• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Сәуір, 2023

№ 392 «Сайрам ісі»

887 рет
көрсетілді

Шымкент каласындағы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде сақталған құжаттарды зерделеу негізінде жергілікті халық көтерілістеріне қатысты құнды, көпшілікке әлі де белгісіз болып келген материалдар анықталды. Солардың ішінде бұрындары әр жерде естіліп қалатын, бірақ нақты айтыла бермейтін, 1930 жылы орын алған «Сайрам оқиғасы».

1930 жылдың қаңтар айында Сырдария округтік ОГПУ бө­лі­міне шұғыл түрде мәлімет келіп түседі. Онда Сайрам ауданында «контрреволюциялық» топ пайда болып, ол ұйымда бірқатар ауқатты байлар мен дінбасылар Кеңес өкіметіне қарсы әрекет­тер жасағаны айтылады. Осы беріл­­ген мәліметке байланысты «Бү­лік» атты операцияны жүзеге асыру үшін іс-әрекеттер қолға алы­на бас­­тайды. ОГПУ қызмет­кер­ле­рі осы топты сырттан бақы­лай жү­ріп, біраз нәрсені анықта­ған. Олардың Шымкентпен, Қоқанд, Ташкенттің айналасындағы қыш­лақтар мен ауылдармен бай­ла­нысы бар екені белгілі бол­ды дейді. Бұл топты бай, бұ­рын­ғы патша заманы­ның қазы­сы болған Наурызахметов Астан­құл­қазы басқарды деп көр­­се­те­ді. «Наурызахметов жүйелі түр­де ауылдарды аралап, ұйымдасты­ру жұмыстарын жүргізген» деген мәліметтерді келтіреді. Бұл топ жасырын түрде бірнеше мәжілістер өткізіп, кеңес өкі­ме­тіне қарсы қарулы көтеріліс жасау үшін әртүр­лі әрекеттерге бар­ған. Өйткені оларға Қазақ­­стан­ның жер-жерінде болып ­­жат­­қан көтерілістер және Сырда­рия округінің Бостандық, Созақ, Са­ры­су сияқты өңірлер­де орын ал­ған көтерілістері де әсер ет­кені дау­сыз. Осы топқа жүзден астам адам тартылса, ола­рдың көпші­лігі бай-саудагерлер мен мол­да, имамдар болған.

19 наурыз 1930 жылы Сырда­рия округінің ОГПУ әс­кери бөлімінің өкілі Михайлов­тың шығарған қаулысына сәйкес Сай­рам ауданы және Шымкент қаласында «контрреволюцияның» көтерілісті дайындау бойынша күдікті деп саналған 80 адамның 78-іне бұлтарпау шарасы туралы қаулының шешімі шығарылған. Олардың «қылмысы» қоғамға зор әлеуметтік қауіп төндіреді деп, 78 адамды тұтқынға алып, жауапқа тартқан. Осы топтың Шымкент­­тегі бөлігінде кеңестік қызмет­кер­лер­­дің де болғаны анықталды. Со­лар­дың бірі – Мұсаев Ергеш. Ол Сайрам аудандық атқару коми­тетінің төрағасының орынбасары, аудандық партия комитеті­нің бюро мүшесі, Шымкенттегі аталмыш ұйым басшыларының бірі болған. Тергеу материалдарында Е.Мұсаевтың осы ұйымға дем беруші, басшыларының бірі екені бірнеше жерде көрсетіледі. Ол бірнеше рет құпия басқосулар өткізіп, оны жүргізе отырып, сөз сөйлеген. Мәселен, 8 ақпан күні өткен бас қосуда ол «Бұл жиын өте құпия түрде өтіп отыр, сондықтан кімде-кім сыртта сөз айтатын болса, Алла алдын­да жауап береді. Сайрамда жасақтар ұйымдастырылып жатыр, себебі соғыс болып кетуі мүмкін. Ол жасақтар біздің сенімді адамдарымыз болуы керек», дейді. Осы басқосуға 16 адам қатыс­қан. Е.Мұсаевтың өзі, сонымен бір­ге Момынханов Имаилхан, бұ­рынғы молда, Тоқ­та­құлов Ходат, Артықматов Садық­мат, ірі байлар, Ташметов Қош­қарбай, Чилтаров Тойшы, Сұл­танқожаев, ауыл советінің төр­ағасы, Шакаримов, ірі саудагер, Арзымбаев, бай, Сұлтанқұлов, бұрынғы ірі бай, Тұрдыметов Ирмет және басқалар болған. Тер­геу материалдарында бұл топтық іс-әрекетін Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс дей отырып, басшысы Шанияз Шайс­маи­лов Ташкент қаласынан басқарып отырды деп қорытынды жасаған.

