• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Инфографика 21 Сәуір, 2023

Қатыгез бала қайдан шығады?

956 рет
көрсетілді

Кейінгі кездері жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, әлім­жеттік, буллинг, суицид оқиғалары жиілеп кетті. Өске­мен қаласын­дағы қыздар төбелесі, Түркістан облы­сындағы оқушы қыздың өлімі, Алматы облысындағы бір мектептегі оқиға сал­дарынан екі баланың қайтыс болуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселесі күні кеше Үкімет үйінде өткен алқалы жиында да көтерілді. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сорақы жағдай­лар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбы­лықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қор­ғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ», деп бұл бағыт­тағы жұмыстарды сынға алды. Рас, ендігі жерде мұндай жантүршігерлік оқиғаларға өкініш білдіріп немесе сырттай қарап отыру мүмкін емес. Сол себепті де «Egemen Qazaqstan» газетінің кезекті дөңгелек үстеліне білім мен тәрбие саласына жанашырлық танытып жүрген қоғам мүшелерін жинап, көкейкесті мәселені жан-жақты талқылаған едік.Дөңгелек үстелге еліміздің бала құ­қы­ғы жөніндегі уәкілі Ару­жан Саин, Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтай, педагог-психолог Әсия Серікова, республикалық «Qazbilim» орталы­ғының және Аста­на қаласындағы Қ.Мұхамедханов атын­дағы №90 ұлттық гимназияның дирек­торы Аятжан Ахметжанұлы, Ұлыт­ау облысы білім басқармасының бас­шысы Сапура Төлекова, Аста­на қаласы полиция департаменті Жер­гі­лікті полиция қызметі басқарма басты­ғының орынбасары Қанат Нысантаев, ата-аналар өкілі, журналист Данияр Есен және «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің жетекшісі Нұркен Асанов қатысып, тақырыпқа қатыс­ты ой-пікірлерін ортаға салды.

– Әуелгі сұрақ: неге жас­өспірімдер бірін-бірі аяусыз ұрып-соғып, қорлап, асқан қаты­гездік танытып жатыр? Мұн­дай қатыгездік қайдан шық­ты? Бұл жағдайға кім кінәлі?..

Аружан САИН:

– Бірде-бір адам зұлым, қаты­гез болып тумайды. Баланың фи­зикалық өсуімен оның санасы да өзгереді, адамгершілік нормалар мен құндылықтарды ол кішкентай кезінен бойы­на сіңіреді. Балалардың өскен ортасы олардың мінез-құлқын анықтайды. Балалардың қаты­гездікке баруына ең алдымен ересектер кінәлі. Қарасаңыз, ата-аналар мен мемлекеттік жү­йеге бірдей жауапкершілік жүк­теліп отыр. Балаларға қа­тысты мемлекеттік саясатты бая­ғыда-ақ өзгерту керек еді. Олар үшін тәрбиелі, дамыған орта қалыптастыру қажет. Мем­лекеттік ресурстар адами капиталды дамытуға жұмсалуы керек. Мәселен, егер бала отбасында жақсы тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өссе, ал отбасынан тыс жерде құндылықтар бағаланбайтын болса, бала зардап шегеді. Сондай-ақ керісінше, егер бала нашар отбасында тәрбиеленіп, алайда мейірімді, жақсы ортада жүрсе, ол жақсы жолға түсуі әбден мүмкін.

Аманжол ӘЛТАЙ:

– Кейінгі кездері жан түр­шігерлік оқиғалардың тым жиі­леп бара жатқаны қабырға­мыз­­ға ­батады. Бұл бәрімізді де ойландыруға тиіс. Түркістандағы мектеп оқушысының өлімі, Қаза­лыдағы баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жас­өспірімдердің қатыгездігі, Өске­мендегі өрімдей қызды шешін­діріп қойып, аяусыз сабаған тәр­биесіз қыздардың жиіркенішті мінездері – осылардың бәрі біздің қоғамда бала тәрбиесінің ақсап тұрғанын көрсетеді.

Әрине, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан бұл мәселеге салғырт қарауға болмай­ды. Тәрбиесіз ұрпақ – ата-анаға да, қоғамға да, Отанға да опа әпермейді. Егер дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алма­сақ, бұзақылықтың келеңсіз кө­ріністері күн сайын көбейе береді.

Жалпы, ұрпақ тәрбиесінде жіберіп алған қателіктеріміз көп. Оның түп-тамыры тереңде. Нақ­тырақ айтсам, өз баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана жауапты. Екіншіден, жауапкерші­лік­тің бір ұшы балабақшалар мен мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары, жас­өспірімдер тәртібін бақылауға алу­ға тиісті құзырлы органдарда жатыр. Олардың да жіберіп алған қателіктері бар. Сондай-ақ бұл осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиісті құзырлы министрліктің де кемшілігі.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:

– Кешегі жасөспірімдердің бір-бірін ұрып-соққан бейнежазбалары – қазіргі қоғамның трагедиясы. Біз баланы тәрбиелеу мен оны материалдық жағынан қамтамасыз етуді шатастырып алдық. Яғни отбасында ата-ана­лар балаларын материалдық тұр­ғыда қамтамасыз етсе болды, соны тәрбие бердім деп есептейді. Мысалы, «Мен саған телефон алып бердім, сен енді мынаны істе», «Мен сені қыдыртуға апардым, сен мынаны орындауың керек» деген сияқты адами қарым-қатынастан гөрі, материалдық «келісімшарт» түріндегі қаты­нас басым. Әйтпесе бұрын үлкен­деріміз «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ал бүгінде балаларды ұят, обалмен тәрбиелей алмайсың. Үлкен трагедия деп отырғаным осы.

Жоғары сынып оқушылары­мен кездесулер, тренингтер өт­кізіп, жан-жақты бағытта жұмыс жүргізгенде олардан «Біз ата-ана­мызға керек емеспіз», «Олармен сөйлесе алмаймыз», «Сөйлесетін адамымыз жоқ» деген уәждерді жиі естимін. Телефон, әлеуметтік желідегі қатыгездікті күнде көрген жас ұрпақ соны қайталайды. Тіпті баласы туралы хабарлассаң, ­«оған қарайтын уақытым жоқ» деп айғай салатын ата-аналар да көп.

Әсия СЕРІКОВА:

– Шынымен де, қазіргі таң­да әлеуметтік желіде жас­өспі­рім­дердің бір-біріне қол жұмсауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, бопсалау, әлімжеттік көрсеткен бейнежазбалары көп. Бұрын мұндай әрекетке көбіне ер балалар барса, қазіргі таңда қыздардың арасында да жиі кездеседі. Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Тек мектепті ғана кінәлауға болмас. Тәрбие тал бесіктен басталады. Ендеше, ең бірінші әсер ететін жер – отбасы. Ата-ананың балаға берген тәлім-тәрбиесі, оның қай ортада жүргені, дос­тары маңызды. Баланы қоғам болып тәрбиелейміз. Қазіргі балалар бір-біріне аяушылық танытпайды. Оның себебі – бала үйде агрессия, зорлық-зомбылық немесе қоғамнан қысым көрсе, өзінен әлсіз адамға күш қолдануға бейім келеді.

Жастардың қатыгездігі, бі­рін-бірі аямауы, қол жұмсауы – қо­ғамның проблемасы. Өйткені тәрбиелеп жатқан оның отбасы, ортасы. Мысалы, кейбіреулер баласына «сені біреу ұрса, екі есе қайтар» деген секілді кеңес айтады. Бала тәрбиесіне отбасы, дос­­­тары, айналасы, мектебі – бәрі әсер етеді. Қазіргі балалардың қо­лында тек телефон, гаджет бар. Яғни көп ақпарат алады. Тіпті кейде өз жасына қатысы жоқ, сай келмейтін мәліметті де көреді, оқиды. Мұның бәрі баланың психологиясына әсер етеді.

– Біз қазірдің өзінде кінә­ні сырттан іздеп отырған сияқ­тымыз. Тіптен, жас­өспірім­дердің қатыгездігіне, олардың зорлық-зомбылыққа баруына мемлекет қана кінәлі сияқты көрінеді...

Аманжол ӘЛТАЙ:

– Алдағы уақытта осы ол­қы­­­­лықтың орнын толтыру­ үшін бала тәрбие­сіне жа­уапты ми­нис­­трліктер бірі­гіп жұмыс атқаруға тиіс. Атап айт­қанда, Оқу-ағарту, Жоғары бі­лім және ғылым, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп жұмыс атқарып, жастардың мәселесімен шындап айналысуы керек.

Мәселен, Оқу-ағарту ми­­­­­нис­­­тр­лігі мектеп мұғалімдері ­оқу­­­шыларға тек академиялық бі­лім беріп қоймай, олардың тәрбиесіне жауапкершілік алу­ға тиіс. Мектептердегі әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қыз­метін ұйымдастыру қағида­тын қайта қарау қажет. Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері бала тәрбиесін дамытатын, танымын кеңейтетін, тағылымдық мәні бар бағдарламаларды көбейтуі керек. Ал бұған сай келмейтіндеріне тыйым салған жөн.

Аружан САИН:

– Жауапты шешім қабыл­дай­тын адам мемлекеттік тұр­ғы­дан ойламайды, ол өзінің айна­ласындағы шектеуден шыға алмайды. Бұл – қоғамның барлық саласына еніп кеткен жемқор­лық пен надандықтың салдары. Білім деңгейінің төмендеуі мен білім беру жүйесінің түбегейлі құлдырауы салдарынан (бұл үшін ең алдымен мемлекет жа­­уапты) әрбір кейінгі ұрпақ барған са­йын сауатсыз, мәдениетсіз болып барады. Тиісінше, олар да балаларын ертең өздері түсінетін құндылық, өмір салты туралы түсінігі аясында тәрбиелейді.

ЭЫДҰ-ның білім беруге ар­налған зерттеулеріне қарасақ, мемлекет балаларды оқытуға неғұрлым көп қаржы бөлсе, қылмыс деңгейі соғұрлым төмен болатынын көреміз. Ал біздің елде қалай? Кейінгі кездері жасалып жатқан білім берудегі әрбір реформа жағдайды одан сайын нашарлатты. Балалардың секция­ларда, үйірмелерде өздерінің сүйікті спорт түрлерімен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктің болмауы олардың назарын көшеге аудырып, нашақорлық, мас­кү­немдік, бақылаусыз интернетте отыруына әкелді.

Қоғамдағы зорлық-зомбы­лық­ты барынша азайтып, бала­лар, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингті жойғы­мыз келсе, балаларға қатысты мемлекеттік саясатты түбегей­лі өзгертуіміз керек. Оларды барын­ша дамытатын, уақытын пай­далы істерге жұмсайтын, әр баланың қабілетін ашатын, сол қабілеттердің ашылуына мүмкіндік беретін мемлекеттік жүйе құруымыз қажет. Тек осылай ғана біз әлемде бәсекеге қабілетті және экономика, ғы­лым, өндіріс, технология саласында жоғары жетістікке қол жеткізе аламыз. Мұндай ұрпақ өзін және балаларын лайықты түрде адамгершілік қасиет, бір-бірінің құқықтарын құрметтеу секілді қажетті құндылықтармен қамтамасыз ете алады. Яғни бұл тек балалар мен ересектердің қауіпсіздігі мәселесі емес, бұл елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігі мәселесіне де әсер етеді.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:

– Әрине, кімді болсын кінә­лау оңай. Оның ішінде мұға­лімге жүкті аудара салу тіптен жеңіл. Бұл жерде елдегі адам капиталы басты байлық деп ал­сақ, таяқтың екінші ұшы мем­лекеттің маңдайына тиетіні сөз­сіз. Шынымен, қателіктер бар. Ол жеке адамға қатысты емес, тұтас жүйенің қателігі. Мә­­се­­лен, мектептегі тәрбие жұ­мы­­­сына келсек, біз оны екі-ақ адамға байланыстырып тастадық, олар – сынып жетекшісі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Сондықтан тәрбие үдерісі әлсіреп кетті. Тәрбиені ұранмен, айғайлаумен шатастыратын жұрт одан көп. Тәрбие сөз емес, іс екенін, тәрбие ұран емес, өнеге екенін білмейтіндер қатары артты.

Мектептердің жағдайы жалған сапа қуудан аспай тұр. Ата-ана мектептің рейтинг қуу үшін шы­ғарған жалған бағаларына алданып мәз. Қарап отырсаң, 4 мың оқушысы бар мектепте мың үз­дік оқушы бар, бірақ бірде-бір құқық бұзатын тентек бала жоқ, бірде-бір бұзақы бала жоқ. Құжат жүзінде, әрине. Ал іс жүзіндегі жағдайды зерттеп қарасаң, жаның түршігіп кетуі мүмкін.

Аружан САИН:

– Билік балалар басты мем­лекеттік инвестиция екенін тү­сінуі керек. Біз сарапшылар қа­уымдастығымен бірге өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысты бірқатар бастаманы қолға алдық. Мұнда барлық баланың құ­қық­тары тең қарастырылады. Мем­лекет әрбір бала алдындағы өз міндеттерін орындауы керек. Біз әрбір баланың денсаулығын сақтауға, оны ұзақ жылдар бо­йы нығайтуға тиіспіз. Балалар спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы қар­жыландыру бастамасында бала­лардың жыл бойына барынша жұмыспен қамтылуы, олардың тұлғалық және мәдени дамуы қарастырылады. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық бала­ны мектептегі ыстық тамақ­пен­ қамтамасыз ету бастамасы ден­сау­лықты сақтауға және бала ағзасының қалыпты дамуына көмектесуге бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің мұ­ғалім мәртебесін көтеруге бағыт­талған реформасы өз жемі­сін береді деп сенемін. Өкі­нішке қарай, қолға алған баста­малардың әрқайсысы үшін біз шенеуніктердің қарсылығын ең­серуіміз керек. Олар әдеттегідей «Бұған ақша жоқ» дейтіні сөзсіз. Мәселенің мәнісін нақтылап, ­жоспарлап, жауапкершілікпен қол­ға алса, әрбір бастаманы те­зірек жүзеге асыруға болатынына сенімдімін.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жос­пар әзірленіп жатыр. Жос­пар­ға қатысты қандай ұсы­ныстарыңыз бар?

