• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2014

Елорда үлгі қалаға айналды

493 рет
көрсетілді

– дейді академик Жабайхан Әбділдин

Имани жақсы іске, қайырымы мол игілікті жұмысқа, қайыры бар тірлікке илану парыз. Оны көре білу, түсініп, түйсіну әр адам үшін кешпес қарыз. «Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік» (Мұхтар Әуезов) деп сондай елдік іске ұласып, оның басында тұрған тұлғаның, қасында жүрген азаматтардың абыройы асса, тіпті керемет. Сондай кемелдіктің бір көрінісі деп Елбасының ұлы идеясымен бой көтерген Астана қаласын айтуға болады. Тамыры тереңде, керегесі қалың, шаңырағы шалқыған шаттыққа толы деп келген Кеңес дәуірінің күні өтіп, шіріген бұғауы бырт-бырт үзіліп, іріген идеясы икемнен кетіп, тоталитарлық жүйенің ойраны шыққанда қыспақта отырғандар азаттығын жариялап, туларын көтеріп, түп тамырына қайта оралды. Сол қатардан Қазақ жұрты да табылды. Әрине, бүлінгеннен бүлдірге алмай, өз алдына ту тігіп, шаңырақ көтеру алғашында оңай бола қойған жоқ. Басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпей, жетелі мұны түсініп, жеңіл ойлы әркімге бір соқтығып жатқан тұста бұл былайғы халыққа да ауыр тигені анық. Оның үстіне ұлан-асыр жеріміздің қызығын көріп қалғандар қалай да бір сылтау тауып мұқатып қалуға тырысты. Осындай алмағайып уақытта ұлттың тұстастығын, жеріміздің бүтіндігін алдын ала ой елегінен өткізіп, үш ұйықтағанның түсіне кірмейтін бастаманы бекем қолға алып, астананы ел кіндігіне көшіруді Президент қолға алды. Алда айтқанымыздай, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ой биігінен туындаған идеясы болатын. Мұндай байлам алғашында тосын естілгенмен, кейін елдің ертеңін, ұрпақтың болашағын алыстан болжаған зиялылар қауымы: «е, бәсе» десті. Осы жерде Мемлекет басшысының өз сөзін еске түсіріп көрелік. «Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл тасқа басып кеткен бабалар сөзінің ұшқынындай естіледі. Елбасы­ның осы асыл ойы жұртқа қалай жетті дегенді біз сол тұста халық қалаулысы, кейін сенатор болған, қазақ ғылымының айтулы өкілі, академик Жабайхан ӘБДІЛДИННЕН сұраған едік.

– Мен ол кезде Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты едім, – деп бастады әңгімесін академик Жабайхан Мүбәракұлы. – Философияда аса талант­ты да, көрнекті басшылар туралы қағи­да­лар көп. Сол қағидалар бойынша талант­ты, ақылды басшының басқадан айырмашылығы қандай дегенге келетін болсақ, ол уақытына, заманына, дәуіріне сай озық ой айтады, үлкен идеяларды ортаға салады. Сол арқылы алда тұрған міндеттерді мүлтіксіз шешеді. Ондай кемел басшылар әлемде санаулы. Санау­лы саңлақтардың қатарында Петр І, Ататүрік, біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, тағы басқалар бар. Нұрсұлтан Назарбаев та азаттығымызды алғаннан кейін көптеген елге керек, халықтың өркенін өсіріп, өрісін кеңейтетін озық ойларын жұртқа жеткізіп жүрді. – Соның бірегейі астананы Ал­маты­дан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшіру дейсіз ғой. – Айтар сөзімнің үстінен түстің. 1994 жылдың 6 шілдесінде болған Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысына Президент қатысты. