Ел тағдырына әрбір азамат жауапты. Шынында да, әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз елдің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды. Осы орайда елімізде кейінгі бір жылда болған саяси оқиғаларға көзқарасымды білдіру парызым деп санаймын.
Бізде толыққанды саяси реформа қашан және неден басталды? Елдік мәселені осы сұрақтан бастауымда мән жатыр. Тура бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Дәл бүгін Қазақстанның саяси өмірінде болып жатқан қадау-қадау оқиғалар өз бастауын сол Жолдаудан алғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Аталған құжат мемлекеттің шын мәнінде барлық саласын қамтыған сара стратегиялық жоспар болғанын уақыт дәлелдеп отыр. Олай дейтінім, Президент сол жолы алғаш рет елді демократияландырудың алғышарттарын айқындап берді. Ең бастысы, онда Мемлекет басшысы ел өміріне ауадай қажет саяси шешімдер мен жаңа мемлекеттік құрылымның табантірегін белгілей алды. Оның үстіне, Президент Жолдауында алдымен биліктің бір қолда шоғырлануын шектеу бағытындағы өзгерістерге ерекше мән бергені бұдан кейін іске асатын барлық игі істердің бастауындай көрінгені тағы рас.
Бірінші мәселе. Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артты. Зейнетақы мен жәрдемақы орта есеппен 15 пайызға көбейді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 500 мың азаматтың берешегі өтелді. 1,2 млн адамның тұтынушылық несиелері бойынша өсімпұлдары шығын болып саналады. 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Мемлекет басшысы білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын түбегейлі реформалауға бет алды. Ол бұл саланың маңызы арта түсетінін, тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болатынын қадап айтты. Білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсіну арқылы бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыруды міндет етіп қойды. Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу нәтижесінде осы мерзім ішінде білім мен ғылым саласына бөлінетін қаражатты бірнеше рет өсіру ұйғарылды. Бұл шешімнің аясында 2023 жылы ғылым саласын дамытуға 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп қаражат бөлінді.
Екінші мәселе. Президент мемлекеттік қызмет саласына жаңа буын керек екенін де естен шығарған емес. Бүгінде Үкіметтің үш мүшесі – Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі. Жас мамандарды басшылық қызметке көтеру бойынша жүйелі жұмыс бұдан әрі де жалғаса беретініне сенемін. Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді. Қазіргі кезде еліміздің ең маңызды салаларында, атап айтқанда өңдеу, жаңа технология, денсаулық сақтау, биотехнология, энергетика, цифрландыру және білім беру бағытында жұмыс істейтін резервшілердің санын көбейте түскен жөн. Сонымен қатар өңірдегі жастарға әлеуметтік лифтті қамтамасыз ету үшін республиканың барлық аймақтарында өңірлік жастар кадр резервтерін құру да өз жемісін берері сөзсіз.
Үшінші мәселе. Ашық сайлаудың алғашқысы ауыл әкімдерінің сайлауы болды. Ол 2021 жылдың 25 шілдесінде сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес өтті. ОСК мәліметі бойынша сайлауға 2 297 кандидат қатысты. Саяси партиялардан 878 адам, өзін-өзі ұсынған 1 419 азамат үміткер ретінде тіркелді. Дауыс беру 14 аймақта 1 847 сайлау учаскесінде өтті. Аталған тәжірибе еліміздегі сайлау үдерісінің дамуына өз ықпалын тигізіп, азаматтық қоғамның нығаюына жол ашты.
Адал әрі жүйелі қағидаттар қалыптастыруды өмірлік кредосына айналдырған Президент мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілуге тиісті әрі тиімді бастамаларды анық белгілеумен бірге саяси трансформацияның нақты жолдарын көрсетіп берді. Еліміз бір жыл ішінде көптеген демократиялық жаңғыруды бастан өткерді. Аз уақытта аса маңызды шаруалар атқарылды. Реформаны жүзеге асыру аясында Ата заңның 33-бабына (Конституцияның үштен бір бөлігі) және 7 конституциялық заң мен 15-тен аса заңға өзгеріс енгізілді. Қазақстан жаңа мемлекеттік модельге, билік пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшкенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жалпы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттарына айрықша мән берілді. Онда пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта жасақтау, мәслихаттардың рөлін күшейту, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету, партиялық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жетілдіру, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыру және азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау сияқты мәселелер кеңінен қарастырылды.
Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту жөнінде бірқатар өзгерту енгізілді. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу, Президент өзінің өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтату, Мемлекет басшысының Үкіметтің, облыс, республикалық маңызы бар қала және Астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау, аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою, Конституциялық сот төрағасын және Жоғары сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімін алу міндеттілігі және облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсыну сияқты тармақтар елдің демократиялық жолға шындап түсуіне жол ашты. Президенттен заңдар мен заңдық күші бар жарлық шығару өкілеттілігі де алынып тасталды. Егер астарына үңілсек, дәл осы норма – елімізде билікті бір адамның қолына шоғырландыруға мүмкіндік беретін шешуші тетіктің бірі. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қаржыландыру жүйесін бекіту міндеті де Үкіметке берілді.
Биылғы сайлауда Мәжіліс 70/30 қатынасында (70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтер бойынша) аралас жүйемен қалыптасты. Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар үшін императивті мандат енгізілді. Есеп комитеті Жоғары Аудиторлық палата болып өзгерді. Палата төрағасы өз жұмысы жөнінде жылына екі рет Мәжілісте есеп беретін болды. Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету жолында көптеген өзгеріс қамтылды.
Саяси реформа аясында жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалық болды. Аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайлаудың мажоритарлық жүйесі және барлық деңгейдегі облыстық мәслихаттардағы сайлаудың аралас жүйесі (пропорционалды/мажоритарлық – 50/50) және императивті мандат енгізілді. Мәслихат төрағасы қызметі енгізілді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық дербестігі нығайтылды.
Еліміздегі сот және құқық қорғау жүйесі жетілдірілді. Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгерді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметі Конституцияда жеке бап ретінде (прокуратураға ұқсас) регламенттелді. Сондай-ақ Жоғары сот кеңесі отырыстарын онлайн өткізу, конкурс қорытындысы бойынша түсініктемелерін жариялау, Алқабилер сотының қатысуымен өтетін істердің санатын кеңейту, Бас прокуратураға азаптау туралы істердің айрықша тергелуін белгілеу, Конституциядан өлім жазасын жазалау түрі ретінде алып тастау сияқты көптеген тармақ Конституцияда бекітілді. Президент азаматтық қоғам институттары, БАҚ, өңірлердегі қоғамдық кеңес өкілдерінің, партия басшыларының, Парламент депутаттарының, Азаматтық Альянс басшылығының, халық пен сарапшылардың қатысуымен Ұлттық құрылтай институтын құрды. Оған ауыл өкілдерінің енуі көңіл қуантады. Алғашқы басқосу Ұлытауда өткізілуі де – тарихымызға бет бұру болғаны басы ашық нәрсе.
Әлемде болып жатқан сын-қатерлерге қарамастан, Ата заңға батыл өзгерістер енгізілуі және реформаның негізгі мәні – билік өкілдері мен бұқара арасында нақты нәтиже беріп, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуға арқау болатын екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Аймақтық, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділігін жетілдіру азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуды көздейді.
2022 жылы жазда өткен референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сай биліктің барлық тармағын реформалауды батыл жүргізді. Президенттің бұл бастамасы халықтың қолдауына ие болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Адам құқығы мен бостандығын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.
Референдумнан кейін Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде елімізде осындай бес саяси науқан өткізілуі – Президенттің елімізде саяси реформаны тезірек жүзеге асырғысы келетінінің бірден-бір көрінісі.
Геосаяси тұрғыдан алғанда өте күрделі кезеңде өткізілген осы трансформация қысқа мерзімде іске асқанын халық жаңару жолындағы жетістік ретінде қабылдады.
Мемлекет пен қоғам дамуының жаңа саяси бағыты бірінші кезекте билік пен мемлекеттік басқару институттарына қатысты болды. Бұл жерде биліктің барлық тармағының, соның ішінде Президент өкілеттігіне қатысты ел заңнамасындағы өзгерістер – маңызды қадам. Билікті орталықсыздандыру өңірлердің, ондағы тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл өз нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейінің артуына ықпал етеді. Маңызды саяси өзгерістер барша қазақстандықтарға, олардың мәртебесіне, қоғам мен мемлекеттегі жағдайына қарамастан тікелей қатысты екені даусыз. Сондықтан да жаңару мен жаңғыруды әркім өзінен бастауға тиіс.
Мемлекетіміздің болашағы тек реформамен емес, біздің азаматтық ұстанымымызбен де айқындалады. Себебі ел тәуелсіздігі – бәріміз үшін басты құндылық.
Мемлекет басшысы ел басқару ісіне халықты көбірек тартуды қарастырып отыр. Алдағы уақытта Президент түрлі ұлттық жобалар мен стратегиялық құжатты талқылауға үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен араластыруға тікелей жол ашуды көздейді. Мұның өзі билік пен халық арасындағы алтын көпірдің іргетасын одан әрі нығайта түспек. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту мен әкімдерді таңдау, жаңа партияларға жол ашу, адам құқықтарының қорғалуын жетілдіру секілді нақты қадамдар іске аспақшы. Осының бәрі – Қазақстанның болашаққа нық қадам жасауы үшін маңызды шешімдер.
Елімізде саяси реформаларды тезірек іске асырмайынша ауқымды экономикалық даму да, азаматтық қоғам қалыптастыру да, ең аяғы тәуелсіздігімізді сақтау да мүмкін емес. Инклюзивті саясат инклюзивті экономикаға алып келетіні дау тудырмайтынын естен шығармасақ, барлық шаруаны рет-ретімен аптықпай іске асыруды мақсат тұтқан Президенттің бастамаларын жүзеге асыру тек республикалық атқарушы органдарға ғана емес, сонымен бірге қоғамның әрбір мүшесіне тікелей қатысты.
Президент реформа тек «реформа жасау керек» деген қасаң қағида үшін емес, әр адамның жарқын өмір сүруі үшін жасалуы тиіс екеніне басымдық бергені де көзбояушылықтан іргемізді алыстата бастағанымызды білдірсе керек. Алдағы уақытта жергілікті жерлерге көбірек өкілеттіктер беріліп, бюджет пен басқа да қаржылық көздерді өздігінен пайдаланатын болды. Шынында да, жергілікті проблемаларды аудандық және ауылдық деңгейдегі билік өзі шешуді үйренгенде ғана алға жылжитынымыз – басы ашық ақиқат.
Саяси реформаның түпкі мақсаты – елде саяси бәсекелестік ортаны қалыптастыру. Енді біздің алдымызда Мемлекет басшысының «Біз өзіміздің басты игілігіміз – Тәуелсіздігімізді сақтауға, ұлттық бірегейлік негіздерін бекемдеуге, елімізді трансформациялауға жұмылуға тиіспіз» деген ұстанымы аясына топтасып, ел бірлігін нығайту міндеті тұр.
Енді жақында ғана болып өткен саяси науқанға аз-кем тоқтала кетсем. Биылғы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы да конституциялық реформаға сәйкес саяси жүйені жаңғыртудың бір кезеңіне айналды. Сайлау саяси жүйені біртіндеп қайта форматтауға ерекше ықпал етті. Қатысушы партиялардың саны артуы мен аралас жүйенің енгізілуі сайлау додасында үміткерлер арасында бәсекені қыздыра түсті. Бұрын сайлауда халық қандай да бір таңдауын партия арқылы нақтыласа, осы жолы мажоритарлық жүйе арқылы да үздік үміткерді анықтады.
