• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Сәуір, 2023

Өркен жайған «Өрлеу»

238 рет
көрсетілді

А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі хореографиялық оқу орындары арасындағы VIII «Өрлеу» халықаралық байқауын өткізді. Бұл халықаралық байқау әлемнің жетекші балет мектептері арасындағы халықаралық байланысты дамытып, нығайту мақсатында 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Содан бері байқаудың ұ­йым­дас­тырушылары хореогра­фия­лық оқу орындары арасында кең тәжірибе алмасуды жүзеге асырып, классикалық би өнері бағытындағы жас дарындардың есімін анықтап, классикалық, халық және заманауи бидің ең озық дәстүрін дамытып, орындау шеберлігін арттыруды басты міндет етіп белгіледі. Сондай-ақ елдің хореография­лық өнері мен білім беру ісінің бәсе­кеге қабілеттілігін артты­рып, имид­жін қалыптастыру үшін ­де бұл бай­қаудың мәні зор. 2018 жылы бұл байқау ЮНЕСКО-ның қамқорлығы­на алынған аты аңызға айналған әй­гілі Юрий Григорович жетекшілік ететін Халықаралық балет бай­қаула­ры феде­рациясының мү­шесі мәртебе­сін иеленді. Дәс­түрлі түрде өтіп келе жат­қан халықаралық  бай­қау 150-ден аса қатысушының басын қосып, географиялық ауқы­мын жыл сайын ке­ңейтіп келе­ді. Биылғы байқауда Қырғызстан, Өзбек­стан, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің үміт­кер­лері бақ сынады.

«Өрлеу» байқауы хорео­гра­фия­лық білім беру саласында ди­дактикалық-әдістемелік мін­дет арқалайды. Биылғы VIII маусым Қазақстанның ха­­лық әртісі, көрнекті балет би­шісі Сара Көшербаеваның 90 жыл­дық мерейтойына арналып отыр. Бұған қоса, «Селезнев оқу­лары» халықаралық ғы­лы­ми-зерттеу конференция­сы «Қа­­зақ хореографиялық өне­рі мен білім беру ісінің көр­нек­ті қайраткерлері» және «Ұлт­тық хореографиялық өнер жә­не білім беру ісінің өзекті мә­се­лелері» атты тақырыбына ар­на­лып, балет өнерінің майталман маман­да­ры Дәурен Әбіров пен Болат Аюханов секілді ұлттық балет өнері бірегей тұлғаларының шығармашылығын жан-жақты талдап, еңбегіне баға берді. «Қа­зақ, қырғыз және өзбек билерінің үлгісіндегі түр­кі халықтары ха­лық билерінің ұқсасты­ғы мен ерекшелігі» атты тақырыппен конференцияның көрнекілік бөлімі Алматы, Бішкек және Ташкент хорео­графиялық учи­лищелерінің педагог маман­да­рының қатысуымен өтті. Бай­қау аясында Қазақстан және шетел хореографиялық өнерінің жетекші мамандары шеберлік сабақтарын ұйым­дастырды. Францияның «Ruée des Arts» би ұжымының заманауи хо­рео­графия бойынша көрсет­кен ше­берлік сабағын осы сала саң­лақтары жоғары бағалады.

Байқау тарихында бірінші рет соңғы тур, сондай-ақ ауқымды гала-концерт Almaty Theatre-дың сахнасында өтіп, оған алматылық көрермендер мен қала қо­нақтары қатысты. «Классикалық би», «Халық биі», «Заманауи би» аталымы бойынша үлкен, орта, кіші топ лауреаттары анық­­талып, «Са­ра Кө­шер­­баева атын­дағы үздік орын­­дау­шы», «Дәурен Әбіров атын­дағы үз­­дік орын­даушы» жүлдесі және «Бо­лат Аюха­­нов атындағы арнайы жүл­де»,­ «Же­­ңіске деген жігері үшін», «Кө­рер­­­­мендер көзайымы», Адам мен Гүл­­­нара Қапановтардың арнайы жүл­­­­де­сі айрықша талантымен топ­ жар­­­­­­ған жас дарындарға табысталды.

 

АЛМАТЫ