Шетел тәжірибесінде қамқоршылар қаражаты білім саласын қаржыландырудың тиімді құралы ретінде жемісін беріп келеді. «SWFI» тізіміндегі Стэнфорд, Принстон, Йель, Гарвард және Массачусетс сияқты ірі университеттердің капиталы миллиардтаған долларды құрайды. Бұл қаражат білім беру, зерттеу бағдарламалары, инфрақұрылымды жетілдіру, студенттерді қолдау бағытындағы тиімді жобаларға жұмсалады. Біздегі жағдай қандай?
Шетел тәжірибесіндегі озық үлгіні еліміздің жоғары оқу орындарында тиімді жүзеге асыру жайы кейінгі жылдары жиі айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары сапалы білім мен заманауи инфрақұрылымдарды нығайтуды көздей отырып, өз Жолдауында «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудағы негізгі буынына айналуы тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновациялық қаржыландырудың өзегі саналады» деп атап өткен болатын.
Осы орайда отандық білім нарығына қамқоршылар қаражатын тарту мәселесін күн тәртібіне қойған Ғылым және жоғары білім министрлігі өткен жылдан бергі аралықта мәселені жан-жақты қарастырып келеді. Эндаумент-қорлардың республикалық конференциясында министр Саясат Нұрбек саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс айтып, институционалдық инвесторларды тарту, қызметкерлерді оқыту мен басқару, сондай-ақ салықтық ынталандыру мәселелерін пысықтауға мән берген болатын. Министрдің айтуынша, еліміздің жоғары оқу орындарының эндаумент-қор моделі екі жыл бұрын енгізілген. Эндаумент-қорлар білім беру мекемелерін ұзақ мерзімге қолдауға кепіл бола алады. Сондықтан АҚШ, Сингапур және Ресей сияқты елдердің тәжірибесі бойынша университеттік ғылым мен инновацияларды тұрақты қаржыландыратын «Нысаналы капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеу ұсынылған. Президенттің технологиялық жаңғыртуға және ғылыми әзірлемелерге бағытталған салықтық жеңілдіктер жөніндегі тапсырмасы шеңберінде оларды эндаумент-қорларға салымдарға және нысаналы капиталды басқарудан түсетін кірістерге тарту да маңызды. Осы орайда эндаумент-қорлардың жарғылық мақсаттарына ғана бағытталатын табыстарға министрлік нақты ұсыныстар пакетін дайындады. Мысал ретінде Nazarbayev University-нің, республикалық физика-математикалық мектептің эндаумент-қорын келтіруге болады. Осы орайда «Қазақстан халқына» қорымен бірігіп, эндаумент-қорлардың заңнамалық, халықаралық тәжірибесі сарапшылармен зерттеліп жатыр.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов елімізде эндаумент-қорларды дамытудың алғышарты бар екенін алға тартты.
– Қазіргі кезде Nazarbayev University, «Нархоздағы» эндаумент-қорлардың капиталы қомақты болғанымен, еліміздегі бизнестің жағдайы өзге университеттерді қолдауға келмейді. Ал ірі бизнес құрылымдарын бұл жүйеге тарту үшін оның менеджменті жасалуға тиіс. Бұған дейін Президент тапсырмасымен жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалатын шығындардың 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аудару мәселесі заңмен бекітілген болатын. Алайда оның нәтижесін бірді-екілі жоғары оқу орны көргенімен, нақты жемісін берді деп айту қиын, – дейді Рахман Алшанов.
Ендігі кезекте түлектермен, өңірлердегі компаниялармен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өткен Р.Алшанов сонымен қатар шетел тәжірибесіндегі түлектерге хат жолдау үрдісінің де қор жинауға аз да болса ықпалы бар екенін атап өтті. Осының нәтижесінде түлектері кем дегенде 50-100, тіпті миллион доллар аударатын жағдайлар кездеседі. Осы орайда «Тұран» университетіндегі эндаумент тәжірибесі жайында сөз қозғай отырып, енді-енді ғана аяғынан тұра бастаған түлектерінің болашағына үлкен үміт артатындығын жеткізген Рахман Алшановтың айтуынша, жас мамандарды еңбек нарығына қанат қақтырған оқу орны үшін олардың әр салада кәсіби маман ретінде дамығаны маңызды. Ал олардың болашағы университетте алған білімінің сапасына байланысты. Сондықтан эндаумент-қорлардың дамуы өз ісінде нәтижеге, табысқа жеткен түлектердің жетістігіне байланысты. Әзірге қорға түскен қаражат шағын зертханалар мен аудиториялар ашуға жұмсалуда. Сарапшының айтуынша, еліміздегі негізгі эндаумент-қорлар қызметіне мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп отыр. Осы орайда өңірлердегі ірі компаниялардың қамқоршылар қорына үлес қосуын қадағалау, кәсіби инвестициялық менеджерлерді тарту, эндаумент-қорлардың ашықтығын қамтамасыз етумен байланысты жұмыстар жүйеленуі қажет.