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы айтып, алдымызға үлкен мәселе қойды. Шыны керек, бұл ұсыныс депутаттарға төбесінен жай түскендей әсер еткенін жасыра алмасақ керек. Алматы – қиып кете қоймайтын сұлу қала. Оның үстіне әбден бауыр ба­сып, үйреніп кеткенбіз. Осындай жұмақ Алма­ты­дан астананы қиырдағы Ақмолаға көшіру ақылға сыймайтын секілді. Оның үстіне Ақмола онша дами қоймаған қала еді. Оны келіп-кетіп жүргенде білетінбіз. Әрине, әдемі Алма­ты­ның да проблемасы бар болатын. Оның бастысы экологиялық жағдайы еді. Оған қоса халық саны жыл сайын артып бара жатқан. Миллионнан асып кеткен еді. Бұған қоса, жер сілкіну қаупі де жиі айтыла беретін. Соған байланысты биік ғимараттар салу қиын делі­нетін. Және бір нәрсе, Алматы – мемлекет шетінде орналасқан қала. Отанымыздың төрт бұрышына жету оңай болмайтын. – Сол тұста экономиканың жағдайы да көңіл көншітпеу былай тұрсын, Шекспирдің кейіпкері айтатындай не өсу, не өшу алдында тұрды емес пе? – О не дегенің? Көргендердің, куә бол­ғандардың есінде болар. 1994 жылдары өндіріс қирап жатты. Мұғалімдер, жұ­мыс­шылар айлық ала алмады. Зейнет­керлердің де жағдайы қал үстінде тұрды. Осындай уақытта орын алмастыру қалай болады деген ой көп мазалады. Әлденіп алған соң қозғалсақ қайтеді дегендер де табылып жатты. Оның үстіне болашақ астанада мықты кадрлар кемшін еді. Қазағы да аз болатын. Ғылыми орталық жоқ. Ендеше, қалай көшіп барамыз, ел­ді­гімізге енді қол жеткенде оны мүл­­де әлсіретіп жібермей ме деген сұрақ­­тар көкейде жүрді. Бір жағынан тағы ойладық, бұл жай әңгіме шығар. Себе­бі, Хрущевтің уақытында Мәскеуді бұ­рынғы Ленинградқа көшіреміз деген әңгіме болған. Ол осы күнге дейін сол әңгіме күйінде қалды. Бұл бастама да солай болатын шығар деп жүрдік. Осы уақытта Жоғарғы Кеңес депутаттары тарап кетті. Жаңа сайлау болды. Екі палаталы Парламент депутаттарының корпусы жасақталды. Сөйтіп, 1996 жылдан біз жаңа бағытта жұмыс жасай бастадық. Мен сенатор, сонымен бірге, Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін қоса атқардым. Бұл кезде Ақмолада құрылыс жұмыстары, өзге де іс-шаралар атқарылып жатыр дегенді еміс-еміс естіп жүрдік. Содан 1997 жыл­дан кейін мемлекеттік нысандар Алматы­дан Ақмолаға ауыса бастады. Сол жыл­дың желтоқсан айының 10-ы күні депу­таттар корпусы – бәріміз Алматыдан Ақ­молаға бет түзедік. Бүкіл Алматы жұрт­­шылығы оң батасын беріп, керемет са­л­­танатпен сырнайлатып шығарып сал­ды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы жар­қылдап, жайнап жүр. Ақмолада алқалы жиын өткізді. Жұртшылықпен жүздесті. Қаланы аралап көрсек, әжептәуір игілікті істер атқарылыпты. Оған қуан­дық. Бірақ, Ақмоланың ақ бораны ұрып тұр. Қиыршық қар көзді аштырмайды. Буынып-түйініп Ақмолаға бір-ақ келу үшін Алматыға қайтуымыз керек. Қайтар жол ауыр тиді. Ақ боран адым аштырмай, пойызбен кері қайттық. Көшбасында Елбасы тұрған соң былай деу артық. Бабалар дәстүрімен көшбасындағы аза­матты сыйлау, айтқанын орындау міндет. Оның үстіне Мемлекет бас­шысының бойындағы ерекше қажыр-қайрат, жанып тұрған жігер бізді де қанаттандырды. Осындай кезде ойыма аталарымыздан қалған аталы сөз, «Тәуекел түбі жел­қайық, өтеміз де кетеміз» оралып еді. Қазақ бет алған жағынан қайтпаған. «Алла жарылқасын!» деп қадамын нық басып, алға ұмтыла берген. Біз де сол жолды жалғадық. Ақмолада екі пала­талы Парламент береке-бірлікте жұмысын бастап кетті. Бас-басымызға үй қайда, жатақханада тұрдық. Асыл азамат Қаратай Тұрысов екеумізге де бір-бір бөлмеден тиді. Біраз жасқа келгенде баяғы жігіт шақты еске алып, қиналғанмен «Бұл да қызық, барға тәубе!» деп тұрып жаттық. Апыр-ай десеңізші, қақаған аязда бой жылытайық дегенде бір жібі түзу, тамағы дәмді асхана таппаған кез де болды ғой. Көп азаматтар жұма күні Алматыға тартып кетіп, жексенбі, дүйсенбіде оралып жүрді. – Қазақтың бұл тірлігінен түк шықпайды деп сәуегейсігендер де табылды емес пе? – Табылғанда қандай. Ұлардай шулап жат­ты ғой. Әсіресе, Мәскеу газет­тері со­ңы масқараға ұласады деді. «Расын­да бұл қиын болды-ау. Бекер шашы­ла­тын болдық-ау» дегендер өзі­мізден де табылды. Әйтсе де бел шешіп кіріскен іс өз нәтижесін бере баста­ды. Оған Елбасының аса сергек, ұйымдастырушылық қабілеті үл­кен септігін тигізді. Кеңінен ойлап, алыс­тан болжайтын алғырлығы, алымдығы бөлекше көрінді. Есіл жиегінен бір, бір жарым жылда жақсы үйлер, дүкендер бой көтерді. Күдікті үміт жеңе бастады. Екіұшты пікір, құбылған ой ай санап, тіпті күн санап, азайып өркен жайған Ақмоланың дамуы көңілге қуаныш ұялатты. Сол уақытта ғана біз Елбасы идеясының түп-тамырын түсіндік. «Е, бұл орындалмайтын сөз емес болды. Елдің келешегіне жасалған жасампаз тірлік екен. Тәуелсіздіктен кейін­гі небір қайшылықтарды шешудің жолын кемелдікпен тұжырымдапты-ау!», дестік. – Жабайхан Мүбәракұлы, «көз – қорқақ, қол – батыр» деп бір кездегі көп күдік сейіліп, ұлы идеядан туған тірлік қарқын алып, қабырғалы елдің астанасы санаулы жылдардың ішінде шен­еуніктер қаласынан рухани орта­лыққа, экономиканың тірегіне ай­налды. Дәулетіне сәулеті сай елдің елор­дасы әлемдегі сен тұра тұр, мен айтайын дейтін мықтылар қатар отырып, ой жарыстыратын, пікір бөлісетін іргелі мекенге айналды дегенге қосыласыз ба? – Қосылғанда қандай! Кейде алғаш­қы кездегі қысқа ойларға бой ал­дырғанымызға кәдімгідей ыңғай­сыз­данамыз, Елбасының кемелдігіне дән риза болып жүреміз. Алда айттым, жас қалада істі дөңгелетіп әкететін кадр аз болар-ау деп. Қазір олай дей алмай­сың. Президенттің идеясын мүлтіксіз игере­­тін мықты кадрлар елордада жетіп ар­ты­­лады. Ана бір жылдары қаржы жағы да аз сөз болған жоқ еді. Ендігі жер­­де Аста­на ел экономикасының ло­ко­мотивіне айнал­ды. Инвесторлар ақша­сын аямай са­лып жатыр. Соның нәтижесі, Есілдің оң жағы мен сол жағына небір алып құ­ры­лыстар салынып, сәулет өнерінің жау­һар­лары жаңғыру үстінде. Халық саны да артып отыр. Осы қарқынмен кете бер­се, таяу жылдары миллион тұрғынға жетері күмәнсіз. Астанадағы мәдениет орта­лық­тарына баратын халықтың қарасы көңіл­ге медеу ұялатады. Бұл да өскендіктің бел­гісі. Өзің айтқандай, төрткүл дүниенің озық ойлы азаматтары жылына бір емес, бір­неше рет бас қосатынына куә болып жүр­міз. Мен ондай алқалы жиындар тура­лы таратсам, әңгіме ұзарып кететін шы­ғар. Бәйтерек кешеніне таяу жерде тұра­мын. Ертелі-кеш «Нұрсая» мөлтек ауда­нында, мәуелі Бәйтеректің төңірегінде қыдырыстап жүреміз. Үлкен-кішімен әңгіме-дүкен құрамыз. Сондай сәттерде алыс-жақын шетелдерден келген азаматтармен тілдесеміз. Олар: «Санаулы жылдар ішінде мынандай қала салған қазақ қандай мықты халық, Елбасыларыңыз қандай кемеңгер адам, бақтарыңыз зор, тәлейлеріңіз мол екен» деседі. Көтеріліп қаламыз. Жақсы сөз – жарым ырыс емес пе! Мен де іркіліп қалмай, олар біле бермейтін ұшан-теңіз табыстарымызды, ертең атқарар жұмыстарымызды тарата айтамын. Сонда: «Неткен мемлекетшіл ұлт ұланысыздар!» дейді. – Астананың өскеніне қарап, елдің өскенін көруге болады. Бұған сіздің де қосарыңыз бар шығар. – Әрине. Астана бұл күндері өз Отаны­мыз­ға емес, әлем үшін де үлгі қалаға айналды. Бақ тәлейімізден, бейбітшіл ниетімізден болар, санаулы жылдардың ішінде осындай тамаша қала бой көтерді. Солардың қатарында Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, Орталық цирк, «Хан Шатыр», «Қазақстан» концерт залы, «Астана Опера» – тізе берсем өте көп. Күні кеше тұсауы кесілгендері қаншама! Елордадағы мұндай жіті қимыл, өңірлерде де өрістеу үстінде. Абай айт­қандай, қазақ елінің қалалары Астанаға қарап бой түзейтін болды. Алматы әдемі қала еді, Астана сұлу қала болып қалыптасты. Жалпы, жаңа жерде ой­ға алғанның бәрін іркілмей жүзеге асыру­ға болады. Оған Астананың әр тұсы­нан бой көтеріп жатқан жоғарыдағы ғимараттар куә болады. Гегельдің айтаты­ны бар: «Жаңа қала салу қиын. Бірақ ескі қала орнына жаңа қала салу, ол тіпті қиынның қиыны». Бұл шын­дық сөз. Бұрынғы қаланың ішінен жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізем десең, ол оңай жүзеге аса қоймайды. Өйткені, әр бұрынғы ғимараттың өзіндік тарихы бар. Оны аттап өту жайы оңайға түспейді. Менің топшылауымша, Астананың келешегі өте зор. Мұнда жер сілкінбейді. Сексен, тоқсан, жүз қабат керемет үйлер тұрғызуға болады. Болашақта соның бәрін Елбасының идеяларына сүйене отырып, бүгінгіден де керемет архитектуралық шешімдермен жаңа елдік ғимараттар, ұлттық үлгідегі тұрғын үйлер салып жатсақ нұр үстіне нұр. Астанада айтулы спорттық кешендер де бой көтерді. Менің тағы бір айтайын дегенім, қазақ қашанда жылқыны ерекше бағалаған. Енді, Арқа төсінде бір үлкен ипподром салынса құба-құп. – Бір кездегі ауыл жағалаған қазақ қалаға келе бастады. Бұл да заман талабынан туған үрдіс емес пе? – Солай. Бұрын ұлтымыздың 73 пайы­зы ауылда тұрса, бұл көрсеткіш қазір көп төмендеді. Әсіресе, Астана қаласы қазақиланды. Елордада бір ғана қазақ мектебі бар еді, қазір бірнеше ондықты құрап отыр. Қазақ тілінің аясы да кеңейіп келеді. Иә, әлі де олқы тұстарымыз бар. Оны той үстінде жетістікпен қоса жетілдірсек деп мәселені айтқан дұ­рыс деп білемін. Тіл үшін өзгені кінәлау­дың қажеті жоқ. Әр отбасы тілге құрмет көрсетуі тиіс. Өзі қазақ, Қазақ елінде өмір сүріп жатқанын ұғынуы керек. Бүкіл қазақ қазақ тілінде сөйлесе, өзгелер өзі-ақ үйренеді. Мәселе өзімізде, намыс­сыздығымызда болып тұр. Елбасы әр жыл­дардағы Жолдауында, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында, өзге де ал­қалы жиындарда мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеру, қажеттілікке жарату жайын тайға таңба басқандай айтып келеді. Неге екенін қайдам, соны мүлтіксіз орындауға келгенде салақтық танытып жатамыз. Біреулер келіп істеп беретіндей бірімізге біріміз ақыл айтудан жалықпаймыз. Көбіміз бар пәлені КСРО-ға жауып, ақталуға бейімбіз. Сол кезде мына өзбек бауырлар, ана армяндар, грузиндер өз тілінде сөйледі. Мен сол КСРО дәуірінде Арменияда өткен ғалымдар жиынына қатысқаным бар. Мәскеуден атақты оқымыстылар келді, бірақ армяндар жиынды өз тілінде жүргізді. Ешкім бұл қалай демеді. Ал біз қазір тәуелсіз елміз. Ендеше Астана тіл жағынан да үлгі болса екен деймін. Елбасы айтқан тапсырманы орындасақ ұтылмас едік. Әсіресе, мұны биліктегі бауырлар бірінші ойлауы тиіс. Осы арада мынандай бір мысал ай­тайын. Оны Міржақып Дулатовтың кітабынан оқыдым. Ресейдің қол астында отырғанда, қазақ арасында болыс сайлауы өткені тарихтан мәлім. Бір өңірде сондай бәсеке өтіп, билікте жүрген болыс 95 пайыз дауыс алыпты. Онымен қатар түс­кен Жақып деген жігіт 5 пайыздан аса ал­мапты. Ол кезде сайланған болыс­ты генерал губернаторлар бекітеді екен. Оның алдына барғанда генерал губер­натор 95 пайыздың иесінен орысша тіл білесің бе десе, басын шайқапты. Ал 5 пайыз дауыс алған Жақып орысша сөй­лей де, жаза да алады екен. Генерал гу­бер­­на­торға керегі тіл білетін кісі. Сөй­­тіп, ол болыс болып шыға келіпті. Со­дан шығар, қазақтар балаларын орыс­­ша оқы­туға талпыныпты. Менің аталарым­ның да сондай ұмтылысқа барғанынан хабардармын. – Тіл білмейтіндер қазақ тілін үйре­теміз деп жар салып жүр. Бұған қалай қарайсыз? – Қалай қараймын, ол тіл білмей тұ­рып, тілді қалай үйретпек? «Аңқау елге арамза молда» деген сөз бар еді ғой. Сол тәрізді нәрсе шығар. Оның артында ақша тұр. «Білу, білмеу өз міндетің, ақшаңды төлесең болды» дейді ондайлар. Сондай «табыскерлер» көбейіп барады. Тыйым жасау керек. Тілімізді өйтіп әжуаға салуға болмайды. – Астана әсем қалаға айналды. Енді оның экологиясын таза ұстау мәсе­ле­сін де ойластыруымыз керек секілді. – Орынды мәселені көтеріп отырсың. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жасыл белдеуін аралағанда Астана орманының қалай жүзеге асқанын айтты. Біз «Астана қалай салына­ды, қалай өркендейді» деп жүрсек, Мем­лекет басшысы бас қаланы жасыл желекпен көмкеруді де ойластырып қойыпты. Жоғарыда айттым ғой, алғаш келгендегі Ақмоланың ақ боранының қандай болғанын. Қазір сол ақ боранға «Президент орманы», яғни жайқалған 70 гектар жердегі жасыл желек «қорған» болып тұр. Мен мұны неге айтып отырмын, экологияны сауықтыратын – жасыл желек, қалың орман. Біз осындай орман өсірумен Бурабай, Оқжетпес, ондағы көлдердің тазалығын сақтай білуге қол жеткізе аламыз. Әр азамат бұған өз үлесін қосуы керек. Біреу біреуге сілтемей, жоғарыға қарамай, «Мен осы Қазақ елінің азаматымын», десе, жайқалған дүние гүлдене береді. Президент сол жасыл белдеуді аралап жүріп: «...атасы отырғызған бақтың қызығын ұрпағы көреді», деді. Бұл таза көңілден шыққан аталы сөз. Аталы сөзге ақымақтан басқаның бәрі тоқтаса керек. – Сонда санамызды сәулелендіру керек дейсіз ғой. – Иә, бәрі санада, ұлттық намыста жатыр. Өзімшілдік өкіндіреді, ұрпақты адастырады. Туризм туралы айтып жүрміз. Бұл үлкен мәселе. Осыны жақсы жолға қойсақ, сана түзеліп, табиғатқа жанашырлық артар еді. Өйткені, адамдар өңірлеріндегі әдемілікті бүлдіруге батпас еді. Әрі жат қылықты тежер еді. Тағы бір айтайын дегенім, Астанаға ұлттық үлгі көп керек. Ұлттық дүние деп кейбір азаматтар болсын, болмасын киіз үйдің, ою-өрнектің үлгісін салады, не іліп қояды. Бұл ұлттық үлгі емес. Талғам болуы тиіс. Талғамды арттыру жолындағы талапты күшейту қажет. Онсыз ұлтты ұятқа қалдырамыз. «Өткенің, тұтынған бұйымың осы ма?» дейді сырт көз. – Ескерткіштерге де талап керек дегенге айтар тұжырымыңыз қандай? – Бұл да ойланатын нәрсе. Әр тұлғаның өз бет-бейнесі, болмыс-бітімі бар. Соны тап баспаған жерде ескерткіш ажары ашылмайды. Сонымен қатар, ескерткіштерді жасайтын өнер иелерінің бойында қазақы рух мықты болуы керек деп ойлаймын. Кейде үш бидің Төле, Қазыбек, Әйтекенің үлкен ескерткіштерін тұрғызуды қолға алсақ қой деген ойға батамын. Ол елорданың көркі болар еді. Ұрпақтар тағзым етер орынға айналар еді. Бұл көтерген мәселем, Астананың келбетін кеңейте берсе деген ойдан туындап отыр. Біз бүгінімізбен шектеліп қалатын халық емеспіз. Қашанда мәңгілік ел болу ниетіндегі жұртпыз. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы да осындай ұмтылыстан, келешекке деген талпыныстан туып отырғаны анық. Мен Астана күнін бұл – елді, ұлтты ұйыстыратын, өзге этностармен қатар береке-бірлікте өмір сүріп жатқан ынтымағымызды дәйектейтін мерейлі де мәртебелі мерекеміз деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».