• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Сәуір, 2023

Идеямды кепілге қоямын...

327 рет
көрсетілді

Қолданыстағы заң идеяны кепілге қоюға рұқсат бергенімен, банктер оны кепілзат деп танып, несие беруге асығар емес. Батыстың дамыған елдерінде IT-дан бастап шығармашылық идеяға зияткерлік меншік құқық беріледі. Банктер оны кепілге алып, несие де үлестіреді.

Сарапшылар Қазақстанда зияткер­лік меншік құқын кепілге қойып, несие алу тәжірибесін енгізу қажеттігін талайдан бері айтып келеді. «Бірақ идеямды кепілге қоямын, маған несие беріңізші» деп банктерге жүгініп, оны өндіріске қолданып жатқандар жоқтың қасы. Себебі зияткерлік меншік иелері мен банктер арасындағы интеграцияға дем беретін факторлар тым әлсіз. Ал қолданыстағы заңдарда меншік құқығы идеясы кәсіпорынның жарғылық капиталына салым ретінде және заңмен рұқсат етілген басқа қаржылық операциялар үшін пайдалануға болатыны айтылған. Банк қызметкерлері зияткерлік меншік құқығын актив ретінде бағалау өте күрделі екенін, тіпті жекелеген тұлға­лар­дың инновациялық жобалары патент­телгенімен, қағаз жүзінде қалып қоюына себеп болатын фактор да осы екенін айтып жүр.

Әлемдік тәжірибеде патенттелген технологиядан бастап ән-күй, шығар­машылық идея, ақпараттық техно­ло­гия­лық өнімдердің бәрі материалдық емес активтер ретінде кепілзат бола ала­ды. Банктің талабы – дивидендпен бө­лісу емес, несиеңді уақтылы жа­бу. Жаба алмасаң, кепілзат ретінде ұсы­ныл­­ған жоба банктің иелігіне өте­ді. Ха­лық­аралық сарапшы­лар­дың пікірі­не ден қойсақ, банкке ке­­пілге қойыл­ған зияткерлік меншік құ­қық­тарының несиені ақтай алмаған сәт­тері өте сирек. Себебі олардың бәрі кә­сіби сарап­шы­лар­дың бағалауынан өтіп барып несиені беруге шешім қабылданады.

Ғалымдардың идеясын сатып алатын өндіріс орындары жоқтың қасы. Заттық сипаты жоқ зияткерлік меншік құқығы болып саналатын әдеби шығармалар­ға жұмсалған қаржы өзін ақтамайды, кино-жобалардың прокаты шектеулі. Біздің елде кез келген дарын иесі – интеллектуалды субъект. Нарықтың бұл сегментінде таланттарға табыс көзі деп қарау шоу бизнесте, спортта байқалады.

Ұлттық зияткерлік меншік инсти­ту­тының мәліметі бойынша 2019 жыл­дың соңында республикада 114 мың­нан астам зияткерлік меншік объектісі тіркелген. Бірақ солардың ішінде банк қызметіне жүгінгендері некен-саяқ. Себебі бұл үрдіс тәжірибеге енбепті. Зияткерлік меншік құқығының құнын бағалау қиын болғандықтан таланттар оған беттей алмайды.

«Болотов және Партнерлар» заң фирмасының бас­қарушы серіктесі Юрий Болотов зияткерлік меншік объектілерін өтім­діліктің төмен болуына байланысты кепілге алу банктерге тиімсіз екенін айт­ты. Банктік кепіл ретінде пайдаланы­латын зияткерлік меншіктің ең кең та­ралған нысаны – тауарлық-заттық бел­гісі бар жобалар ғана.

Кәсіби тәуелсіз бағалаушылар палатасы сарапшылар кеңесінің мүшесі Сергей Лельчуктың айтуынша, банк­терге кепілге қоятын зияткерлік меншік қатты зат түрінде болуы қажет. Себебі банктер несие қайтарылмай қалған жағ­дайда акуцион арқылы сатып, несиені жабуға болатынына сенімді болуға тиіс. Зияткерлік меншік құқын бағалаудың қиындығы да осы тұстан басталады екен. Өнертабыстар мен авторлық құқықтар сияқты басқа зияткерлік меншік құнын әділ бағалауға тек тәжірибенің жоқтығы ғана кедергі келтіреді. Өйткені нарық­тың бұл сегменті әлі қалыптаспаған. Отандық банктер арасында тек «Jýsan Bank» және бұрынғы «Сбербанктің» несиелік портфелінде осындай жобалар бар екен. Екі банк те зияткерлік мен­шік құқығын кепіл ретінде танудың мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Осы меншік құқығын несиелендіру шоу бизнесте, спортта жақсы дамыға­нын IT-сала маманы Ғани Көпжаса­­ров та растады. Оның айтуынша, біз­дегі продюсерлік, промоутерлік орта­лық­тар – соның дәлелі. Сол секілді IT-сала да бизнестің екпініне ілесіп ке­туге дайын екенін байқатты. Өйт­­кені Алматы көшелеріндегі бақылау ка­­ме­­ралары, ұялы телефондардағы қо­сым­­ша қызметтер, қоғамдық көліктер­­де­гі «Оңай» – бәрі-бәрі осы сегмент­тің өнімдері. Ал банк қызметкерлері болса, IT-жобаларға сұраныс тек компа­ниялар тарапынан, жекелеген емес, ұжым­дық келісім бойынша тапсырала­тынын айтады. Себебі компаниялар да, банктер де осы саладағы озық ой­лы мамандарды қызметке қабылдау ар­қылы олардың меншік құқығын да өздеріне жекешелендіріп алатын кө­рі­неді. Қазақстандық таланттардың жоба­лары бренд ретінде танылмай жатуы­ның, сыртқы нарықтағы сұра­нысының тө­мен болу себебі де осы. Сон­дықтан ком­пания қызметкерінің мен­шік құқын сақ­тай отырып, тәуекелін өз жауап­кершілі­гіне алса ғана идеяны әрі қарай ілгерілетудің мүмкіндігі – зияткерлік меншік иесі, компания және инвестор арасындағы келісім ғана.

«Мұндай тәжірибе Батыс елдерінде бұрыннан бар. Ресейде, Өзбекстанда енді тәжірибеге еніп жатыр. Бізге де келді. Бірақ ол – ұжымдық меншік құқығы. Мысалы, ірі банктер жобаның тәуекелін өзі көтеріп қаржыландырса, банктердің жа­нынан осы бағытта жобалармен айналысатын еншілес компаниялар ашуға болар еді. Компаниялар жақсы мамандарды жоғары жалақы беріп, жұмысқа қабылдау арқылы оның меншік құқығын да иеленіп, өздерінің мүмкіндіктерін шектеп тастап жатыр. Қазіргі жастар­дың бойында эго басым, олар табысымен де, идеясымен де көппен бөліскісі келмейді. Сол себепті өз атымен таны­луына мүмкіндік беретін орта іздеп, шетел асып жатыр. Бізге осыны түсінетін кез келді», дейді Ғ.Көпжасаров.

Осы тұста 2019 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері IT-жоба­ларды кепілге қоя отырып, субсидия алатын мүмкіндіктер мемлекеттік дең­гейде сөз болғанын еске сала кете­йік. Банктер зияткерлік меншік объек­ті­ле­рін бағалаудың бірыңғай стандарт­тары­ның болмауын алға тартса, идея авторлары ұжымдық идея ретінде ұсы­нуға ке­ліс­пепті. Демек екі араны байланыстыратын заңдық тетік әлсіз.

«Жекелеген интеллектуалдардың жеке идеясын ұжымдық идея ретінде ұсы­нуға келіспеу себебін түсінемін. Оның әрі қарай дамуына идея авторының өзі мүдделі болуы, оның ыстығына да, суы­ғына да өзі көнуге тиіс. Сондықтан келі­сім үш тараптан – жұмыс беруші, идея авторы және қаржыландырушы тараптан болуы керек. Қазір мұның мүм­кіндік­тері көп. Стартап идеяларды қаржыланды­руға дайын тұрған инвес­торлар ел ішінде де, сырт елдерде де жетеді. Сон­дықтан бұл мәселені шешпесе, жағдайды реттей алатын, сөйтіп маманды идеясымен бірге өзімен алып кететіндер сырт елдерден де табылады», дейді ол.

Қазақстандағы жалғыз крауфандинг платформасының негізін салушы, «StartTime» компаниясының бас директоры Әзиза Өтегенованың айтуынша, біздің елде краудфандинг платформасы – талант пен инвестордың арасын жалғайтын сенімді платформа.

«Бізге «Kickstarter» немесе «Boom­starter» деңгейіне көтерілуге әлі ерте. Бірақ өмірдегі барлық жетістік істі бас­таудан басталады. Бизнес-идеясы­на қаржы таппай жүргендер де, қаржы­сын қандай жобаға саларын білмей жүр­гендер де көп. Тіпті қазір адам капиталына инвестиция салу трендке айналды», дейді Әзиза Өтегенова.

Оның айтуынша, АҚШ-та, Герма­нияда атағы әлемге жайылған кейбір компаниялар краудфандинг платформалары арқылы қаржыландырылады. Краудфандинг платформаларына деген қажеттік әлеуметтік жағдайдың тө­мендігін білдірмейді. Бұл – мәдениеттің ең жоғары деңгейі. «Журналистермен кездескен сайын идеямыз ақша табуға емес, адамдардың жаңа жобаны бастауына мүмкіндік беруді мақсат ететінін айтамын. Оның коммерциялық сипатын уақыт шешеді. Біз тек аяғынан тік тұрып кетуін ғана бақылаймыз. Екі жылдың ішінде бізге 400 идея келіп түсті. Оның ішінен іріктеп, 50 идеяны сайтқа жарияладық. Сол елудің 35-і инвесторын тапты», деді ол.

Сарапшының пікірінше, мемлекет краудфандинг платформасы туралы заң қабылдауы керек. Сол кезде бар мәселені шешуге болады. Әр­бір кәсіпкер қателіктің орнын толтыр­ғысы келеді. Бұл үшін олар қайырым­дылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасауды дағдыға айналдырса, нарық алға жылжиды. Бұл зияткерлік меншік құқығының инвестор тарапынан қаржыландыру үдерісін оңтайландырады.

Қысқасы, бізде «идеямды кепілге қойып, несие алғым келеді» деп жүр­ген таланттар да, стартап идеяларды қаржыландыруға дайын инвесторлар да жетеді. Оларды тек жүйелендіру мен біріздендіру ғана қалды. Сол кезде ғана дарын идеясының жемісін қоғам, мемлекет болып сезінетін елге айналамыз. Айтпағымыз – банктер талант­тардың шығармаларына меншік құқығы деп қарап, жарыққа шығуына ықылас танытса, инновациялық жобаларды қаржыландырып, өндіріске енгізуіне мүмкіндік берсе, «таланттар неге елден кетеді?» деген әңгіме де айтылмас еді.

 

АЛМАТЫ