• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Сәуір, 2023

Әкім халыққа жақын болуға тиіс

308 рет
көрсетілді

Жақында әлеуметтік желі­ні парақтап отырып Қызыл­ор­да­дағы облыс әкімдігі ғима­ратының көше жақ бетіндегі аяқ­жолды биіктетіп жатқанын көзі­міз шалып қалды. Бір айналып тағы көз салсақ, шағын жаңа­лық сан алуан пікірге толып қалыпты.

Пікір иелері арасында сол маңдағы тал-дарақтың алынып тасталатынына өкініш білдірушілер де, биліктің басқа көшелерге көз қырын са­луын сұрағандар да бар екен. Іле-шала өткен Қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осыған қатысты байламын айтты. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай ғимарат қоршауы алынып, орнына жаңа саябақ салынады.

«Халықтан қымтанып, тығылып отырмаймыз. Әкімдік қоршауының бәрін алып, парк етіп жасаймыз», деді аймақ басшысы. Бейбарыс сұл­тан көшесінің қос даңғылдың ортасын­дағы осы бөлігіне субұрқақтар салынып, орындықтар орнатылады. Жұрт емін-еркін серуендейтін саябақ күзде пай­далануға беріледі.

Тәуелсіздік жолын таңдағалы бері талай өткелден өткен қоғамның бас­ты байлығы бірлік еді. Бірақ кейінгі жылдары осы құндылықтың да қолдан сусып бара жатқаны байқалып қалады. Орталықтан ел арасына анда-санда бір шығатын шенділердің кездесуге қалың нөкерін ерте келетіні қара­пайым халықтан іргесін аулақ сала бас­тағанының белгісі еді. Жергілікті әкімдіктер мен басқа да құзыретті мекемелердің жұрттан жеріп, бой жетпес қоршауды тасаланып алғаны да билік пен бұқара арасын суыта бергені белгілі. Бірақ кешегі қаһарлы қаңтар қоршаудың ешқашан қорған болмасын көрсетіп кеткен жоқ па?

Жалпы, Сыр өңірінде биліктің ел­мен етене болуы үшін жасалған қа­дам аз емес. Осы уақытқа дейін облыс әкімінің 30-ға жуық жеке қабылдауына 600-ден астам тұрғын келіпті. Қабылдауда жедел шешілуге тиіс кейбір мәселелерге орай тиісті орындарға шұғыл тапсырмалар берілді. Одан бөлек, Президент Жарлығына сәйкес аймақ басшысы облыстағы құқық қорғау органдары жетекшілерімен бірге қала мен ауданда тұрғындармен кездесті.

Мұндай кездесулерде жеке мәсе­ле­лер­мен қатар елге ортақ проб­лемалар да көтеріледі. Мысалы, Жа­л­ағаш ауданында өткен кездесуде Мыр­забай ахун ауылына жаңа емхана салу жөнінде ұсыныс айтқан елді мекен тұрғынына нысанның құры­лыс-сметалық құжаттамасы әзір­­ле­ніп, жақын арада құрылысы баста­латыны айтылды. Сырдария ауда­нын­дағы Қоғалыкөл ауылы мен облыс орталығын жалғайтын жолдың тозығы жеткендігін айтқан елді ме­кен тұрғыны Дәулет Қырданның пікі­рін ескерген аймақ басшысы мә­се­ленің шешімін қарастыруды тап­сыр­ды. «Облыс әкімімен кездесуден кейін аудан әкімдігінен менің ұсы­нысым бойынша жақын арада жөндеу жұмыстары басталатыны жайлы хат келді. Көп жылдан бері шешімін таппаған мәселенің ескерілгеніне қуаныштымын», дейді ауыл тұрғыны.

Қаланың іргесіндегі «Еңбек» саяжайын қоныстанған тұрғындар ауыз су, табиғи газ бен электр жарығы секілді игіліктерден құр қалып отыр еді. Бұл мәселе де билік пен халықтың тікелей байланысының арқасында шешімін тапты.

Осы жылы 22 ақпанда өткен жеке қабылдауда саяжай тұрғындарының өтінішін тыңдаған облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімі мен облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бас­қар­масының басшысына саяжай аума­ғын­дағы инфрақұрылым мәселесін мұқият зерттеп, 10 наурызда электр жарығын жүргізуді міндеттеген еді. Ел тілегі аяқсыз қалған жоқ. Айтылған мерзімде саяжайда инфрақұрылым тарту басталып кетті. Орталық 3 кө­ше­ге 2,8 шақырым кабель мен 36 жа­рықшам бағаны орнатылды. Сөз бен істің үйлесім тапқанын көрсететін бұл жұмыстар демеушілер қаржысы есебінен жүзеге асырылды.

Ашықтық қағидаты аясында облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары елді мекендерді аралап, қоғамдық қабылдау өткізіп жүр. Аймақ басшысының тапсырмасымен бас­қар­ма, қала және аудан әкімдіктері, олардың бірінші басшылары әлеуметтік желілерде ресми парақша ашып, тұр­ғындар ұсыныс-пікір, сауалдарын тікелей айтып, жауабын онлайн режім­де ала алады.

Осыған дейін жұмыспен барға­ны­мыз­да әкімдікке мұңын айта келіп, қоршаудан өте алмай қажыған жұртты талай көргенбіз. Қазір тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы тіркеле алады. Әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы да жазылуға болады.

Былтыр облыс әкімі қызметіне та­ға­йын­дала сала өткізген алғашқы жиында Нұрлыбек Нәлібаев әкім аппаратында штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайтынын мәлімдеген еді. «Бұдан әрі облыс әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды. Кез келген адамға кеңесші деген куәлікті тарата беруді қоюымыз керек. Біздің кеңесшіміз – халық!», деген облыс әкімінің елге жақын болудағы бастамасын көпшілік қолдайды.

Қазір қарапайым халық пен биліктің арасын бөліп тұрғандай көрінетін қоршау алына бастады. Енді ғимаратын айналдыра қоршап, сыртқа биік дуалдан сығалап қарап отырған жергілікті құқық қорғау мекемелері де елмен етене болудың осы қадамына қосылса, құба-құп болар еді.

 

Қызылорда облысы