Жаңа саяси жағдай билік органдарының қоғам пікірі, көзқарасы мен сұранысына құлақ асуын қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етті. Азаматтық белсенділік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бұл маңызды қадам саяси жаңғыру курсын сенімді және дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау жүйесі заң шығарушы органдарда әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мүмкіндігін кеңейтті. Мұндай жүйе көппартиялы саяси ортаның кеңеюіне жағдай туғызды.
Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді. Сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Халықтың арасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын қозғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік берді.
Сайлау жергілікті мәслихаттардың жұмысына үлкен өзгеріс әкелгені сөзсіз. Себебі ауданға өткен депутат өзінің жұмысын толыққанды атқара алмаса, сайлаушылар өздерінің шағымдарын бере отырып, депутат мандатын кері қайтара алады. Облыста да солай. Бұл – өте дұрыс механизм. Қоғам тарапынан бақылаудың тиімділігі артатыны даусыз. Мәслихат депутаттары тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәжілісте өңірлердің үні енді айқынырақ шыға бастайды. Аралас сайлау жүйесінің басты артықшылығы – әрбір азаматтың сайлауға қатысу мүмкіндігін арттырды. Бұрын кейбір заңнамалық идеяларды ілгерілету үшін партия мүшесі болуымыз керек болса, енді оны партияға қарамастан, дербес жүзеге асыруға болады.
Әділетті Қазақстан құру – ел азаматтарын жалпыға ортақ міндетке жұмылдыратын стратегиялық мақсат. Саяси өзгерістер қоғамның белсенді қатысуынсыз жүзеге аспайды. Конституциялық реформа ел тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Бұл қадамдар соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайтудың негізін салды. Қабылданған заңдардың бәрі Әділетті Қазақстан құрудың құқықтық іргетасын қалады.
Мемлекет басшысы жаңғырту жөніндегі күн тәртібінің маңызды бағыты ретінде дарынды, білікті адамдарға, өз халқы мен елінің шынайы патриоттарына жол ашуға тиіс қағидаға құрылған жаңа кадр саясатын айқындады. Президент енді мемлекет басқару ісіне қоғамның неғұрлым ауқымды топтарын заңнамалық деңгейде тарта бастады. Келесі кезекте жергілікті өзін-өзі басқару институтын кезең-кезеңімен нығайту үдерісі тұр.
Осы орайда 19 сәуірде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы ауқымды саяси өзгерістердің алғашқы кезеңі аяқталғанын айта келіп, енді елімізде қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керектігін мәлімдеді: «Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады».
Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Қоғамдық белсенділіктің жаңа алаңы құрылды. Сондықтан да саяси реформа елдігімізді жаңғырту үлгісіне айналды деп батыл айта аламыз. Ең бастысы, алға қойған мұрат-мақсаттарға қол жеткізуге бізде қажетті саяси ерік-жігер молынан табылады. Енді тек халықтың жағдайын жақсартатын нақты нәтижелер керек.
Хакім Абай айтпақшы, «адамның адамшылығы істі қалайша бітіргендігінен емес, қалай бастағандығынан білінеді». Дөңгеленген дүние дүрмегінде батыл бастама оңайлықпен келмейді. Ол үшін ел басқарып отырған тұлғаға үлкен ерік-жігер мен халыққа деген шынайы сүйіспеншілік керек.
Күрделі кезеңде халықтың басын біріктіретін құндылықтар әділдік, шындық және адамгершілік екені белгілі.
Сондықтан Мемлекет басшысының халық болашағы жолындағы шешімді қадамдары бәрімізді әділеттікке, бірлікке, өркендеуге бастайтыны сөзсіз.
Бүгінгі мемлекетіміздің дамуы – сындарлы саясат пен елдік ынтымақтың арқасы. Сондықтан да бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай.
Бердібек САПАРБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері