• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Халықтан шыққан қайраткер

419 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Алаш арыстарының бірі,  жиырма жылға жуық Қазақстан мен Түркістан аймағының қоғамдық-саяси, ғылыми ағартушылық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың 115 жылдық мерейтойына арналған «Ораз Жандосов – ағартушы, ғылымды ұйымдастырушы және реформатор» атты тақырыпта ғылыми конференция   өтті.  Алқалы жиынға  елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар,  Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорлары, О.Жандосовтың артында қалған ұрпақтары, сондай-ақ, Алматы облысының Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарынан  өкілдер қатысты. Алаш ардақтыларының арасынан қазақ халқының қамын жеп өткен мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың алар орны ерекше. Оның артына қалдырған рухани мұрасы да ұшан-теңіз. Ораздың жарық дүниедегі ғұмыры да қамшының сабындай тым келте болып, қырық жастың қырқасына да іліге алмай кетті. Небәрі 39 жыл ғана өмір сүріп, замананың зардабын шектірген 1937 жылғы сталиндік репрессияның құрбаны болған оның ұлтының ұжданы үшін жасап кеткен жасампаздығы халқының жүрегінде қалды. Сондықтан да, оның есімі мен еңбегін елі құрметтейді. – Ораз Жандосов мерей­тойының біздің университетте аталып өтуінің ерекше мағынасы мен өзіндік сыры бар, – деді конференцияны ашып, сөз сөйлеген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов. – Ол мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, ол білімі мол, зерделі зерттеуші ғалым. Өз заманындағы еліміздің әлеуметтік, ауылшаруашылық салаларын терең зерттей отырып, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат ретінде тарихта қалды. Биік мақсаттарды алдына қойған қайраткер тұлға ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1930-1932 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі ҚазҰАУ) директорлығы қызметін абыроймен атқарды. Осы бір қиын-қыстау кезеңде институт қабырғасынан аграрлық саланың бір шоғыр білімді мамандары түлеп ұшты. Оның ұйымдастыруымен елімізде бірнеше жоғары оқу орындары ашылды. Мәселен, Абай атындағы қазіргі Алматы мемлекеттік университеті, Ауыл шаруашылық және Зооветеринарлық институттары және орта білім беретін тағы да бірнеше мекемелер. Алматыда­­­­ғы мемлекеттік кітапхана да Жан­досовтың ұйытқы болуымен ел игілігіне берілген болатын. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, 1918 жылы небәрі 19 жасында Қазақстандағы іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе көтерген. Ал жиырма екі жасында «Верный» қаласының атауын «Алматы» етіп өзгерту бұйрығына қол қойған. О.Жандосов есімі Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақтың марқасқа тұғаларымен қатар аталады. Жиында сөз алған қоғам қай­раткері, қазақтың көрнекті ақы­ны Олжас Сүлейменов, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының дирек­торы Ханкелді Әбжанов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлнар Нұрымбетова, «Мысль» журналының редакторы С.Құттықадам, т.б. ғалымдар Жандосов жайлы салиқалы ойларын ортаға салды. Х.Әбжанов қатысушыларға конференция материалдарының жеке жинақ болып жарық көретінін жеткізді. Жиналғандар алдында Қарасай ауданындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің 1-ші сынып оқушысы Шаймерден Әскен мен 9-шы сынып оқу­шысы Әлзира Манабаевалар көркемсөз оқу шеберліктерімен көпшіліктің таңдайын қақтырды. Конференциядан соң Ораз Жандосовтың аруағы мен рухына арналып ас берілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Мамыржан БОТАБЕКОВ.