Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат жемқорлықпен күресу жұмыстарын күшейту мақсатында бұрын билікте болған шенділердің дүние мүлкін тексеруді ұсынды.
«Сыбайлас жемқорлық проблемасы бойынша айтарым - «балық басынан шіриді». Біз кезінде жоғары билікте отырған азаматтардың аузын тыймай, бері жағынан тыю мүмкін емес. Бұл жерде жемқорлық проблемасы тек мемлекет пен оның бюджетіне ғана байланысты емес. Бұл жерде банк жүйесі де бар», деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров телебағдарлама эфирінде.
Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлық мәселесінде жақында қабылданған заңның қатаң орындалуы маңызды екенін атап өтті.
«Бізде қай әкімнің қандай бизнесі бар екенін бүкіл Қазақстан біледі. Маған 30 жыл бизнеспен айналысып келе жатқан азамат бұрынғы министрлердің қандай үйі, дүние-мүлкі барын айтты, құны 1-1,5 млн тұрады деді. «30 жыл бизнеспен айналысып жүрген мен ондай үйді ала алмаймын» дейді. Менің ойымша, сол бұрынғы министрлердің табысы мен мүлкін тексеру керек. Қазір заң шықты, егер мемлекеттік қызметкер дүние-мүлкін қалай тапқанын дәлелдей алмаса, онда оны мемлекетке қайтаруы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейту керек», дейді депутат.