Білім сапасын арттыру мен аясын кеңейтуде ел аймақтарындағы оқу орындарының дамуына күш салу – уақыт талабы.
– Өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту үшін индустрия, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тұрғысынан маңызды, өңірді дамытудың өзіндік драйвері саналатын бірқатар оқу орнына Ұлттық мәртебе беру қажет. Бұл бірінші кезекте, профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етсе, екіншіден, ұлттық өңірлік жоғары оқу орындарында жергілікті талапкерлерге бәсекеге қабілетті білім беріліп, заманауи жағдайлар жасалатын болады. Осы орайда Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаның жетекші университеттерінің тәжірибесін негізге алу маңызды. Эндаумент-қорлар жоғары оқу орындарының ғылымы мен инновацияларын, инфрақұрылымын жаңғыртуға ықпал етеді. Мысалы, Майкл және Сьюзан Делл қоры (Майкл Делл – Техас университетінің түлегі) кейінгі жылдары Остин қаласындағы Техас университетіне 135 миллион доллардан астам қаражат бөлсе, оның 10 миллион доллары тек Делл атындағы информатика факультетінің ғимаратын салуға арналған. Гарвард, Йель, Стэнфорд және Принстон сияқты университеттердің әрқайсысындағы эндаумент-қорлардың қоржыны 30 миллиард доллардан асса, Дьюк университетінде 12 миллиард долларды құрайды. Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жоғары білім беру ұйымы мен ғылымды интеграциялаудың ұқсас жүйелерін құрғанын атап өткен жөн. Ал отандық жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеулерге сұраныс бизнестің экономикалық мүмкіндіктері есебінен технологиялық әзірлемелерді зерттеуге және өндіріске енгізуге қолайлы жағдай жасай отырып, университет ғылымының дамуына ықпал ететін болады, – дейді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев.
Қазіргі кезде білім беру жүйесін, жоғары оқу орындарын дамыту үшін мемлекеттік қолдаудан тыс қамқоршылар капиталын жинақтаудың маңызды екенін шетелмен қатар, еліміздегі бірді-екілі жұмыс істеп жатқан эндаумент-қорлар тәжірибесінен де көруге болады. Мысалы, кейінгі 5 жылда Nazarbayev University стартаптарды қолдау бағдарламалары 160-тан астам жобаны ұсынып, 1 млн доллардан астам инвестиция тартқан. Нарықта университеттің инновациялық кластерінде түлектері құрған жаңа компаниялар пайда болып ждатыр. Мысалы, роботтар мен ғылымды қажетсінетін күрделі АТ-өнімдерін жасау бойынша «Cleverest Technologies», ауыл оқушыларына ағылшын тілін үйрету бойынша «Hello all», мүмкіндіктері шектеулі адамдар жұмыс істейтін «Kunde» әлеуметтік кафесін атауға болады.
Ал «Нархоздың» эндаумент-қорына кейінгі он жылда 40 млн доллар шамасына инвестиция салынған. Бұл қаражат шетелдік сарапшыларды шақырумен қатар, студенттердің стипендияларына, материалдық-техникалық базасын дамудың жаңа сатысына көтеруге ықпал етіп отыр.
2016 құрылған М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің эндаумент қоры 2020 жылдан бастап инвестициялық табысын арттыру үшін қаржысын акцияларға, облигацияларға сала бастаған. Қордың инвестициялық табысы 2025 жылға қарай 30 мың долларға жетеді деп болжанып отыр. Сонымен қатар 2017 жылы түлектері құрған «Fizmat Endowment Fund» қоғамдық қоры инвестициялық табысын мұғалімдерді қаржылай қолдауға және оқушыларға стипендия тағайындап, зертхана, ғимарат құрылыстары мен халықаралық бағдарламаларды оқу барысына енгізуге жұмсалып келеді. Бүгінде физика-математика мектебі түлектерінің жетістіктері республикадан тыс әлемдік деңгейдегі орнын айшықтап тұр. Ал мұндағы білім сапасына талап күшті дегенмен, заманауи материалдық-техникалық мүмкіндіктері оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Эндаументтер әлемде білім берумен қатар медицина, мәдениет, спорт, әлеуметтік қызмет салаларындағы жобаларды қаржыландыру, мүгедектерді қолдау мақсатында да құрылып жатыр. Әзірге еліміздегі эндаумент-қорлар негізінен білім беру сегментінде шоғырланған десек те, оның даму келешегіне қатысты мәселелер терең зерделеуді, еліміздегі ірі шетелдік компаниялар қызметін реттеуге байланысты заңнамалық құжаттарды жетілдіруге, сондай-ақ отандық бизнес саласын дамытумен байланысты бірқатар факторды қамтиды.