• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Сәуір, 2023

45 түрлі дәрі ойлап тапқан

5030 рет
көрсетілді

Ғылымға ыждағаттылық керек дегенді жиі айтамыз. Ал сол тәжірибені басынан өткізген ғалымның бірі марқұм Сұлукен Рахмадиева еді. Ол отандық фармацевтиканы дамытуға зор еңбек сіңірген еді. Бір өзі 45 түрлі дәрі жасап шықты.

Сүттіген өсімдігінің 15 түрін табаны күректей 15 жыл зерттеп, соның бәрінің де биологиялық белсен­ділігін анықтады. Оның атын шығарған ірі же­тістігінің бірі – қатерлі ісікке қарсы қолданылатын «Сүттіген» дәрісі.

Сұлукен Биғалиқызы тұңғыш рет отандық өнертапқыштарды ынталандыру үшін жарияланған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» бай­қауының жеңімпазы болған. Ол кезінде қазіргі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті Биоорганикалық химия ғылыми-зерттеу институтының директоры болып жемісті еңбек етті. Оны осы биікке көтерген жұрт назарындағы жетістіктері мен көз майын тауысып жазған 250-ден астам ғылыми еңбегі еді.

Химия ғылымдарының докторы, профессор С.Рах­мадиева табиғи және физиологиялық бел­сенді заттар химиясы, биоорганикалық химия, фар­мацевтикалық өндірістің технологиясы мен ұйым­дастыру саласында табанды еңбегі­мен көзге түсті. Елдегі өсімдіктердің ішінен биоло­гиялық белсенді қосылыстардың жаңа көздерін іздеп, олардың негізінде медицина мен ауыл шаруашылығына арналған препараттар әзірледі. Сол арқылы жаңа қор сақтағыш технологияларын әзірлеу әрі енгізу, жаңа заттар мен өсімдік текті дәрілердің биоскринингін жүргізіп, өндіріске енгізу мақсатында жаңа отандық фитопрепараттар мен олардың дәрілік формаларын дайындады.

Сұлукен Биғалиқызын жұртшылық еліміздегі тұңғыш өнертапқыш әйел ретінде жақсы біледі. Оның әр зерттеу бағыты отандық ғылымның көк­жие­гін кеңейту, ұлт ғылымына үлес қосу дейтін өзгеше мақсаттармен ұштасып жататыны шындық еді. Ғалым бір сұхбатында «Қазақстанда ғылымды дамыту ісі оның импортқа, өзге елдер технология­сына тәуелділігін азайтуға ықпал ету керек. Сол себепті еліміздің ішкі өндіріс қуаттарын, шикізат ресурстарын және ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді пайдалана білгеніміз жөн», деген екен. Бұл пікірді оның ғылымға деген адал көзқарасы деп ұққан дұрыс.

Отыздан астам патенттің авторы атанған Сұлу­кен Биғалиқызы жаңа өнімдерді халықаралық дең­гейде патенттеуге жыл сайын көп қаржы жұмсала­тынын ашық айта жүріп, отандық дәрі өндірісінің олқы тұсын бүтіндеуге тырысты. «Бір ғана «Сүттігенді» жасап, енгізу үшін 15 жыл уақытымды сарп еттім» деуі шынымен де үлкен жанкештілік.

Қазақ ғылымының көкжиегін кеңейту үшін өзіңде бар ынта мен жігерді, мүмкіндікті пайдаланып, жас ұрпаққа ғылым жолында аянбай еңбек етуге үлгі көрсеткен Сұлукен Биғалиқызының еңбегі ешқашан өшпек емес.