• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Олар әр кез сапасымен мақтанады

361 рет
көрсетілді

Елімізде соңғы жылдары құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алып келеді. Қаланы былай қойғанда, далада, ауыл-аймақтарда да көптеп тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылып жатыр. Қазақ даласын қақ жарып өтіп, алып елдердің барыс-келісін жақындата түскен, ел тіршілігіне ерекше серпін, шуақ беріп, сауда-саттыққа жаңаша жағдай жасаған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі де ғасыр құрылысына баланып отыр. Осыдан-ақ біздің елде құрылыс материалдарына деген сұраныстың тіптен жоғары екенін айтпай-ақ сезесің. Соның ішінде еліміздегі құрылыс компанияларының цементке деген сұранысының 15 пайызға жуығын Жамбыл облысындағы «Жамбыл цемент өндірісі компаниясы» ЖШС қамтамасыз етіп отыр. Бұл – Қазақстан мен Францияның бірлесіп, өте сәтті жүзеге асырған инвестициялық жобаларының бірі. Бұлай деп айтуға бірнеше себеп бар. Зауыттың құрылысы аз уақыттың ішінде аяқталды. Яғни, қысқа мерзімнің ішінде кәсіпорын толық өндірістік қуатымен жұмыс істеуге қол жеткізді. Осы жобаны қолға алған Франция елінің «Викат» компаниясы туралы азды-көпті айта кетер болсақ, оның іргетасын алғаш рет Луи Вика ХІХ ғасырда қалаған екен. Ол 1817 жылы түрлі қоспалардан қазіргі пайдаланып жүрген цементті ойлап тапқан инженер. Бүгінде бірнеше мемлекетте цемент зауыттары бар. Әдетте, инвесторлар бизнесін өркендету үшін осы салаға оң көзімен қарайтын елдерге қаржы салады. Француз компаниясының Қазақстанға қадам басуына еліміздегі кәсіпкерлікке деген кең жағдайдың әсер еткені анық. – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қадағалауының арқасында және Қазақстан Үкіметінің қолдау көрсетуі нәтижесінде осы өндірістік қуаттылыққа қол жеткіздік. Мұндағы инвестициялық тартымдылық пен жұмыс істеуге қолайлы жағдай өндірісті бір сәт те тоқтатпай, қайта өркендетуге мүмкіндік беріп отыр. Зауыт кезекті жөндеу жұмыстары кезінде ғана тоқтайды, қалған уақытта цемент өндіреді, – дейді бұл жөнінде цемент зауытының директоры Анатолий Медюков. Елімізде «Жамбылцемент» брендін қалыптастырған кәсіпорын былтыр 1 милиион тоннадан астам цемент өндірді. Өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион 200 мың тонна. Цементті құрғақ әдіспен шығарады. Өзіндік құнын азайтатын бұл әдісті пайдалануға жергілікті шикізат мүмкіндік беріп отыр. «Жамбылцемент» әр кез сапасымен мақтанады. Бағасы да арзан. Цементке қажет шикізатты алыстан тасымайды, жергілікті жерде мол қоры бар. Ал инженер-оператор Николай Гепнердің айтуы­на қарағанда, олар бірнеше елдегі осындай өндіріс орындарын аралап көріпті. «Осыдан кейін ең озық технология осы біздің зауытта деп айта аламын. Барлық жұмысты осы бір жерден басқарамыз. Кәсіпорын барлық экологиялық талаптарға жауап береді. Цементтің сапасын әр өндірістік саты сайын тексеріп отырамыз», дейді ол. Ең бастысы, бүгінгі күні бұл зауыт өнімін қайда сатамын деп қиналмайды. Елімізге кеңінен танымал «Жамбылцемент» өнімін Алматы, Астана жақтан келіп, алдын ала келісімшартпен алып кетеді екен. Зауыт өнімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына да көптеп пайдаланылып жатыр. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жақында зауытқа барған сапарында жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тарту мәселесін көтерген болатын. Бүгінде кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етеді. Дені жергілікті азаматтар. Тірлігі алға басып, тасы өрге домалаған кәсіпорын Мыңарал кентінде үлкен әлеуметтік жобаларды қолға алған. Бұған дейін қызметкерлеріне арнап шағын аудан тұрғызған болса, енді алдағы уақытта оны кеңейтпек ­жоспарлары бар. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.