Аружан САИН:

– Кешенді жоспармен таныс­пын, онда балалардың құқық­тары мен мүдделерін сақтауға бағытталған жеке тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, білім беру ұйымдарын қорғаудың ке­шенді жүйесін қамтамасыз ету, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, балалар арасындағы құқық бұзушылық пен суицид деңгейін төмендету, оның ішінде психологиялық қызметті күшейту секілді мәселелер қамтылған. Сондай-ақ кешенді жоспарда заңнамалық және норматив­тік-құқықтық базаны жетілдіру қарас­тырылған.

Әрине, мұның бәрі тамаша, бірақ елімізде білікті кадрлардың жетіспеушілігі ең үлкен мәселе екенін үнемі айтып келемін. Керемет жоспарды жүзеге асыра­тын білікті мамандар болмаса,­ оның іске асуы екіталай. Мәселен, жол карталарының, көптеген ке­шенді жоспардың тиісті деңгейде орын­да­мағаны үшін қаншама шенеунік жауапқа тартылды?..

Нақты жоспарға келер болсақ, оның әрбір тармағында іске асыру тұрғысынан әзірленген және белгіленген әрекеттер алгоритмі болуы керек. Сондай-ақ әрбір тармаққа қатысты міндетті түрде қаржылық шығындар есептеліп, көрсетілуі қажет. Асығыс жасап, бекіте салатын дүние емес, мұнда болашақ ұрпақтың тағдыры тұр.

Сапура ТӨЛЕКОВА:

– Елдің ертеңі қандай бол­ма­­­ғы бүгінгі біздерге тікелей қатыс­ты. Бұл ретте кінәні әркім өзінен іздеген дұрыс. Кешенді көзқа­рас керек. Біздің облыста бірнеше басқарма бірігіп 8 бағыттан тұ­ратын «Ұлағатты ұрпақ» бағ­дарламасын қабылдадық. Бағ­дарлама азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, отбасы­лық құндылықтар, еңбек, эко­но­микалық-экологиялық, зият­кер­лік, дене тәрбиесін қамтиды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдарды да тартып отырмыз.

Біз қазір мектептерге сыртқы әдеміліктен гөрі ішкі мазмұнға баса назар аудару талабын қо­йып жатырмыз. Бұл не деген сөз? Оқу үдерісі әрине, ойдағыдай болу керек. Оқушының партасы дұрыс, оқулығы жеткілікті болсын. Бірақ ең бастысы, мектепте оқушы өзін еркін сезіне алатындай ахуал қалыптасуы қажет. Бала өзінің көңіліндегі күйзелі­сін, біреуден көрген зорлық- зом­былығын мұғалімдерге айтудан жасқанбайтын болсын. Керісінше, дер уақытында сырын бөліссе, мұның салдары жеңілге соғар еді. Бір жағынан, мұғалімдер де оқушылардың сондай ашық сырласуына әзір болуға тиіс.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:

– Жігіттің үш жұрты бола­тыны секілді оқушының да үш жұрты бар: мектеп, отбасы, қо­ғам. Осы үш жұрт тәрбие ісіне жұ­мылмаса, бала тәрбиесінің жақ­саруы жайында айтудың өзі артық. Әрқайсысының өз мін­деттері бар. Мектеп білім мен тәр­биені қатар беру керек, отбасы бала тәрбиесіне бейжай қара­мауға тиіс. Ал қоғамның әрбір мүшесі бала тәрбиешісі екенін ұмытпағаны абзал. Біз соны көбіне естен шығарып аламыз. Біз өз баламыздың ғана емес, қоғамдағы әрбір баланың тәрбиешісіміз. Тіпті әлеуметтік желіге қатыгездікті насихаттайтын бейнежазбаны жүктеген кезде, оны балалардың да көретінін ұмытып кетеміз. Желіде отырып алып ойға келгенді жазамыз. Бұдан кейін кешегідей бір-бірін аяусыз тепкілеген қатыгездер қайдан шықты деп байбалам салудың өзі артық.

