Елордада автокөлік өрті көбейген. Жыл басынан бері темір тұлпарды жалын шарпыған 80-нен астам оқиға тіркелген екен. Мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тілсіз жаудан келген қауіп 58 пайызға артқанын айтып, дабыл қағып отыр. Осыған орай Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жедел рейдтерге шықты.
Жыл басталғалы бір ғана Алматы ауданында 29 автокөлік өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе артық, былтыр 11 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көбіне ақауы бар жеңіл автокөліктер өртенетінін айтады. «Мұндай кезде көлік ішінде өрт сөндіру құралы болмаса, қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтау қиынға соғады», дейді құтқарушылар. Ал рейдке шыққан құтқарушылар автокөлік иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ақпарат беріп, ескерту жасады.
«Жүргізушілер бақылау-өлшеу аспаптарын үнемі бақылап отыруға тиіс, егер құрылғылар кенеттен жұмысын тоқтатса немесе тұрақсыз жұмыс істесе, көлікті тоқтатып, қозғалтқышты өшіру қажет. Қозғалтқыш бөлігін ашып, кілтипанның себебін анықтап алу керек. Мүмкін болса, батареяның нөлдік терминалын ажыратып, қозғалтқыш бөлігінің балқыған немесе тұйықталған сымдарда көрінуі мүмкін ақауларға назар салған жөн», деді Алматы ауданы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ернұр Райымбеков.
Сонымен қатар бас маман өрт болған жағдайда бірден «101», «112» телефон нөмірлеріне хабар беру керектігін ескертеді. Ал құтқарушылар келем дегенше жалынды өрт сөндіргіштің көмегімен, ол болмаған жағдайда тығыз матамен, топырақпен, құммен өшіруге тырысу қажет.
«Капот астындағы тұтануды сөндіру кезінде біртіндеп және абайлап оны таяқпен, монтажбен, бүйірден ашыңыз, себебі капот күрт ашылған кезде жалын шығуы мүмкін және өрт сөндіргішті неғұрлым қарқынды жану ошағына бағыттаңыз немесе жалынды брезентпен жабыңыз, құм, борпылдақ топырақ, қар тастаңыз, су құйыңыз. Егер өзіңіз сөндіре алмасаңыз, онда автокөліктен алшақ кету қажет, өйткені өрт жанармай құйылған багқа дейін жетіп, жарылыс болуы мүмкін», деп ескертеді азаматтық қорғау майоры Ернұр Райымбеков.