• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2014

Мықтыны шаршы алаң анықтайды

394 рет
көрсетілді

Алматыда бокстан ересектер арасында өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» IV халықаралық турнирінде 10 қазақстандық боксшының алтауы келесі айналымға шықты. Турнирдің бірінші күні төрт боксшымыз қарсыластарына есе жіберіп алды. Ең жеңіл, яғни 49 кг салмақта Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов, Әділет Құрметов (52 кг), Ерлан Тәмемов (52 кг) пен Алмасбек Орынғалиев бірінші айналымда жеңіліп қалды. Ал басқа боксшыларымыз Жомарт Ержан (49 кг) моңғол Гангарада Ганерденнен, Ілияс Сүлейменов (52 кг) тәжік Зайнуддин Ходжамкуловтан басым түсті. Сол сияқты Берік Әбдірахманов (60 кг) Қырғызстан чемпионы Акжол Суйламбек уулуны, Зәкір Сафиуллин (60 кг) әзербайжан Ариз Ибрагимовты ұтты. Команда капитаны Данияр Елеусінов (69 кг) пен ресейлік Дмитрий Муратовтың жекпе-жегі өте тартысты өтті. Бірінші раундта біздің боксшымыз нокдаунда да болды. Алайда, соңғы екі раундта Данияр өзін тез жинап, ресейлік боксшыны сабап тастады. Бұл кездесу 3:0 есебімен Елеусіновтің басымдығымен аяқталды. 81 кг салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Әділбек Ниязымбетов те ресейлік қарсыласын қуып жүріп сабады десе болады. Ол да Евгений Вороновты 3:0 есебімен ұтты. Кеше Қазақстан құрамасынан шаршы алаңға Ержан Ордабаев (56 кг), Берік Әбдірахманов, Зәкір Сафиуллин мен Дархан Жұмсақбаев (60 кг), Алмасбек Әлібеков, 2011 жылғы Азия чемпионы Айдар Әмірзақов пен Асланбек Шымбергенов (64 кг), Азия чемпионы Антон Пинчук, Аскар Абдуллаев пен Алексей Севостьянов (91 кг-дан жоғары) шықты. Олар  ресейлік Зинат Жандыбаев, Дмитрий Черняк (Украина), Отгондалай (Моңғолия), Чарли Саурез (Филиппин), Иван Данча (Украина), Сахм Каррар (Ирак), Эдуард Хусаинов (Ресей), Яргал Отоняргал (Моңғолия), Сергей Радченко (Украина) мен Кордова Херихпен (Куба) қолғап түйістірді. Бұл турнир Халықаралық бокс қауымдыстығының қамқорлығы аясында өтіп жатыр. Қазақстан  Бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаевтың айтуынша, болашақта «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» турнирін АИБА-ның «А» сыныпты турнирлер күнтізбесіне енгізу көзделіп отыр. Егер турнир «А» сыныпқа енгізілсе, онда оған болашақта 20-дан астам елдердің боксшылары қатыса алады. Ал әзірге оған әлемнің 12 елінен 106 боксшы қатысуда. Биылғы турнирдің жүлде қорына келсек, оның жеңімпаздарына 4 000 доллардан табыс етіледі. Екінші орын алған жүлдегерлер 2000 доллардан алса, қола жүлдегерлерге 1000 доллардан беріледі. С.Қонақбаевтың айтуынша, біздің боксшылардың осы турнирде кем дегенде 5 алтын медальді жеңіп алуға мүмкіндіктері бар. Өйткені, отандастарымыз турнирге  үш құраммен қатысуда. Олардың дайындығы да жақсы. – Биылғы жарысқа Қазақстан құрама командасының үш құрамы да қатысуда. Ондағы мақсат – команданың алдағы қыркүйек айында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарына дайындығын байқау. Содан кейін боксшыларымыз Түркияның Анталья қаласына барып, екі апта демалып қайтады. Ал 2015 жылдың тамыз айында нағыз дайындық бас­талады. Осы кезден бастап бокс­шыларымыз Олимпиадаға жолдама беретін әлем чемпионатына қатысуға дайындалады, – дейді С.Қонақбаев. Дастан КЕНЖАЛИН,                   «Егемен Қазақстан».