• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 19 Сәуір, 2023

Туризмге серпін беретін бастама

246 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірін­ші сессиясында ел дамуына үлес қоса­тын бірнеше маңызды мәселені ерекше атап өтті. Соның ішінде Үкімет пен Парла­ментке туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс екенін жеткізді.

Президентіміз өз сөзінде «Еліміздегі туризм­нің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деп мәлімдеді.

Бүгінде туризм саласы мемлекетке ең көп табыс алып келетін бірден-бір сала екені баршаға белгілі. Сондықтан да Мемлекет басшысы еліміздегі туризм саласын дамытуға ерекше тоқталып өтті. Қазіргі таңда Қазақстан туризмі әлемді шарпыған пандемияға дейінгі қалпына келіп үлгерді. Ішкі және келу туризмінің, көрсетілген қызметтер көлемінің және нөмірлік қордың негізгі көрсеткіштері өскені байқалады.

Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның әлемдік туризм рейтінгінде позициясын жақсартып, 117 ел арасында 66-орынға тұрақтады. Әрине, туристер санын ұлғайту үшін тиісті инфрақұрылым салу және қолайлы жағдай жасау қажет. Кейінгі жылдары бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.

2019-2022 жылдары елімізде 118 инфра­құрылымдық жобаларды іске асыруға 170,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгін­де жалпы құны 789,6 млрд теңгені құрай­тын 197 жоба іске асырылып жатыр: көлік инфра­құрылымы бойынша – 371,9 млрд теңгеге 95 жоба, аумақтарды абаттандыру бойынша – 229,8 млрд теңгеге 47 жоба, сумен жабдықтау, су бұру және кәріз бо­йынша – 84,7 млрд теңгеге 29 жоба, электр­мен және жылумен жабдықтау бойынша – 103,2 млрд теңгеге 26 жоба. Сонымен қатар туристік кэш­бэк сияқты мемлекеттік қолдаудың жаңа шара­лары әзірленіп жатыр.

Жалпы, жоғарыда аталған бастамаларды сапалы іске асыру туристің бүкіл жол бойындағы жайлылығын қамтамасыз етеді.

 

Талғат АМАНБАЕВ,

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы»

акционерлік қоғамы басқарма төрағасы