Қытай қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) туу, өсу жолы Алаш кезеңімен тұспа- тұс келді. Оның он жасқа шыққан жылы:Жолды әкем еді бас қалқам,Жиылмай қапты-ау дастарқан.Қас қаққанша болғаны-ай,Аузы-басы тас-талқан, – деп өлең шығарғанын ескерсек, Алаш рухы қанат қаққан 1917-1918 жылдар Таңжарықтың бозбалалықты борандатқан дер шағы еді.
1916-1917 жылдардың алды-артындағы әртүрлі оқиғалар көптеген талантты тұлғаның шекара асуына себеп болды. Қуғын-сүргін көрген ұлт зиялылары арғы бетке Абай өлеңдерін де таратты. Абайдың 1909 жылы шыққан кітабының көшірме қолжазбасы қолдан-қолға тарады. Сол жылдар Әсет Найманбайұлы (1867-1923), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы (1857-1937) сынды әйгілі тұлғалардың қытай жеріне өтуі, 1928-1931 жылдар кезеңіндегі Зият Шәкәрімұлы секілді қуғын-сүргінге ұшыраушылардың қытайға қашып баруы екі ел арасындағы әдеби- мәдени байланыстарға мұрындық болып, Шыңжаң қазақ әдебиетінің қалыптасуына игі ықпал жасады.
Абай өлеңдері және Алаш тұлғаларымен жарыса жеткен М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, т.б. шығармалары шетел қазағына кеңінен танылды.
Әсет сынды ірі ақынның Іле жеріндегі қызайлар арасына баруы Таңжарық үшін де үлкен мектеп болғанында еш шүбә жоқ.
Айталық, Әсеттің Алтайға барғанда туған «Алтай» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Алтайды Абақ керей
жатқан жайлап,
Сапырып сары қымыз, бие байлап.
Тасы – алтын, тауы – күміс,
кеудесі гүл,
Ел екен жер сарасын алған таңдап.
Таулары жасыл желек орман екен,
Аң мен мал арасына толған екен.
Сулары сүйек сорпа секілденіп,
Жұтсаң күш қосатындай
бойға бөтен...
Өлең өлкесіне өршелене құлаш сермеген бозбала Таңжарық ауыздан- ауызға тараған Абай, Әсет өлеңдерін жатқа айтып, өз бойына ақындық шабыт жиып отырған. Оның «Іле сипаты» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Байқасаң Іле жердің ортасындай,
Егерде дене болса қолқасындай.
Тауы – алтын, тасы – күміс,
ағашы – жез,
Сулары еркек қойдың сорпасындай...
Осы жолдарға қарап отырып Таңжарықтың Әсетті ұстаз тұтқаны аңғарылады.
Таңжарықтың өмір дерегінен қарағанда, әйгілі Қарқара жәрмеңкесі өткен жер мен ақынның туып-өскен Күнес, Текес өңірі жер жағдайы жағынан тым жақын. Сондықтан да сауданың ғана емес, мәдениеттің алтын көпіріне айналған жәрмеңкенің Таңжарыққа оң әсері болғаны да анық.
Ақын 1923 жылдың қаңтарында Жетісу өңіріне қашып келіп, Алматыға дейін жетіп, Әлихан, Міржақып, Ахмет, Мағжандар сынды алашшыл ақындардың шығармаларымен тереңдей танысады. Ұлт мұраты хақындағы ортақ идеясын жетілдіреді. 1924 жылдың 15 сәуірінде Түркістан Республикасының экономикалық кеңесі Қарқара жәрмеңкесін қайта құру туралы қаулы шығарып, қайта ашылған жәрмеңкені Таңжарық Жолдыұлы жырға қосады:
Қарқарада жәрмеңке-жаздай
базар,
Қайда барсаң базарға ауған назар.
Аттан түспей сауда
алып Албан атаң,
Қызайыма қызық көп айта барар.
«Әділ баға, бір-ақ сөз,
түспей-ақ қой,
Даяр болсын қоржының
затты салар.
Жәрмеңкеден қайтқан ел,
кешкі жазық,
Шымды тұяқ жол жасап
кеткен қазып.
Сабаласып, жарысып ахау-игай,
Әттең-ай, мен соларды
кетсем жазып.
Немесе асау тұлпар ала қашып, – деген жыр жолдары ақын сапарының ақжолтай лебізі болып кейінге қалды.
Демек, Жетісу өңірінде өткен кез келген дүлдүлдің тұяқ ізі Қарқарада өз таңбасын қалдырып отырды.
Қарқара жәрмеңкесін және жалпы Жетісу жерін Ілияс Жансүгіров:
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт – ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қадырлы малдың құтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мыңжылқы мыжырая
жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң,
Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған
тегешіндей.
Қарқара – жарасымды
жазық жайлау,
Үй – күлше, құрттың
жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей, – деп суреттейді.
Бұл арада айқын көрініс тауып тұрғаны Таңжарық Жолдыұлы мен Ілияс Жансүгіровтің рухани үндестігі. Мүмкін Қарқара сынды ірі жәрмеңкеде Таңжарықтың Ілиясты көруі, сырттай болса да құмартып, еліктеуі бек мүмкін. Таңжарық пен Қойдымның айтысы да осы жылдардың жемісі.
Таңжарық Жолдыұлы Қарқара, Жетісу өңірінен еркін сусындап, қанаты жетілген қырандай самғай ұшып, үш-төрт жылда туған жеріне қайтады. Жай ғана қайтпайды, том-том кітаптар мен Алаш рухын арқалап қайтады. Ақынның осыдан кейінгі жазылған өлеңдерінің дені:
Оян, қазақ, көзіңді аш,
көтер басты,
Қараңғыда өткізбей бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап,
хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамасты, – деген Міржақып сынды Алаш үнімен анағұрлым сабақтасады. Отызыншы жылдардың басындағы Шыңжаңдағы аз жылымық ұлт зиялыларының тынысын кеңітіп, ел үшін еңбек етуіне жол ашып еді. Осы тұста Таңжарық жаңадан шыға бастаған «Іле газетінің» тұңғыш редакторы болды. Құлжа қаласындағы ұлттық театрдың негізін қалап, оның алғашқы шымылдығын Бейімбет Майлиннің «Шұға» атты пьесасымен ашты. Газет бетінде «Оқып көр газетімді», «Осы таң – кімнің таңы?», «Мыс қазан», тағы басқа өлеңдерін жариялады.
Қалың ел, қазақ, енді аш көзіңді,
Оқып көр газетіңді – өз сөзіңді.
Ашады ашты шайдай аң сезімді.
Айнадай жарқыратып көрсетеді,
Мін бар ма, қолыңа алып көр өзіңді... («Оқып көр газетімді»).
Осы таң кімнің таңы
– жетім таңы,
Күн кешкен күңдікпенен
жесір таңы.
Теңдікке қолы жетпей күңіреніп,
Қорлықпен өтіп кеткен есіл таңы.
аңы атпай, айы батып,
түнек кешкен,
Қатарға ғаріп-қасер келсін тағы.
Көзіңді аш, езілген ел, таң сенікі,
Айырып дос пен қасты жете таны («Осы таң – кімнің таңы?»), – деген өлең жолдары Алаш үні болып көпке жетті.
Осылайша, Таңжарық арғы бет асқан Алаш рухының жампозына айналды. Тағдыр оған дәл осы бір қиын жолды әдейі телігендей оның өмір жолы да Алаш зиялыларыныкіндей қиын-қыстау, қуғын-сүргінге толы болды.
Шыңжаңдық билеуші Шың Шысай қазақтарды жаппай тұтқындай бастағанда 1940 жылы Таңжарықты да ұстап, түрмеге жапты. 1944 жылы түрмеден босап, 1945 жылы қайтадан ұсталды. Аяусыз жәбірлеуге, жан төзгісіз қинауға ұшырады. 1946 жылы гоминдаң үкіметі мен үш аймақ үкіметі арасындағы келісімшартқа орай түрмеден босаса да, денсаулығына ілінген ақаулығы асқынып, 1947 жылы маусымда қасіретпен көз жұмды. Шыңжаң халық баспасынан ілгерінді-кейінді болып, «Түрме халы» (1981 жыл), «Назгүл» (1982), Орталық ұлттар баспасынан «Анар-Сәуле» (1982), Іле газеті баспасынан «Шын тілек» (1994) кітаптары жарық көрді. Кейіннен барлық шығармасы топтастырылып, «Таңдамалы шығармаларының» 1-2 томы 1985 жылы, 3-томы 1995 жылы басылып шықты. Қазақстанда 1974 жылы, 1992 жылы, 2003 жылы ақын еңбегі арнайы кітап болып жарық көрді.
Түрмедегі адамдардың қасіретті тағдыры туралы Таңжарық Жолдыұлы:
Қорлықпен қор боп өлді нелер сері,
Адамды күйдіретін осы жері.
Жем болды қарға-құзғын,
ит пен құсқа,
Елімнің амал бар ма, есіл ері.
Қылығы міне, осы, бізге қылған,
Қосылып қалың қайғы
күнде тыңнан.
Түрмеде тоғыз жылда өлген адам,
Асыпты орта есеппен
алпыс мыңнан...
Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,
Қырық пен қырық үштің арасында.
Қорлықпен сол боздақтар
кетті арманда,
Балаңның қалды бұл кек баласына! – деп жазса, енді бірде:
Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы.
Ішегін ит сүйретіп өлген жанның,
Құс шоқып, домаланып
жатыр басы.
Халықтың соның бірі адал ұлы –
Мисалы Шәріпхандай жұрт ағасы.
Келе қалсаң Үрімжі қаласына,
Көзіңді сал қалтарыс саласына.
Өле-өлгенше кәпірден кегімді ал деп,
Тапсырып кет балаңның баласына,
– деп, тырнақтың көбесіне ине сұғып, үрпіне ши жүгіртіп қинаумен өлгендерді көзінен қан ағыза жырлады.
Ақынның осындай зар илеп, запыран құсқан ащы жырлары Үрімжі түрмесінің ішін ғана күңірентіп қалмастан, ауыздан-ауызға таралып, төңіректің төрт бұрышына тарап жатты. Сонау қиырдағы Алтай өлкесі де ақынның есім-сойына ерте қанық болды.
Айталық, Таңжарық түрмеде Ақыт Үлімжіұлы, Шәріпхан Көгедаев сынды көрнекті тұлғалармен де тас босағада кездейсоқ тіл айқастырады. Үрімжі түрмесінде Шәріпханды көріп қалады да:
– Ассалаумағалейкум,
мен Таңжарық,
Таныдым Шақаң ғой деп
сізді аңғарып.
Алтайдың алып қыран ақиығы,
Түстің бе,
құрған торға сіз де алданып?
Жақтамай жатпас елі адал ұлын,
Атағы айбар болған жырлап халық.
Айтармыз ерлігіңді, серлігіңді,
Кетпесе көз жұмылып,
тіл байланып.
Бәйтерек көлеңкелі шынар едің,
Өсіп ең тақыр дала тасты жарып,
Жауыздың тамырына
балта шапқан,
Түсерміз сары ізіне жарық алып.
Бұлақтай мөлдір едің
қайнап шыққан,
Қалайша бітіспекпіз іштей қанып.
Бұл жалған,
жалған дейді сол рас па? –
Бермесең өзің шешіп, біле алмадық.
Ағады қашан тұнып Ертіс, Іле,
Бұл күнде әбден болды лайланып..., – деген жыр жолдарын шұбырта жөнеледі.
Ақынның түрмедегі өмірі хақында аңыз-әпсаналар тіпті көп. Алаш зиялылары туралы айтқанда, түрмеге кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ. Олардың түрмедегі ащы өмірі хақында жазылған қалам іздері жоқтың қасы. Ал Таңжарық ақынның кейінге қалған түрме жырлары тұтас әдебиетімізде өзгеше орны бар, кесек, тағдырлы туындылар.
1920 жылы Алашорда автономиясы құлағаннан кейін суан елінің Мұқа болысы қуғынға ұшырап, Қытайға өтіп, Сүлеймен ақалақшыны паналайды. Кейіннен сондағы суандар мен шерулерге болыс болады. Сталиндік зұлматты көшіріп қолданған Шың Шысай Сүлеймен ақалақшы, Мұқа болыс сынды адамдарды жаппай тұтқындап түрмеге тығады. Таңжарық Жолдыұлы Мұқа болыспен Үрімжі түрмесінде бірге болыпты. 1945 жылдың жазында сол түрмеде Мұқа қайтыс болады дейді. Сонда Таңжарық Мұқа болыстың басын сүйеп отырып, мынадай өлеңмен:
Бар Мұқа, иманды бол, арыстаным,
Келмеске көзімізден алыстадың,
Қызығын екі дүниенің бірдей көріп,
Шықпады естіместей
дыбыстарың.
Бар Мұқа, иманды бол,
қасқырым-ай,
Бір кезде жүруші едің асқынып-ай.
Отырған Көкдалада шеру-суан,
Келді екен не зобалаң
бастығыңа-ай...,
– деп, зарлы жоқтауын айтқан екен.
Зият Шәкәрімұлы Үрімжі түрмесінде жазыпты делінетін жырдан қалған бір үзікте:
Жатырмыз Үрімжінің түрмесінде,
Өңкей қу екі елден бірлесуде.
Ақылды азаматтар тұтқын болып,
Азапты, аянышты күн кешуде.
Орнымнан зорға тұрдым сыз
өтіп бір,
Тайсалмай Таңжарық та жыр
етіп жүр.
Мәскеудің қаруланған
тыңшысын-ай,
Орыстың әскерлері күзетіп тұр..., – деген жолдар кездеседі.
Т.Жолдыұлының қиын-қыстау, тас босаға, тар есіктегі өмірінің өзі Алаш зиялыларының ащы тағдырымен тамырласып жатты.
Абақтының азапты, жан төзгісіз шындығы Таңжарық ақынның қаламынан қағыс қалмады. Тұтастай қарағанда, желілес өлеңдері арқылы «Абақты» аталатын аса ірі поэманы дүниеге әкелді.
Көрнекті әдебиетші, ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының: «Таңжарықты бастан-аяқ түгел оқыған адам оның қазақ поэзиясына құйып жатқан ұлы арналардың бірі екеніне еш шүбә келтірмейді. Таңжарық түрме туралы жырларында тек өз қасіретін ғана айтып қоймай, өзімен тағдыр-талайы бір Ахмет пен Міржақыптың, Мағжан мен Ілиястың, Сәкен мен Бейімбеттің де сыртқа шығара алмай кеткен кекті ашуын қоса жырлағандай әсер қалдырады», деуі тегін емес. Профессор Зұфар Сейітжанов та «Шыңжаң қазақ әдебиеті» атты монографиясында: «Абақты» – аймақ әдебиетін қойып, бүкіл қазақ әдебиетінде түрме туралы жазылған алғашқы көлемді шығарма», деген жоғары бағасын айтты.
Қазақ оқырмандарына Таңжарықты, оның қамау-қапаста жазылған жырларын алғаш жеткізген адам – қазақтың халық жазушысы Сәбит Мұқанов. Ол 1956 жылы Қытай еліне іссапармен барғанда Бұқара Тышқанбаевтан Таңжарық туралы мәліметтер алады. Бұл туралы «Алыптың адымдары» кітабында (1959) баяндайды.
1993 жылы Таңжарық ақынның 90 жылдық тойы Жетісу өлкесінде дүркіреп өтті. Осы тойда Зейнолла Қабдолов Таңжарық туралы тебірене толқып баяндама жасады: «Ақын лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, өлең роман, қисса, айтыс өлеңдерден халқына отыз мың жолдай мұра қалдырған. Осы туындылары арқылы ол Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлар арасынан көктеген рухани жалғасы, салалы бұтағы екендігін танытты. Қытайдағы қазақтардың жазба әдебиетінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі болды. Әлеуметтік, қоғамдық, өзге де өнегелі жұмыстарының нәтижесінде олардың бүгінгі дамыған баспасөзінің, оқу-ағартуының да негізін қаласты. Таңжарық ақын, қоғам қайраткері ғана емес, әнші, композитор, халықтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы», деп толғанды ғалым.
Қорыта келгенде, Таңжарық Жолдыұлы арғы бет асқан Алаш рухының сол елде өмір сүрген тірі бейнесі болды. Алаштың айта алмаған ақтық зары оның аузынан ақ жалын болып бұрқырады. Қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын тағдыр, ешкімге ұқсамайтын қолтаңба оның қаламы арқылы мәңгілікке таңбаланды. Бүгінгі буын Таңжарық сынды өткендер рухына тәу еткенде ғана тәуелсіз елдің, тәуелсіз әдебиеттің қадір-қасиетін тіпті де терең түсінеді.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы