Бес кір сабын бір қойға бағаланған тоқсаныншы жылдары халықтың ақпар алар көзі жоқ еді. Әйтпесе, Құдайдың құтты күні әр үйде сойылып, іш майы іске аспай, ит жеміне айналғанда одан кір сабын жасап шығаруды меңгеріп-ақ алар еді. Осы күні Қарқаралы ауданы Жаңатоған ауылындағы Мейірлан Бодау және Думан Қожакеев есімді азаматтар малдың ішмайынан кір сабын дайындап жатыр. Химиялық қоспасы жоқ, таза табиғи өнім деседі өздері. Сертификатын әлі алып үлгермегеніне қарамастан, ел ішінде айтарлықтай сұранысқа ие болып үлгеріпті.
Мейірлан мен Думанның цехы аулада орналасқан. Күніне 500 кесек кір сабын шығарады. Осыдан екі ай бұрын бастау алған жұмыс қазір қарқын алып келеді. Идеяға түрткі болған интернеттегі Ұлан Құрманғалиевтің арнасы екен.
– Интернеттен біршама мәлімет, ақпарат жинай келе, «осы өзіміз неге кір сабын жасап көрмеске?» деген ой келді. Содан Алматыға барып, арнайы дәріс тыңдадық. Қажетті құрал-жабдығын да сатып алдық. Сабынның негізгі құрамы – май. Қоспаларында айтарлықтай химикат жоқ. Бұл – таза табиғи өнім. Жобамыз екі ай жұмыс істеп келеді. Содан бері сабын шығаруды толық меңгердік, – дейді Мейірлан.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, сұраныс жоғары. Қазір Қарқаралы ауданы аумағында саудаға шыққан. Күніне 500-1000 дана сабын сатылады. Өнім тапсырыс көлеміне қарай шығарылады.
Мемлекеттен әзірге ешбір қолдау алмаған кәсіпкерлер алдағы уақытта облыс әкімі грантына өтініш беруге мүдделі. Егер грант алса, сабынның сыртқы орауын жолға қоймақшы. Келешекте жұмысты жандандыра түсіп, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартуды да көздеп отыр.
«Алдағы уақытта ірі сауда орталықтарына сабынымыздың сатылуына рұқсатқа қол жеткізсек, бұл да бір жетістік болар еді. Енді сол мақсатқа жету үшін әрекет етеміз», дейді Мейірлан.
Сабын «Жаңатоған» маркасымен шығады. Бұл – ауылдың атауы. Салмағы үш түрлі: 150, 200 және 250 грамм көлемінде. Сапа сертификатын алған соң кәсіпкерлер жобаға қуат бермекші. Тағы бір атап айтарлығы, бұл кір сабынның бағасы орташа нарықтық құннан біршама, яғни он пайызға арзан.
Бұған дейін кәсіпкерлер аудан әкімі грантын ұтқан. Сөйтіп қымыз өндірісін іске қосыпты. Онымен тоқтап қалмас үшін сабын шығаруды қолға алған жөндері бар. Сабынның негізі малдың іш майы болғандықтан, тұрғындар кәсіпкерлерге іш майды әкеп өткізе бастапты.
Қарқаралы ауданының тұрғыны Айжан Қыпшақбаева «Жаңатоған» сабынын тұтынып көрген көптің бірі. Айтуынша, өзге сабындар секілді емес. Олардан сапалырақ. Жағымсыз иістен ада. Кір жуғанда оны ашуы да жақсырақ.
«Cабынның түсі де, иісі де жақсы. Мүлдем иіс жоқ десе де, артық емес. Кей сабындарда бір бөгде иіс шығып тұрады ғой әдетте. Мына «Жаңатоған» сабынында ондай иіс мүлдем сезілмейді. Қайбір сабындар секілді езіліп те кетпейді. Ұзақ уақытқа жетеді», дейді ауыл тұрғыны.
Кәсіпкерлер келешекте сабынды әлі де жетілдіруді көздейді.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Жаңатоған ауылы