• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Сәуір, 2023

«АрселорМиттал Теміртауға» 1,2 млрд теңге айыппұл салынды

330 рет
көрсетілді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысында кезекті бұзушылықтар анықталды. Бұл жөнінде Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ірі салық төлеушілерге қатысты жүргізіліп жатқан салықтық әкімшілендіру шеңберінде «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамында 2019 жылға корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасы төмендетілгені анықталды.

«Камералдық мониторинг жүргізу кезінде нақты есептелген корпоративтік табыс салығының мәлімделген аванстық төлемдер сомасынан 20%-дан асып кетуі анықталды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігі бойынша 1,2 млрд теңгеден астам айыппұл сомасына әкімшілік материал толтырылды», делінген Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осы жылдың наурыз айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ апелляциялық шағымын қарау барысында Қарағанды облыстық соты департаменттің дәлелдерін қолдады және әкімшілік айыппұл күшінде қалды.

2022 жылдың қараша айында департамент қызметкерлері 2017 жыл үшін осындай бұзушылықты анықтаған еді, бюджетке 1,3 млрд теңге көлемінде айыппұл толық көлемде өндірілді.

2017 және 2019 жылдары анықталған бұзушылықтар бойынша айыппұлдың жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асты.