• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Сәуір, 2023

Шаханов Шыңжаңға барғанда...

306 рет
көрсетілді

Өткен күндерге қайырыла қара­сақ, бәрі – ностальгия. Мен 2008 жылы Үрімжі қаласының маңында орна­ласқан Санжы дейтін шаһардағы уни­вер­ситетте студентпін. «Мұхтар Шаханов Шыңжаңға келеді екен» деген хабар тарағалы біз күн санай бас­тадық. Мақсатымыз – Шахановты өз көзі­мізбен көру. Себебі, ол кезде қытай қазақтары арасында Абай мен Мұқағали Мақатаевтан кейін Мұхтар Шахановтың өлеңдері көп оқылды.

Кітаптары кемінде 4-5 рет қайта басылды. Рухты өлеңдердің күші ме, әлде басқа ма, әйтеуір Шыңжаңдағы қазақтар Шахановты жастанып оқы­ды. Талай студент жастар қыздарға Мұхтар Шахановтың өлеңімен хат жазды, әри­не, өз өлеңі ретінде. Осылай ақын есімі әр жүректің төрінен орын алды.

Хош, Шаханов келетін күн де жет­ті. Ол кезде мен ағылшын тілі инс­ти­тутында оқимын, әр күні сағат жеті мен тоғыз арасында кешкі оқу бар, ақын­ның кешіне бару үшін сол сабақ­тан сұрануым керек. Біздің же­тек­шіміз қытай профессоры, ол Мұхтар Ша­хановты білмейді, амал жоқ, басқа «клас­сикалық» сылтау тауып, ақыры Үрімжідегі Халық са­райы ғимаратына жеттік. Аңыз ақын­ның өлеңін тыңдауға келген халық­тың қарасы нөпір. Тіпті, ең соңғы қа­тардан алған орнымызды үл­­кен кісі­лерге бердік те, түрегеп тұрып, ­кеш­ті тамашалауға дайындалдық.

Санаулы сағат та келді. Бірақ Мұх­тар Шаханов әлі жоқ. Алты мыңға жуық халық анда-санда шапалақ ұрып, Шахановты іздеді. Ешкім келмеді. Кү­бір-күбір әңгіме көбейген соң, ұйым­­­дас­тырушылардың бірі Мұхтар ақын­­ның жолда келе жатқанын айтып, үміт отын жақты. Арада тура елу минуттан кейін көк костюм киген, шашын артына қайыра тараған, орта бойлы кісі ел алдына шықты. Иә, Мұхтар Шаханов – осы, тура сол кітаптан көр­ген бейне қазір көз алдымызда тұр.

Зал сілтідей тынып тұр. Мұхаң айна­ласына барлай қарады, осыншама халықтың өлең тыңдауға жиналарын күтпесе керек, алғы сөзін кешірім сұраудан бастады. «Айналайын, ақпейіл халқым, мені кешіріңіздер, тегінде мен кешікпейтін адам едім, бірақ сіздердің елдің заңы басқа екен, оның үстіне мен қазір Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкі­летті елшісімін, ондай лауазымдағы адам бұл жаққа алдын-ала айтып, хат жазып, арнайы шақыру­мен келуі керек екен, мен оны қайдан білейін?», деп ағынан жарылды. Халық жылы қарсы алып, қошеметін аямады.

Әрі қарай ақын бірнеше өлеңін іркес-тіркес оқып, қара өлеңге құмар жұртты бір серпілтіп тастады. Со­сын Мұхаң Шыңғыс Айтматов туралы есте­ліктерімен бөлісіп, екеу­ара достық­тарын, ұлы жазушының өнер­дегі биік мәртебесі хақында әңгі­меледі. Өз кезегінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жастар өлеңдерін оқыды. Қатты тебіренген Мұхаң: «Мен дүниенің әр түкпіріне барып жүрген ақынмын, бірақ өлең тыңдаймыз деп жиналған мынадай көп халықты бірінші рет көріп тұрмын», деп көңілдегі сөзін айтты.

Жыр кеші белгіленген уақыттан бір жарым сағат кейін аяқталды. Көрер­меннің Мұхтар Шахановты жібергісі жоқ. Тіпті, арнайы жасақты бұзып-жарып өтіп, ақынмен амандасуға, суретке түсу­ге, қолтаңба алуға ағыл­ған­дардың қарасы мол болды. Бірақ оларды күзет қыз­мет­керлері ары өткіз­беді. Амалсыз қал­ған қазақ жастары Мұхтар Шаханов қон­ған қонақүйге қарай ағылды. Сол түні ақын өзін іздеп бар­ған 300-ден астам қазақ жастарына, патша көңіл оқыр­манына қолтаңба бе­ріп, таңғы төрт­тің шамасында Алматы­ға ұшып кет­кенін естідік. Бұл нені біл­діреді? Бұл – қазақ­тың қара өлеңінің сансыз жүрекке жарық түсіргенін, ақындардың бұрын да, қазір де елдің сөзін айтатын, мұңын жоқтайтын ту ұстары екенін айғақтайды.

Сол сапарынан кейін Мұхтар Шаха­нов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басын­дағы аңшының зары» деген кітабы қытай тіліне аударылып, басылып, Шан­хайда өткен кітап-көрмеде ар­найы таныстырылымы өтті. Міне, осы­ның бәрі алыста жүрген ағайынның, есті оқыр­манның қара өлеңге, Мұхтар Шаха­новтың шығармашылығына деген шексіз махаббаты.