Бала тәрбиесімен айналысу тек Оқу-ағарту министрлігінің құзы­рындағы шаруа емес. Оған басқа да министрліктер, қоғамдық ұйымдар, тіпті діни бірлестік­тер бірігіп, ортақ тұжырым жасауы керек. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», бұл жерде де бүкіл қоғам бір жұдырық болып жұмылмай, тек министрліктің немесе мектептің жұмысы бүгінгі проблеманы шеше алмайды.

Аманжол ӘЛТАЙ:

– «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», деп Әл-Фараби айтқандай, жас ұрпақтың қос қанатының бірі – білім, екіншісі – тәрбие. Екі қанатын тең қаққанда ғана құс биікке ұша алады. Балаларымызға тәрбиені дұрыстап бере алмасақ, тек білім берумен шектелсек, баланың бо­йында Абай айтқан толық адамды қалыптастыра алмаймыз.

Бірінші кезекте мектеп­терде ұстаздарымыз, педагогтеріміз балаға білім берумен шектел­меуге тиіс. Олардың балаға тәр­бие берудегі жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Әсіресе мек­тептердегі психолог мамандар, әлеуметтік педагогтердің мәр­тебесін көтеріп, жауапкерші­лі­­гін арттыру қажет. Оларға қатыс­ты қағидаттарды қайта қараған жөн. Ішкі істер министрлігінің жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған жастармен жұмыс жүр­гізетін учаскелік полиция жұмы­сын қайта сараптаған абзал. Олар­дың балалармен жұмыс істеу барысын реттеп, олқылықтарды жою керек.

Жастар тәрбиесінің тым тө­мендеп кетуіне ең басты әсер етіп отырған, теріс күштің бірі – жас ұрпақтың әлеуметтік желінің тұтқыны болып қалуы. Онда бала санасына оң әсер ететін де, теріс әсер ететін де ақпарат бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2022 жылы заңға қайшы 16000 интернет-ресурс анықталған. Нақ­тырақ айтқанда, баланың тәр­биесіне, олардың дамуына теріс әсер ететін лас ақпараттар әлеуметтік желіде көп. Соның ішінде TikTok өте зиян. Таяуда жолдаған депутаттық сауалымда осы мәселені көтердім. Алдағы уақытта TikTok әлеуметтік желі­сін кәмелет жасқа толмаған жас­өспірімдер арасында тыйым салу керек. Егер бүгін осындай қатаң қадамға бармасақ, ертең бала тәрбиесіндегі кемшілік асқынып, опық жейтініміз сөзсіз.

– Әңгіме ауанын бала құқы­ғына қатысты өрбітсек. Бұл бағыттағы жұмыс нақты кім­нің құзыретінде болуы керек? Құқық қорғаушылардың, әлде бала құқы жөніндегі уәкілдердің немесе әкімдердің міндетіне ­кіре ме?

Аружан САИН:

– Бұған бүкіл қоғам жауапты. Оның ішінде әрқайсымыз­дың үлесіміз, соған сай жауап­кершілігіміз бар. Барлық 20 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда үкіметтік емес ұйым­дар мен қоғамдық бірлестіктер бас­шыларының, балалардың құқығын қорғауда тәжірибесі бар азаматтардың арасында осын­дай уәкілдер бар. Балалар ұйым­дарына кедергісіз кіру құқығына ие бола отырып, олар баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдарды қарауға, сондай-ақ балалар ұйым­дарына көмектесуге, балаларды қорғау саласындағы проблемаларды шешуге арналған заң жобаларына қатысуға міндетті.

Ал өңірлік уәкілдерді облыс әкімдері тағайындайды және олар­дың алдында жауапты. Сон­дықтан өңірлердегі жұмыс әкім­дердің балаларға деген көзқарасы, қарым-қатынасына байланысты. Егер әкім балаларға жаны жақын болса, бұл үлкен жетістік.

Қанат НЫСАНТАЕВ:

– Расында ортақ мүддеге ­же­­келеген міндеттерді атқару арқылы жұмыламыз ғой. Құқық қорғау саласы да бұл істен тыс­қары емес. Атап айтқанда, полиция органдары құрылымын­да жасөспірімдермен жұмыс жүр­гізетін арнайы бөлімдер бар. Мә­селен, Астана қаласы бойынша айтар болсам, департаментке қарасты Жергілікті полиция қызметінің құрамында, сонымен қатар, елордамыздың төрт ауда­нында жасөспірімдерге жа­уапты бөлімдер жұмыс істейді. Олардың қызметі мектептер­мен және жергілікті әкімдіктермен тығыз байланысты. Мәселен, балалардың тәртібін, жүріс-тұ­рысын қадағалап, түрлі құқық бұзушылыққа бармас үшін полиция қызметкерлері ата-аналар жиналысына, мектептегі тәр­бие сағаттарына, басқа да жиын­дар­ға қатысып, дәрістер оқиды. Балалармен арнайы кездесулер ұйымдастырылады. Жоспар бо­йынша жол ережесін сақтау, бір-біріне әлімжеттік жасамау, қоғамдық орындарды ластамау секілді тақырыптарда дәрістер өткізіліп, профилактикалық жұ­мыстар жүргізіледі.

Мектептен бөлек әкімдікте ко­миссиялар құрылып, құқық бұзу­­­шылыққа барған балалардың істері қаралады және олардың істеріне заң шеңберінде іс-шара­лар­ қолданылады. Ата-аналары да жауапкершілікке тартылып жататын жағдайлар бар.

– Осы жерде заңды сұрақ туады: қоғам неге мектептер­дегі түрлі оқиғаларды, оның ішінде зорлық-зомбылық та бар, жария болған бейнежазбалар арқылы ғана біліп отыр? Демек, мұны тізбекті реакция деп алсақ, қайбір жердегі механизм үзіліп қалған болып тұр ғой? Немесе бала қатыгездігінің алдын алуда дәрменсіз болып қалдық па?

Қанат НЫСАНТАЕВ:

– Рас, соңғы уақытта әлеу­меттік желілерде жасөспірім ұл­дар мен қыздардың бір-бірін аяусыз­ ұрып-соққан бейнежазбалары тарап жатыр. Біз де өз тарапымыздан олардың бәрін жіті бақылап, тексереміз. Айта кететін жайт, Астана қаласы бойынша мұндай келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ.

Ал жасөспірімдер бір-бірін ұрып соқса, полиция қалай әре­кет етеді деген сұрақ туатыны сөзсіз. Егер интернетте осындай бейнежазбалар тараса немесе бір тараптан арыз түскен жағдайда тәртіп сақшылары тарапынан бірден қылмыстық іс қозғалады. Сол іс бойынша тергеу тобы құрылып, тергеушілер істі жан-жақты тексеруді бастайды. Оқи­ғаның мән-жайын түпкілікті анықтап, кінәлілерді табу үшін ата-аналармен, балалармен жә­не педагогтермен кездесулер өткізіліп, болған жағдайдың жай-жапсары сұралады. Егер құқық бұзушылыққа барған баланың психикалық ауытқулары болса, оған арнайы сараптамалар тағайындалады. Нәтижесінде, осы айтылғандардың бәрін есепке алып, сараптай келе, тергеуші соңғы шешімді шығарады да, оқиғаның заң шеңберінде қыл­мыстық құрамы дәлелденсе, іс сотқа жолданады.

Қылмыстық кодекстің 15-бабы­ 1-тармағы бойынша қыл­мыстық құқық бұзушылық жа­са­ған жасөспірім 16 жасқа тол­ған және есі дұрыс болса, ол қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылады. Сондай-ақ аталған бап­тың 2-тармағы бойынша 14 жасқа толған жасөспірімнің де жауапқа тартылуына негіз болар қылмыстық құқық бұзушылық түрлері егжей-тегжей жазыл­ған. Оның ішінде адам өлтіру, ден­саулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық се­кілді жалпы саны 30 бап қарас­тырылған.

Данияр ЕСЕН:

– Менің бұл тақырыпты қоз­ғап жүргеніме төрт жылдай болды. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қо­ры­мен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан өзге елдермен са­лыс­тырғанда балалар суициді жа­ғы­нан алдыңғы қатарда. Шыны керек, бұл жағдайда мұғалімді, интернетті кінәлайды. Бірақ бұл жерде ата-ананың балаға деген махаббаты аз болып тұр. Бала өз бетінше, ата-ана өзі бөлек жүріп жатыр. «Баяғыда біз төбе­лесіп өскенбіз. Ешнәрсе ет­пейді адам болып кеттік», деген адамдікі дұрыс емес. Төбелесті, қатыгездікті насихаттауға болмайды. Төбелес былай тұр­сын, адамның тәніне басқа бір адамның қолын тигізуге құқығы жоқ. Ұрған адам қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылуы керек. Еуропадағыдай, Америкадағы­дай заң жұмыс істеу керек.

Қазіргі балалар қатыгез болып барады. Бір-бірін аяусыз соққыға жығып жатыр. Түсінемін, қу тірліктің қамытын киіп, күйбең тіршіліктің соңында жүрміз. Бірақ бірінші орында ұрпақ тәр­биесі тұру керек. Әрбір балаға ізгілік дәнін себуіміз қажет.

Нұркен АСАНОВ:

– Балалар арасындағы қа­ты­гездік – әлемдегі ең ауыр проб­ле­­маның бірі. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, балалардың қатыгездігіне төрт негізгі фактор әсер етеді: физиологиялық, отбасындағы тәрбие, әлеуметтік және жасөспірімдік шақ. Мұның бәрін жеке-жеке талдағандағы түйін – ол ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі. Қазіргі әке-шеше уақытының көбін жұ­мысқа, балаларын асырауға жұм­сайды. Зерттеулерге сүйенер болсақ, күнделікті балалармен уақыт өткізуге тек 37% ата-ана­ның мүмкіндігі бар екен.

Осы ретте қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптас­тыру үшін «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар бір­лестігін құрған болатынбыз. Екі жылға жуық уақыттан бері бұл бірлестік отбасылық құндылықты сақтау жолында еңбек етіп келеді. Әділдік, туралық, талапшыл­дық, жандану және әдепті өр­кениетті ұстанған бірлестіктің басты миссиясы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. Яғни ой айту емес, ой ояту.

– Тақырыбымыз ата-ана­лардың жауапкершілігіне қарай ойысып отырғандай, дұрыс та шығар. Яғни бала тәрбиесінде орын алған олқылықтың бір ұшы үйдегі тәрбиеде жатыр. Демек, болған іске ата-аналар да жауапты. Ендеше, мектеп, құқық қорғау және ата-ана тарапы нақты не істеуі керек?

Аманжол ӘЛТАЙ:

– Бала тәрбиесі мәселесі түзелу үшін жалғыз ғана әлеу­мет­тік желіге тыйым салумен шектелу аздық етеді. Сол се­бепті жан-жақты, кешенді түр­де қарау керек. Біріншіден, мем­лекетімізде мейірімділік, мем­лекетшілдік, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идео­логия қалыптасып, жүргізілуге тиіс. Екіншіден, бала тәрбиесінің негізгі алтын ұясы – отбасы. Әрбір ата-ана тәрбиелеп отырған баласымен ашық әңгімелесіп, өзінің тәрбие берудегі жауапкершілі­гін күшейткен жөн. Яғни көп жағ­дайда ата-ана таңертең жұ­мысқа кетіп, кешке бір-ақ келеді. Баласымен әңгімелесуге уақыт таппайды. Міне, осы тұста көп­теген қателік жіберіп отырмыз. Ата тарихымызға қарасақ, керемет ұлы тұлғаларымыздың қалыптасу кезеңінде әженің тәрбиесі, атаның тәрбиесі, әке мен шешенің тәрбиесі алатын орын ерекше болған. Бабаларымыз­дан жалғасып келе жатқан отба­сындағы тәрбие институты дұрыс деңгейде жалғасын табуға тиіс.

Сапура ТӨЛЕКОВА:

– Мектеп пен ата-ана ара­сын­дағы байланысты шынайы жол­ға қоймайынша нақты нәтиже­ге жету қиын. Мұны ата-ана да, мектеп те түсіне білуі керек. Сон­дықтан да көзалдау іс-шаралардан бас тартқан дұрыс.

Биыл бізде алғаш рет ата-ана­лардың қатысуымен екі аптаға созылған «Ашық есік күн­дері» өтті. Сол екі апта бойы­на кез келген ата-ана мектепке келіп баласының сабағына қа­тысты, олардың мектептегі жү­ріс-тұрыстарын, басқалармен қарым-қатынасын бақылады, байқады. Іс-шара аясында «Қол­дау сағаты» өткізілді. Мұны бас­қаша айтқанда, ата-ана, бала және мұғалім арасындағы дамытушы сипаттағы сұхбат десе де болады. Мұнда балаға үйде, мектепте қандай тұрғыда қолдау көрсету керектігі нақтыланып, белгіленеді.

Тағы бір атап өтетін нәрсе, «Ата-ана сағаты» деген де жоба енгізілді. Яғни ата-ана мектепке келіп, кез келген сыныпқа барып, өзі жетік білетін тақырып бо­йынша сынып сағатын өткізе алады. Мысалы, дәрігер медицина, кенші шахта, кітапханашы кітап оқу сияқты әңгіме өрбітетін болса, бұл біріншіден, балаларға басқа адамның сабақ өткізіп тұрғаны қызықты көрінеді, екіншіден, олардың бойында әлгі мамандық иелеріне деген қызығушылық оянып, болашақ мамандық таңдауға да әсер етуі мүмкін.

«Ашық есік күндері» де өзінің тиімділігін байқатты. Алдағы оқу жылында бұл іс-шара әр тоқсан сайын өткізілмекші. «Ата-аналар академиясы» жобасын да енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның мақсаты – балалармен жұмыс жүргізу формаларын жетілдіру. Қазіргі балалар жеке жүргенді қалайды, мінезі тұйықтау, интернетке әуес. Интернеттің оңы да, терісі де бар. Жасөспірімдер әсершіл болғандықтан олар теріс жағына көбірек түсіп кетіп, онлайн ойындардың құрбаны болып жатыр. Осының жолдарын кесу «Ата-аналар академиясына» жүктелетін басты міндет.

