Бүгін Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Мәжіліс кулуарында Жаңаөзеннен келген бес мұнайшы Астанада ереуіл ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол әкімдіктің, прокуратураның бейбіт жиналыстар өткізу ережелері туралы түсіндірулеріне қарамастан, мұнайшылар тарай қоймағанын атап өтті. Оның айтуынша, полицияға барлығы 120-126-дай адам жеткізілген.
«Бұл мәселені шешу үшін «ҚазМұнайГаз», сондай-ақ Энергетика министрлігінің басшылық құрамы осы жұмысшылармен кездесу өткізді. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дәл бұрынғы еңбек жағдайы және дәл бұрынғы жалақысын сақтай отырып Маңғыстаудағы басқа компанияларға жұмысқа кіргізу ұсынылды. Дегенмен ереуілге қатысушылар ол ұсынысты қабылдамады. Айта кетерлігі, жиын өткізу тәртібі бұзылды. «Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы» ҚР заңына сәйкес, мұндай жиналыстар хабарлау арқылы өткізіледі, яғни жергілікті атқарушы органдарын тиісті белгілеген жерде бес күн бұрын алдын ала хабардар ету қажет. Бірақ компания жұмысшылары тарапынан мұндай хабарлама жолданбаған. Сол себепті прокуратура органдары жергілікті атқарушы органдармен бірге бұл жұмысшыларға осы заңның талаптарының сақталуын бірнеше мәрте түсіндірді, тиісті хабарлама беруді сұрады және оны сақтамаған жағдайда заңсыз ереуіл өткізіліп жатқан жерді босатуды ұсындық. Дегенмен заң талаптары сақталмай, заңсыз жиналыс жалғаса берді», деді Жандос Өміралиев.
Ол осы себепті қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында және әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жиналысқа қатысушылар ішкі істер органдарына жеткізілгенін атап өтті. «Оның нәтижесімен тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді. Барлық жұмысшы қайтарылды. Бірақ ішінде айрықша белсенділік көрсеткен бес азаматқа қатысты тиісті әкімшілік іс қозғалып, оларға ескерту тәртібінде шара қолданылды. Дегенмен олар да үйіне қайтарылды», деді Ж. Өміралиев. Еске сала кетейік, 10 сәуірде 60-70 мұнайшы Энергетика министрлігі ғиимаратының маңында наразылыққа шыққан болатын. Алайда жұмысшылар бейбіт жиын талаптарын бұзғаны үшін ұсталған еді. Осыдан кейін жұмысшылардың талабы тендр талабымен сай келмейтіні туралы А. Көлгінов пікір білдірді. Жаңаөзен әкімі де тұрғындарға үндеу жасады. Ал мұнайшылардың талаптарына қатысты Энергетика министрлігі түсініктеме берген. Ведомство бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидаларын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайтынын айтқан. Бүгін Жаңаөзен мұнайшылары келісімге келді.