Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы аясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында өзін алаңдатқан бірнеше мәселеге тоқталып өтті.
«Әлем қауымдастығы бірлесіп шешімін табуға тиіс аса күрделі мәселелер бар. Жаһандық жылыну үдерісін бәсеңдету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және індеттің салдарын жою айрықша маңызды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқының ортақ мақсаты – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу.
«Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Яғни, ғылыми дамудың соңында қалмай, осы прогресті анықтайтын мемлекеттердің қатарында болу – негізгі міндет. Бәлкім, бұл міндет тым күрделі көрінер. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қоюымыз керек. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті жетеді. Бұл міндеттің оңай емес екенін түсінемін. Алайда біз оны сөзсіз орындауға тырысуымыз қажет. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.