• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Сәуір, 2023

Кешенге Омаровтар есімі берілсе

281 рет
көрсетілді

Кезінде ағайынды Махмұт, Мақсұт Омаровтар спорт сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ағайынды қос саңлақ Қазақ елі спортының көш басында жүрді. Мыңдаған жанкүйер ағайынды Омаровтардың боксын көру үшін Алматының спорт ареналарына қарай лек-легімен ағылып жататын. Ол кезде Қазақстанда қазақтың үлесі кем. Мәскеудің отаршыл саясатының салдарынан ұлтымыздың рухы жаншылып, еңсесі түскен бір кезең еді. Сол тұста, яғни 1947 жылы қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының қаршығадай ғана шәкірті Махмұт Омаров КСРО чемпионатының ең бірінші медалін Қазақстанға алып келді. Бұл тарихи жеңіс болатын. Одан кейін де Орталық Азия мен Қазақстан жарыстарында талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Көп ұзамай Махмұттың ізін басып туған інісі Мақсұт шық­ты атойлап. Ол спорттық нәтиже жағынан ағасынан асып түсті. 1957 жылы КСРО чемпио­натының қола медаліне болған Мақсұт 1959 жылы КСРО халықтары спар­такиадасының күміс жүлдегері атанды. Тарихи шежірені парақ­тасақ, аталған спартакиадада медаль алған тұңғыш қазақ спортшысы Мақсұт Омаров екен. Енді қараңыздар, Махмұт Омаров КСРО чемпионатының жүлдегері болған ең алғашқы қазақстандық боксшы болса, Мақсұт Омаров – одақ спартакиадасында жүлдегерлер сапына кірген тұңғыш қазақ боксшысы.

Уақыт озып барады. Кейінгі жастардың басым көпшілігі бұл кісілердің тарихи жеңістерінен бейхабар. Бұған олар емес, көп жағдайда біз кінәліміз. Себебі, осындай тарихи тұлғаларды на­сихаттауға, шежіреге тіркеу жа­ғына жете мән бермейміз. Ендігі тілегіміз: Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай ауылында орналасқан спорт ке­шеніне жерлестеріміз Махмұт, Мақ­сұт Омаровтардың есімі бе­рілсе. Ауылдастары білсін, осы қа­­раша ауылдан елге танымал екі бірдей дарабоздың шыққанын. Жастар соларға қарап бой түзесін, намыстарын қайрасын, биік белес­терге құлаш сермесін.

Тарих жаңғырып тұрады. Ұр­пақтар сабақтастығын сақтау – біздің парызымыз. Қазақ­тың әр қиырындағы тарихи тұл­ғалар ха­лықтың жадынан өшпесе деген тілегіміз бар. Қос­танай об­лы­сының әкімі Құмар Ақса­қалов ақса­қалдардың үніне құлақ асады деген сенімдеміз.

 

Жұмахан СӘДУАҚАСОВ,

Мұрат ОСПАНОВ,

еңбек ардагерлері

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы,

Торғай ауылы