Отандық оқушылар АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен дүниежүзілік «FIRST World Championship» чемпионатында үш аталымда үздік атанды.
6 жастан 10 жасқа дейінгі ең жас санаттағы алматылық «Adeptus Mechanicus» командасы жоғары ынта-жігері, ынтымақтастық рухы және өзара сыйластығы үшін «Core Values Award» марапатын иеленді. Бастауыш сынып оқушыларының инновациялық жобасы мен техникалық әзірлемелері үздіктердің қатарынан табылды.
«Play 4 Energy» командасының сапында өнер көрсеткен «LEAS» мектебінің оқушылары 10-16 жас аралығындағы орта санаттағы «Robot Design Award» жоғары техникалық сыйлығын жеңіп алды. Олар күрделі тапсырмаларды орындай алатын берік әрі тиімді робот жасау арқылы тамаша бағдарламалау және инженерлік дағдыларын паш етті.
12 жастан 18 жасқа дейінгі жоғары санаттағы «Motivate Award Finalist» төрешілердің ерекше марапатына Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің «AENTA» командасы ие болды. Роботтардың керемет ойынын жасаумен қатар, балалар «STEM» мәдениетін белсенді түрде насихаттап жүр және өз мектептерінде «FIRST» негіздерін енгізген. Халықаралық қазылар алқасының мүшелері атап өткендей, бұл команда әлемдік аренада жоғары кәсібилік көрсетті. Айта кетейік, бұған дейін оқушылар тегін фестивальдар мен тренингтер өткізіп, өз құрдастарына роботтехника мен бағдарламалау негіздерін үйреткен болатын.
– Оқушылар тамаша нәтижелер көрсетіп, еліміздің абыройын асырды. Шәкірттеріміздің жеңісіне ықпал еткен жандарға алғысымыз шексіз. Бұл Қазақстандағы «STEM» дамуындағы үлкен әрі жемісті жолдың басы ғана, – дейді «USTEM Robotics» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет.
Еске сала кетейік, біздің құрама осы жылдың ақпан айында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен «FIRST Central Asia» Орталық Азия ойындарында жасақталған болатын.
– Жарыста 110 елдің өкілдері бақ сынады. Балаларымыздың жоғары кәсібилік көрсетіп, лайықты марапаттарға ие болғанына қуаныштымыз. Олардың жарқын жеңістері өзге оқушылар үшін мотивация болары даусыз, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Педагогикалық шеберлік зертханасының жетекшісі Айгүл Қарақұлова.
Роботтехника бойынша әлемдік чемпионатқа барлығы 36 мың бала қатысқан. Ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғады.