• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 25 Сәуір, 2023

«Бөстек»

487 рет
көрсетілді

Сәбит Мұқановтың музейіндегі қонақ бөлменің төрінде жатқан аюдың терісіне алпыс жылдан астам уақыт өтіпті. Айтсаң, аңыз сияқты.

Бұл аюдың терісін жазу­шы­ға 1960 жылы Тарбағатай өңіріне барғанда Үшқұдық елді мекенінде Дөненбай есімді жас шопан сыйға тартқан. Шопан жігіт га­зет­тен сүйікті жазушысы Шығыс Қазақстанға келетінін оқиды. Қаламгердің алпыс жыл­дық мерейтойына осы аю терісін сыйлауды жөн көреді. Аудан басшыларының ортасында тұрған қаламгерді бірден таныған ол жиналыс бітіп, жұрт тарап жатқанда Сәбеңе амандасып, қолындағы қапқа са­лынған аюдың терісін сый­лапты. Жазушы мұнда бір сырдың барын се­зіп, мән-жайын сұрайды.

Дөненбай айы-күні жеткен әйелін аудан орталығына апару үшін кешкі салқынмен жолға шығып, екеуі де шөл­деген соң, сол маңдағы жа­қын ауылға су алып келуге ке­­теді. Ауылға жеткенде жер­гі­лікті тұрғындар қазір ғана қойларына аю шапқанын айтып, дүрлігіп, шуылдасып жатады. Мұны естіген шопан әйелін қалдырып кеткен топ жыңғылға жанұшыра жүгіріп жетсе, қызыл қанға боялып, ауыр жарақаттан көз жұмған Қарлығашты көреді. Жігіт ұзақ уақыт аңдып жүріп, әлгі аюды өзі атып алған.

Сәбеңе: «Сізге тартуға алып келгенім сол аюдың терісі. Мың жасаңыз. Үйіңізде, ая­ғыңыздың астында жатсын. Те­уіп-теуіп қойыңыз, сонда менің кегімнің қайтқаны деп бі­лемін», деген екен. Кейін Сәбеңнің ықпалымен Дө­нен­бай Алматыға келіп, инс­титут бітіріп, кеңшарда мал дәрігері болып жұмыс іс­тейді. Бірде Сәбеңнің үйіне қонаққа келген өзбек жазушысы Насыр Фазылов төрге шыға бере көзі аюдың терісіне түсіп, мән-жайын сұрап білген екен. Ол Тар­бағатайдағы аяу­лы келін­шектің түбіне жеткен, оның болашақ перзентінің өмі­рін қиған, ал шопан жігіт Дөнен­байдың арманын өшірген осы аю жайында «Бөстек» атты әңгімесін жазған көрінеді.

 

Жанар ТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов  әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері

 

Алматы