Данияр ЕСЕН:

– Қазіргі балаға ата-ана­ның махаббаты жетіспейді. Ал біздің балаға, өзіміздің ұрпа­ғымызға жай ғана 20 минут уақытымызды бөлуге мүмкін­дігіміз жоқ. Біреуіміз ақшаның, мансаптың соңында, енді біреуіміз той тойлап жүрміз. Ата-аналар оянса екен деймін. Ертеңгі күні «Қай жерден мүлт кеттік екен?», деп бармақ шайнап қалмасақ болғаны. Тәрбие – тал бесіктен! Бала тәрбиесіне TikTok та, мектеп те, интернет те жауапты емес. Жауапкершілікті біреуге итере салу мәселені шешпейді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана жауап береді.

Қанат НЫСАНТАЕВ:

– Жоғарыда балалардың бұза­қылық әрекеті ата-анасы да жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп айттым ғой, соны тарата кетсем. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша оларға 10 АЕК, баласы ауыр қылмыс жасаса, 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалады.

Осы жерде айта кететін мә­селе, кешегі бейнежазбадан кейін әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын қауесет тарап жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып, нақты сот шешімі шықпай тұрып жалған, расталмаған ақпарат таратқан адамдарға Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ол бо­йынша 1 мыңнан 5 мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру­ жазасы тағайындалуы мүмкін.

Нұркен АСАНОВ:

– Біздің бірлестіктің филиалдарына 90 мың ата-ана мүшелікке тіркелген. Бірлестіктің ұйытқы болуымен осыған дейін 15 010 іс-шара өткізіліп, 90 050 аудитория қамтылды. 18 филиалда жұмыс жасап, осы уақытқа дейін көптеген іс-шара жүргізгенде байқағанымыз, ата-аналар жи­на­лысқа аз келеді. Келсе де сол жақсы оқитын, үлгілі оқушы­лардың ғана анасы, не әкесі отырады. Ал отбасында проблемасы бар, психологиялық көмекті қажет ететін ата-аналар жиналысқа келмейді. Бұл да ата-ананың жауап­кершілігін көрсетеді. Ал­дағы уақытта осы мақсатта тек білім беру ұйымдары емес, сонымен қатар, мекемелерде де «бала тәрбиесі, бала психологиясы» туралы іс-шараларды өткізу жос­парымызда бар. Баламен жұмыс істеуде білім беру ұйымының орны ерекше. Себебі бала отбасынан бөлек, ең көп уақытын сол жерде өткізеді.

ДҰҰ зерттеулеріне сүйен­сек,­ білім беру ұйымы профи­лактикалық іс-шараларды өткізуге болатын ең қолайлы жер. Себебі бала көп уақытын күнделікті білім беру ұйымында өткізетін болғандықтан, бала бойындағы өзгерістерді мектеп қарауылынан бастап, басшысына дейін байқай алады, балалар өздерінде болып жатқан проблеманы сол ортада өзара талқылайды. Білім беру ұйымдары профилактикалық іс-шараларына да мысалы, рейд немесе басқа да іс-шараларға ата-аналарды тартып, бірлесіп жұмыс істеп отырса, тиімділігі жоғары болады.

Әсия СЕРІКОВА:

– Балалар арасындағы әлім­жеттікті тоқтату үшін қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Психологтер мұны «үштік одақ» деп атайды: бала, ата-ана және мектеп. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, бірігіп жұмыс істеу керек. Оған қоса, бәрі бір бағытта әрекет етуге тиіс. Яғни ата-ана да, мектеп те бір нәрсеге үн­деуі қажет. Ал әке-шешесі бас­қа әңгіме айтып, мектептің тәр­биесі мүлдем бөлек болса, онда баланың психологиясы сау болып өспейді.

ТҮЙІН. Қоғамды дүрліктірген оқиғалардан кейін еліміздің Оқу-ағарту министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізіп, онда Оқу-ағарту министрі мұғалімдер мен ата-аналарға үндеу жасады. «Бір өкініштісі жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жан түршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге – педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналарға балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», деді министр Ғани Бейсембаев өз үндеуінде.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Осы мақсатта балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердегі психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданып отыр.

Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде. Мұның барлығы келешек ұрпақтың сапалы білім алуынан бөлек саналы азамат болып қалыптасу жолындағы мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттің көрінісі. Яғни балалардың қауіпсіздігі тұтас елдің ең маңызды бағыты әрі басты назарындағы мәселе болып қала бермек.

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер:

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»