ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов GPark құрылыс компаниясына тиесілі «Дублин» және «Вашингтон» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Журналистер елорданың бұрынғы әкімінен қабылданған шешімнің себебін сұрады.
«Ешкім бетімен жібермеді. Мұны әкімдіктен егжей-тегжейлі анықтау керек. Құжаттарды ақтарып, тексеру керек. Менің білуімше, бұл - екі шаруашылық субъектінің дауы. Инженерлік желілер бөлімшелерінің мамандары рұқсат берген кезде бір-бірімен келіспеушілік болған. Менің білетінім осы. Әкімдіктің хабарлауынша, дау шешілді, екі мекеме келісімге келді, тұрғындардың ешқайсы зардап шеккен жоқ. Әуелі сәулет-жоспарлау міндеті, инженерлік желілерге техникалық шарттарды шешу орындалады. Бірақ құрылысқа рұқсат қағазы берілмейді, бірнеше жыл бұрын жойылды. Хабарламадан кейін құрылысшы құрылысты бастайды, кейін әкімдікке хабарлайды», деді Алтай Көлгінов
Ол сондай-ақ GPark басшысы Ғабит Сәтмағамбетовты алдын ала кінәламауды сұрады.
«Мен әкім болып, әкімдікте жұмыс істеген кезімде GPark өте адал жұмыс істеді және өзін әлеуметтік жауапты бизнес ретінде ұстады. Бұл көптеген мұқтаж адамға көмектесті. Мен мұны тек осы жағынан білемін. Мұнда бөліну жоқ. Бұл - екі шаруашылық жүргізуші субъектінің дауы. Әкімдік бұл жұмысты үйлестіруі керек», деп толықтырды Алтай Көлгінов.