпкерге «бір терезе» қағидаты бойынша толық пакетті қызмет көрсету қолға алыныпты. Бұдан басқа, қалалық Кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін www.astana2050.kz. бизнес порталын ашқан көрінеді. Және де 1600 кәсіпкерді қамтыған 30-ға тарта оқыту бағдарламалары жүзеге асырылған. Палата төрағасы мұны астаналықтар арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың артып келе жатқандығымен түсіндірді. Оның сөзінен белгілі болғандай, қазіргі кезде қалалық палата «Астанада жасалған» деген тауарлар жиынтығын жариялай бастапты. Осылайша, ұйымдастырушылар елордалық өнімдерді жергілікті жерде ғана емес, халықаралық рыноктарға шығаруды мақсат етіп отырғандықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, палата «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жыл соңына дейін 1500 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсету бағытында қолдау білдіретіндігі атап айтылды.
Палатаның тағы бір басым мақсаттарының бірі – адам капиталын дамыту. Бизнестің білікті мамандарға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ол елордалық бизнесмендермен бірлесіп, қаладағы мемлекеттік құрылыс-техникалық колледжі базасында Ресурстық-технологиялық орталық ашыпты. Қазіргі таңда елордада қарқынды жүріп жатқан құрылыс саласында сұраныс пен ұсыныстың арасында айырмашылық бар екенін жартыжылдық бақылаудың нәтижесінде анықтау мүмкін болса, енді ақылы түрде оқытылған мамандар сол орындарды иеленбек екен.
Тағы бір белгілі болғаны, палатаның ұйытқысымен Қала күнін тойлау шеңберінде «Қазақ елі» алаңында 5-7 шілдеде «Шуақты қала» фестивалі өтеді деп күтілуде. Кәсіпкерлердің өз брендтерін паш ету және өнімдерін саудаға шығару үшін алаңдар тегін беріліп отырғандығы да атап көрсетілді. Енді қалалық кәсіпкерлер үшін өзінің сапалы өнімдерін өткізуде және қызмет көрсетуде үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Елордада қалалық кәсіпкерлермен өткен жиында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов үздік кәсіпкерлерді анықтайтын конкурс өткізу туралы ұсыныс айтса, оны басшылыққа алған Астана Кәсіпкерлер палатасы «Үздік инвестор», «Үздік меценат» және «Үздік кәсіпкер» номинациялары бойынша кәсіпкерлер арасында конкурс өткізгендігін қаперге сала кеткен жөн. Ал оның қорытындысы 5 шілде күні Елбасының қатысуымен өтетін салтанатты жиында жарияланатын болады.
П.Казанцев бүгінгі таңда әкімшілік кедергілердің кеміп келе жатқандығы кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттырып отыр деген көзқарасымен бөлісті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».