«Сайрам ісі» бойынша тергеу материалдарында ОГПУ аген­тура­лық жұмысының нәтижесінде осы топ мүшелері Орта Азияның бірқатар қалаларындағы «контр­революциялық» ұйымдармен байланыс түзіп, Ташкент қала­сының молдалармен және дін­ба­сыларымен де қарым-қатынаста болғаны айтылды. Осы топтармен тығыз жұмыс жүргізу үшін ОГПУ «Ташхан» деген атпен өз жансызын да кірістірген. Кейіннен Орта Азия біріккен мемлекеттік саяси басқармасының өкілетті өкіл­дігі агент «Ташханнан» жа­уап алу хаттамаларының бірқа­та­рын жіберген, онда Сырда­рия мен Орта Азия ОГПУ-дің өкі­летті өкіл­дігіне берген жауапта­рында қарама-қайшылық бар екені байқалған. Десек те, жан­сыз «Таш­ханның» берген мәлі­меттерін ойдан шығарылған деу­ге келмейді. Өйт­кені осы тер­геу ісі бойынша Сырдария округтік ОГПУ әскери бөлімінің уақытша басты­ғы Саенконың аса құпия түрде 19 беттік жазбасында «Ташхан­ның» айтқан мә­ліметтерін дәлелдей түседі. Тер­геушілерге берген жауапта­рын­да «контрреволюциялық» ұйым мүшелерінің бірінен соң бірі жоғарыда айтылған мәлі­меттерді растаған. Мәселен, Қара­бұлақтың ірі саудагері Исраил Ибрагимов «Кеше барлығымыз аса құрметтейтін Астанқұлқазы Наурызахметов бізде болды. Ол бізге жиі келіп, әртүрлі жаңа­лық­тарымен бөлісетін. Оның айтуынша, біз бұл жерде жалғыз емеспіз, Кеңес билігіне қарсы мыңдаған адамдарымыз бар. Барлығы ке­ңес өкіметіне қарсы көтерілісті күтіп жүр. Бізге Қарабұлақтан әскери емес күштер жиі келіп, бұл билікке қарсы екенін айтып, Кеңес өкіметіне қарсы қарумен шығуға дайын екенін білдіріп жүр», дейді. Оның сөзін қолдаған Исмаил Ибрагимов былай деп жал­ғастырады: «Бұл биліктің ісі­не мұсылман халқының реніші мен күңкілі көбейіп кетті. Бір ғана Қарабұлақтың өзінен бір жарым мың адам қашып кетті, ал мұн­дай жағдай әр жерде орын алып жатыр. Билік бізді титықтатып, құртып, мезі қылды. Біздің дінімізді жо­йып, мешіттерді тартып алуда. Біз бірігіп, бұл билікке қарсы күресуге дайынбыз».

Сонымен, «аса құпия» тергеу ісі бойынша өзінің көлемді жаз­­баларында Саенко аталмыш іс бойынша айыпталған 67 адам­ның әрқайсының берген жауап­тарын тізбектеп көрсетіп, қыс­қаша сипаттама беріп өткен. Жаз­басының соңында ҚазССР ОГПУ-дің Ерекше «үштіктерінің» оларға шығарған үкімдерінің негізі бар деп қорытынды жасаған. «Үштік» өзінің 1930 жылдың 9 сәуірінде шығарған үкімінде 26 адамды дүние-мүлкін тәркілеп, ату жазасына кескен, 18 адамды 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагерьлеріне қамауға, 21 адам 5 жылғы дейінгі мерзімге лагерьлерге, бір адам 3 жылға дейінгі мерзімге қамауға алынған.

Жоғарыда сөз болған «Сай­рам ісі» бойынша жауапқа тар­тылғандардың бас көтеруі негі­зінен Кеңес билігінің сол кезеңде жүр­гізген асыра сілтеушілік сола­қай сая­сатына қарсы, зорлық-зом­былық пен діни қысымға шы­дай алмаған ашынған халық­тың на­разылығы болды. Мұның өзі үлкен тарихи батыл қадам деуге келеді. Бұл оқиғаға қатысу­шылардың есім­дері әлі күнге де­йін көпшілікке бел­гісіз. Сон­дықтан оларды кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп қолымызда бар деректерді жариялай отырып, егер олардан қалған ұрпақтары немесе туыстары болса, үн қатып,  пікірін білдіре жатар деген ойдамыз.

 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

М.Әуезов атындағы оқМу колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы