Күні кеше Түркі және Кавказ елдерінің назары Қазақстан мен Әзербайжанға ауды. Өйткені Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен елге келді. Осыған орай сарапшылар екі елдің қарым-қатынасын саралап, жоғары баға берді. Мәселен Әзербайжан саяси сарапшысы Русиф Хусейнов «осы кезге дейін саяси, экономикалық, мәдени салаларда тығыз байланыс орнатқан қос мемлекеттің арасына ешқашан сызат түскен емес» деген пікір білдіріп, «The Politicon» саяси-ғылыми журналында «Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынасы: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты мақаласын жариялады. Мақалада сарапшы Кавказ елдерінің ішінде Қазақстанмен тығыз әріптес әрі дос елге айналған Әзербайжан ғана екенін айтады.
Сарапшы Русиф Хусейнов мақаласында екі елдің саяси, экономикалық, мәдени байланыстарының бастауын түп тарихынан жіті қарастырады. Оның мәліметіне сүйенсек, кеңес одағы ыдырамас бұрын Әзербайжан делегациясы Қазақстанға сапармен келген. 1991 жылдың 1 қазанындағы сапар нәтижесінде екі ел 10 жылдық келісімге қол қояды. Онда бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындап, қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары көрсетілген.
Алайда Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы Каспий теңізінің әлеуетіне байланысты тереңдей түседі. Өйткені Әзербайжан Республикасы Қазақстан үшін Түркия мен Еуропаға шығатын көпір, ал Қазақстан Әзербайжан үшін Орталық Азия мен Қытайға жол ашады. Осындай перспективалардың негізінде елдер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге тез арада қол жеткізді, ал мұндай келісім жағалаудағы өзге елдерде әлі жоқ. Екі ел де континенттер арасында көпір бола алатын қолайлы геосаяси жағдайға ие бола отырып, Шығыс-Батыс көлік-энергетикалық дәлізін дамытуға мүдделі. Осылайша, екі елдің арасындағы экономикалық байланыс өркендей түседі.
2003 жылы Ильхам Әлиев Әзербайжан президенті болып сайланғаннан кейін экономикалық жобалардың ауқымы кеңейе түсті. Мұнай, энергетикалық және көлік дәлізін дамыту екі тарап үшін де зор маңызға ие болды. 2006 жылдың маусымда Ильхам Әлиевтің Қазақстанға жұмыс сапары барысында Қазақстан мұнайын Каспий теңізімен Әзербайжанға «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы тасымалдауға қатысты екі негізгі құжатқа қол қойылды. Ал 10 жылдан соң екі ел арасында жасалған келісім 100-ден асты. Әрине, олардың ішіндегі Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы келісім ең маңыздысы болып қала бермек.
Энергетика және көлік жобалары 1990 жылдардан бері Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынастарының негізгі бағыттары болды: Қазақстанның басты мақсаты – көмірсутегі ресурстарын экспорттау үшін Батыс нарықтарына қауіпсіз қол жеткізу еді. Осы бағыттағы транзиттік көпір бола алатын Әзербайжан өзін сенімді ел ретінде ұсынды. Ортақ энергетикалық жобаның алғашқысы 1997 жылы екі ел басшылары қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа тасымалдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған кезде жасалды. Бұл бастама Әзербайжан-Грузия-Түркия мұнай құбырын салған кезде күшейе түсті.
«Көптеген сарапшы, әсіресе Әзербайжан тарапы, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деп есептейді. Қазақстанды Әзербайжанның Орталық Азиядағы ең жақын одақтасы деп атауға да болады. Бұл байланыстар 30 жылда ешқандай құлдырау көрген жоқ, екі ел арасында айтарлықтай проблемалар да орын алған жоқ», дейді Русиф Хусейнов.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас халықаралық ұйымдар аясында да дамыды. Әзербайжан мен Қазақстан – БҰҰ мен оның агенттіктері, ТМД, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және Түркі кеңесін қоса алғанда, бірнеше әмбебап және аймақтық құрылымдарға мүше және қатысушы мемлекеттер.
2010 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Еуропаға жол» арнайы бағдарламасын әзірледі, оның басымдықтары ЕО-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығы және қазақстандық басқару жүйесін жетілдіру еді. Батыс елдері мен институттары өз кезегінде Қазақстанға және барлық Орталық Азияға үлкен қызығушылық танытты. Себебі Батыс елдеріне Ресей немесе Иранды айналып өтетін жалғыз көпір Әзербайжан болды.
Осы орайда әзербайжандық сарапшы «Қазақстан Ресей басқаратын ұйымдарға қосылу арқылы еуразиялық интеграциялық үдерістердің бір бөлігі болуды ұйғарғанымен, оның Әзербайжанға қатысты саясаты түбегейлі өзгерістерге ұшырамады, өз кезегінде Әзербайжан да бірқалыпты қарым-қатынасты сақтауға ұмтылды», дейді.
Негізі тәуелсіз қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 30 тамызда құрылды. Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі 1993 жылы 9 қаңтарда, ал Қазақстандағы Әзербайжан елшілігі 2004 жылы 1 наурызда ашылды. 2008 жылы 6 қыркүйекте Ақтау қаласында Әзербайжанның бас консулдығы қызметін бастады.
Русиф Хусейнов сонымен қатар екі мемлекеттің түп-тамырына үңіледі. Оның айтуынша, шын мәнінде Әзербайжан мен Қазақстанның титулды этностық топтары – әзербайжандар мен қазақтар үлкен түркі отбасынан шыққан. «Ділі бір, діні бір» немесе «тілдері бір, діні бір» деп аталатын әзербайжан-қазақ бауырластығы Алтай тауынан тараған және ислам дінімен нығайған түркі халықтарының түп-төркінінен бастау алады. Әзербайжан және қазақ тілдері түркі тілдерінің түрлі топтарына жататынына және бір-бірін түсінбейтініне, сондай-ақ әзербайжандар исламның шииттік тармағын, ал қазақтар сунниттік ханафилік мазхабын ұстанытынына қарамастан, екі елді көптеген ортақ фактор байланыстырады. Олар бір-бірін серіктес ел болудан да артық санайды.
Қазақстан Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындаған елдің бірі, ал бұл көрші Армениямен қазіргі қақтығыс жағдайында Әзербайжан үшін маңызды болып отыр. Оның үстіне Қазақстанда кем дегенде 100 мың әзербайжан ұлты қоныстанған, олар да екі елдің бауырластық және достық қарым-қатынасын нығайтуға үлестерін қосып келеді.