Қызылорда қаласында қарттар мен мүгедектердің интернат-үйі жанынан өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға арналған “Мейір” оңалту орталығы есік ашты.
Орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов сөз сөйледі.
– Халқымыз ежелден-ақ жетімін қанатының астына алып, желеп-жебеп жүрген. Қараусыз баланың қоғамнан шеттеп, жат қылықтарға үйірсек болатыны белгілі. Ондай жағдайлар өмірде бар. Бұл мейірімділік үйі қиын жағдайда қалған балаларды тәрбиелейді, күтімге алады, бағыт сілтеп, жөн жолға түсіреді. Осыдан біраз бұрын “Азаматтық Альянс” қауымдастығы, “Игілік” кооперативтік қоры және облыс әкімдігі арасында бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы үшжақты меморандум қабылданған болатын. Осы келісімде 42 жоба бекітілген, соның 17-сі іске асып отыр. Бүгінгі оңалту орталығы – соның бір көрінісі, – деді әкім.
Оңалту орталығы қадағалаусыз қалған балаларды үш ай мерзім ішінде жан-жақты күтімге алады, оқытады. Онан соң оларды ата-анасына не басқа да тиісті орындарға табыстайды. Бұл үшін арнайы психолог мамандар, әлеуметтік педагогтар және дәрігерлер қызмет етеді. Орталық әзірше он бес орынға арналған. Асхана, демалыс, жатын орындарымен жабдықталған. Осы мақсатқа бюджеттен тыс қаржы көздерінен 6 млн. теңге бөлініп отыр.
Өмірге келген жаңа орталықтан негізгі ұстанымы – адамгершілік қағидаларын биік ұстап, саналы ұрпаққа сара жол көрсету.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда.