«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Тұрар Рысқұлов ауданындағы Т. Рысқұлов мектеп лицейінде Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай «Толғанысқа толы ғұмыр» тақырыбында оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова және жергілікті қаламгерлер қатысты.

Іс-шара әйгілі композитор Әсет Бейсеуов сазын жазған ақынның «Маралдым» әнімен ашылды. Кейіннен ақынмен жақын араласқан қаламгерлердің естеліктері бейнесюжет арқылы көрсетілді. Оқырмандар конференциясына бейнебайланыс арқылы қосылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов Ұлттық музейдің атынан мектеп-лицейге 25 кітап жолдайтынын жеткізді.
«Қазақ әдебиетінің алыбы, ұлт поэзиясының шоқ жұлдызы Мұзафар Әлімбаевтың шығармаларын жасөспірімдер қай кезде де оқып өсуі керек. Жалпы, балалардың қазақтың кешегі және бүгінгі көркем әдебиетімен бір кісідей таныс болуы үшін қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Мектепте әдеби кештерді жиі ұйымдастырамыз. Сол арқылы олардың рухани құндылықтың бұлағынан сусындап өсуіне ден қоймақпыз», дейді мектеп директоры Ербол Қайпұлдаев.
Тағылымы мол іс-шарада сөз алған кітапханашылар Гүлбайра Танысқожаева, Алтынай Әлімбекова Мұзафар Әлімбаев шығармаларының тәрбиелік мәні, поэтикалық қуаты туралы жасөспірімдерге мол мәлімет берсе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базаркүл Тоқтағанова арнау өлеңін оқыды.
Оқырмандар конференциясында сөз алғандар Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы туралы әңгімелеп қана қоймай, бүгінгі жас қаламгерлердің туындылары туралы пікірлерін де ортаға салды.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы, Луговой ауылы